Шешуші сын алдында...
Жарыстың өткен жылғы жеңімпазы Словенияны біздің жігіттер ұтқаннан кейін ресейлік БАҚ өкілдері «Гранаткин мемориалында» чемпион жаңаратын болды деп жар салды. Ол әрине, Қазақстан құрамасының арқасында. 2:0 есебімен сенімді түрде чемпиондарды жеңгеннен кейін, өз-өзімізге сеніммен қарай бастадық. Жартылай финалға шыққанымыз біздің үздік төрттіктің қатарында екендігімізді ұқтырады. Одан бөлек біз медальдың да сыңғырын ести бастадық. Дегенмен бұл турнирде үшінші орын үшін де талас болатынын ұмытпайық. Алда біздің команданы кем дегенде екі ойын күтіп тұр. Финал немесе үшінші орын үшін талас. Әрине, финалды аңсаймыз, армандаймыз...
Екінші жартылай финалдың да жұптарын айтайық. Болгарияны 3:0 есебімен ұтқан Ресей құрамасына қарсылас болып пенальти сериясында Словакиядан басым түскен (1:1 негізгі уақыт, 3:2 пенальти сериясы) Санкт-Петербург командасы түсті. Бұл команданы кейбіреулер «Зенит» деп жазып жүргенімен, ресми түрде ұжымның жарыстағы атауы «Санкт-Петербург» құрамасы. Сонымен, екі ресейлік команда бір-біріне қарсылас атанды. Екінші жағынан бір финалистің ресейлік болатыны жергілікті жанкүйерлерге қуанышты жағдай.
Біздің команда ішіндегі жағдайға тоқталып өтсек. Словенияны өткеннен кейін ұландарымыздың көңілдері көтерілді. Киім шешетін бөлмедегі атмосфера әлеуметтік желілерге тарап, футболшыларымызға жанкүйерлер тарапынан мақтау сөзі айтылды. Алайда, бас бапкер Александр Кузнецов команда мүшелерінің түгел ұялы телефондарын жинап алған. Ешкім ешқайда шықпаған, аяқдопшылар тек қана жарысты ойлау үшін осындай қиын жағдайға түсіп отыр.
Грекия тәртіпті көп бұзып, матчтың берекесін қашыратын команда. 11-ші нөмірдегі шабуылшысы Константинос Афанасиос турнирдегі ең белсенді ойыншы. Ол 2 гол соғып, 2 сары қағаз алды. Ассистенттігі де бар. Бұл шабуылшыны тұсаулап ұстау қажет. Турнир басталған кезде, алғашқы ойында олар Тәжікстаннан жеңілді. 55-ші минутта пенальти соққан тәжіктер сол күйі қорғанысқа жатып алды. Алғашқы ойында алаңды сезе алмай, турнирді сәтсіз бастаған гректердің бұл нәтижесі негізі кездейсоқтық болды. Одан кейін Эстония мен Болгарияны 4:0 есебімен біркелкі жеңді. 1/4 финалда Латвиямен 0:0 есебімен тең түсіп, пенальти сериясында 8:7 есебімен басым түсті. Демек, қарсыласты бағаламауға бізде ешқандай негіз жоқ.
Қазақстан U19 – Грекия U19 ойыны 18-ші қаңтар күні Астана уақытымен 19:30-да басталады. Ойынды біздің сайттан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |