Главное Маңызды
22 нояб. 2024, 16:42
127
Решением Судейско-экспертной комиссии арбитры матча десятого тура Чемпионата Казахстана по футзалу АФК «Кайрат» – «Атырау» (1:0) отстранены на два месяца, сообщает корреспондент KazFootball.kz со ссылкой на официальный сайт АФК.
22 нояб. 2024, 15:48
146
Во время турнира по футболу среди школ города Рудного арбитр поднял на ребенка руку за русский мат, сообщает корреспондент KazFootball.kz со ссылкой на Telegram-канал «HALYQSTAN».
21 нояб. 2024, 20:40
376
Депутат Мажилиса Павел Казанцев оправдал наставника сборной Казахстана Станислава Черчесова после провала в Лиге Наций и эмоционально обратился к болельщикам, сообщает корреспондент KazFootball.kz со ссылкой на «Sportnews.kz»:
21 нояб. 2024, 17:17
409
Спортивный директор «Астаны» Игорь Павлюк рассказал о подготовке столичных к финальному матчу Кубка Лиги против «Жениса», сообщает корреспондент KazFootball.kz со ссылкой на официальный сайт QFL.
21 нояб. 2024, 11:13
2116
Аким Кызылординской области Нурлыбек Налибаев высказал свое мнение по поводу финансирования «Кайсара», сообщает корреспондент KazFootball.kz:

Бағдадқа барғанда...\жалғасы\

19 янв. 2017, 22:50 | 3771
Енді естірту керек. Естірткенде де анасынан айырылып отырған ойыншы есінен танып қалмайтындай етіп айту керек. Тілдей қағаз Вахид Масудовтың қолында еді. Бас бапкер мұнда да жауапкершілікті өзіне артты. Өзгеміз қасына ердік. Жүрегі сезеді дегенді мана айттық қой. Шынымен де солай сияқты. Юраның есігі ашық тұрды. Әлдекімді тосқандай. Төсегінде отыр екен. Ұшып тұрды. Көздері боталап тұр. Түсінді. Бас бапкерді бас салды. Масудов жұбатып жатыр. Сабырлы екен. Тез есін жиып, қиылып сұрады.

«Анамды естіртуге келдіңіздер, ия?». Сол сәтте байқадық. Жүзінде үміт пен күдік қатар тұрды. Көмескі болса да үміт. Өйткені ешкім естірткен жоқ, әлі. Вахид Масудов басын изеп, қайта құшағына тартты. «Анаң, Юра, анаң қайтыпты. Иманды болсын. Айтпауға дәтіміз шыдамады. Сен үлкен жігітсің ғой. Өзіңді ұста. Бізге де қиын. Түсінесің ғой». Қайсар жігіт екен, Юра. Көзінің жасын сүртті. Терең күрсініп алды да, әлсіз езу тартты. «Қызық, түсімде көрдім. Анамның дүниеден қайтқанын естіртіп жатыр екен. Оянып кеттім. Содан мазам болмады. Есік ашылса, елеңдеп отырдым. Әне-міне хабаршы кіріп келердей. Шын болып шыққаны ма, түсім секілді еді ғой. Мама, мені кешір». Қиын екен ғой. Қиырда кісі өлімін естірткен.

Алда шайқас күтіп тұрды. Шынында да шайқас. Ирак футболшылары білетін еді. Қазақстанға қиынға соғатынын. Мейлінше ұпай жинауды жасырмай айтып жүрді, олар. Тіпті біздің құраманы ірі есеппен ұтуға бел байлаған. Қырық бес мың көрермен алдында көсіліп ойнайтыны анық қой. Көшеге шықтық. Жапон фототілшісі ілесті. Келгелі бірге жүрміз. Айтпақшы, қызық болған. Келген күннің ертесінде. Жапон жігітімен танысқан кезде. Ұсыныс айтты. Көше аралап қайтуды жоспарлапты. Ол фотоаппаратын, мен видео камерамды асынып, шықтық. Шықтық да жан-жақты объективке іле бастадық. Қайдан келгенін байқамадық, сақшы тоқтатты. Бұл елде көшені де, ғимараттарды да, талды да, дарақты да суретке немесе таспаға тартуға болмайтынын ескертті. Ескертті де жөніне кетті. Жапон жігіті айтып жатыр. «Тісқаққан тілшімін. Көрмегенім жоқ. Отты жерлерден де «өлтіріп» кадр жинағанбыз. Анау кетіп қалды. Енді кедергі жоқ, түсіре бер». Өзі іске кірісті. Біз іркіліп қалдық. Бөтен елдің заңы басқа, иттері қара қасқа. Табан астынан тағы бір сақшы шыға келді. «Кешірім өтінем. Түсіруге тиым салынған». Ол да кетіп қалды. Екі көше айналғаннан кейін тісқаққан тілші аппаратын қайта қолына алды. Шүріппені енді басып еді, тағы да алдымызда сақшы тұрды. Тұрған жоқ, аппаратты жұлып алып, ішін аршыды да керегін тауып, жерге ұрды. Сүйегін иесіне қайтарды. Енді Тигр бойлап, жағасындағы қонақүйге тартудан өзге қызық жоқ еді.

Күндегі дағды. Таңғы шайды ішкеннен кейін поштаға барамыз. «Хабар» күтіп отыр. Хабар-ошар тұсатын жұртың тағы бар. Телефон арқылы қосыламыз, эфирге. Мұнда да қызықтар күтіп тұр екен. Алғашында әрең таптық. Анау жол сілтейді, мынау жөнін түсіндіреді. Сабылып ідейміз. Таппаймыз. Қолымыздан жетектеп, кіргізгенде ғана білдік. Бас поштаның осы ғимарат екенін. Ғимарат деуге келмейді. Бұрын болса болған шығар. Қазір сау тамтығы жоқ. Снаряд мүжіген, оқ қажаған. Оң жағына таман екі-үш телефон будкасы бар. Сол тұста оператор тұрады. Орындығы да жоқ ау, осы. Қашан барсаң қақиып тұрғаны. Алматыдағы нөмірді жазып бердік. Минут өткен жоқ. Қосып берді. Ақпартты айттық, жаңалықты жеткіздік. Төлеу керек, енді. Қағазын жазып берді. 18 доллар. Кесек 20 доллар ұсындық. Артығын қайтарды. Келесі күні тағы келдік. Сол шамада сөйлестік. Төлем қағазын күтіп тұрмыз. Сойдақтатып жаза бастады. Саусақ арасына кесек жиырмалықтың бірін қыстырып алғанбыз. Ұсына бердік. Тағы бер дегендей, қолын жаяды. Қағазға қарасақ, елуден асып кеткен. Үніміз өзгерді білем, мүмкін түріміз де. Анау еңкея беріп, автоматын жұлып алды. Әлденені айтып, қаруының құлағын қайырып жатыр. Қолды қалтаға сүңгітіп жіберіп, қобыратып алып шықтық. Керегін алды, қалғанын қайтарып берді.

Тілектің бөлмесіне қайта ағылдық. Масудов шақырыпты. Делегация құрамы толық жиналғанда бас бапкер сөз алды. «Юра бөлмеме келді. Юнусович, мені ойынға қойыңызшы, өнерімді анама арнағым келеді. Қорықпаңыз, ұятқа қалдырмаймын. Стадионға анам келіп, қарап отырғандай әсерде жүремін, барымды саламын, шын айтамын, Юнусович деді. Не айтасыздар?». «Шешім өзіңде, Юнусович». «Олай болса қақпаға Новиков тұрады». Елде естіген едік. Бірақ ол жылқыға қатысты. Бәйге аттары иесінің қайтқанын сезеді екен, келесі жарыста әруаққа шабады. Үнемі топ бастап, мәреге бірінші келеді. Бірақ өтпейді. Төрт аяғын тіреп тұрып алады, сосын ұзақ кісінейді. Иесін еске алып... Сол әңгіме еске түсті. Новиков да мықты тұратын шығар...

Ойынға санаулы сағат қалды. Ирак пен Қазақстан арасындағы матч. Алаң иелеріне ұпай әбден керек. Бізге де теріс болмас еді. Бас бапкер жиын өткізді. Кездесу алдындағы нұсқау. Көп сөйлеген жоқ. Шамамен былай деді: «Бәрің де түсініп отырған шығарсыңдар. Сонау жерден осы ойын үшін келдік десек те болады. Мына бір сөзді айтқым келеді. Допқа, қорғанысқа мұқият болыңдар. Шабуылға да. Ең бастысы өздеріңді ұстаңдар. Бүгін бәрі болуы мүмкін. Тобықтан қағу, шалып кету, тіпті кеудеңнен түйіп қалу. Оған мән бермеңдер. Төрешінің әміріне мүлтіксіз бағыну керек. Ол қателесті деп ойласаңдар да. Қайталап айтамын, мінездеріңе де мұқият қараңдар». Сәлден кейін біз отырған автобус ыңыранып, орнынан қозғалды.

Жолдары жоталы, төмен бе. Жүгі ауыр ма. Әлде өзі дімкәс? Біздің көлік ыңыранып келеді. Іште үнсіздік. Сілтідей тынған сәт. Әркім өз ойымен алысып отырғандай. Юрий Новиков көзін жұмып алған. Игорь Авдеев әлденеге күлді. Руслан Балтиев терезеге қарап келеді. Асқат Қадырқұлов күбірлеп отыр. Ішінен өлең айтып келе ме? Масудов ой құшағында. Рафаэль Оразбахтин де ойланып отыр. Алмас Құлшынбаев пен Ерлан Елеусіновке қараймыз. Нұрмат Мырзабаев та сол тұста. Салмақ осыларға түседі. Ирак шабуылдайды ғой. Самат Смақов та салмақты. Олег қайда? Литвиненко? Артымыздағы орындықта екен. Іздегенімізді білді ме, арқадан қағып қояды. «Қалыңыз қалай?». «Әзірше дұп-дұрыс». «Дұрыс болады, бәрі де». Сөзі дәрі жігіт. Үнемі күліп тұрады. Көзі күлімдейді. У-шу. Сыртқа назар салғанбыз. Жаяу жүргіншілер кіжініп келеді. Біздің көлікті танығаны. Стадион маңы мүлде дабыр-дұбыр. Бүкіл Бағдад осында көшіп алғандай. Көшпей ше, мұндай мереке көрмегелі қашан.. Алдымызды әрең аршыды-ау деймін. Тоқтап барып, әрең қозғалдық.

Стадионға келдік. Айқайдан құлақ тұнады. Ирак ойыншылары алаңда жүр екен. Біздің жігіттер де щөбін басып қайтты. Қазір киім ауыстырады, сосын дене қыздырады. Бізге орын табу керек. Орын болғанда да, таспаға тартуға ыңғайлы орын. Құжатты мойынға іліп, ілгері кеттік. Ойыншыларға сәттілік тіледік. Қақпада Новиков. Біз атаған жігіттер түгел негізгі құрамда. Сосын Дмитрий Бяков бар. Міне, матч басталды. Ирак алға лап қойды. Допты қақпаға бағыттады да. Юрий тырп еткізген жоқ. Тағы да шабуыл. Тағы да Новиков. Бас-аяғы бес минуттың ішінде нешінші соққы бұл? Санап үлгермедік. Соққы бұрқ ете қалды. Балтиев? Балтиев! Руслан Балтиев! Гол, Қазақстан алға шықты. Есеп 1:0. Ойынның алтыншы минуты бұл!

Ресми дерек. «Аль-Шаабта» елу мың көрермен отыр. Ашуланғандарын көрсеңіз. Бас қазыға айқайлайды. Кәріс Ким Тэ Ен не істесін? Істей алады екен ғой. Жарты сағаттан кейін біздің қақпаға пенальти белгіледі. Оған дейінгі соққыларды місе тұтпаған Юрийдің тағы да сыналар кезі. Абдул-Уақап әл-Хаиил шірене тартты. Мәссаған! Новиков секіріп барып, қайтарды. Доп қақпаға дарыған жоқ. Авдеев Юрийді құшақтап жатыр. Өзгелері арқадан қағуда. Шыр ете қалды. Төреші ысқырығы. Ким қайта тептіретін секілді. Бұл не сонда? Тэ Еннің орнында өзге қазы болса да он ойланар еді. Стадионға жиналған жұрттың ашуы жаман. Сіріңке тартылса, лап ете қалмақ. Шырпы сол Кимнің қолында. Өзі де бірге жанатынын біледі. Қайта тепкізді. Қақпашы тағы да қайрат көрсетті. Соққыны қайтарып. Біз де қорқып кеттік. Тэ Еннің де басы екеу емес. Ақыры былғанған бедел. Үшінші рет тепкізуге бел байлады. Есеп 1:1. Одан кейін де жанкүйер төзгізсіз оқиғалар орын алып жатты. Жанкүйер дегенде, біздің құрамаға жаны ашитын жандар туралы айтып отырмыз. Ким біздің ойыншыларды уысында ұстады. Көбіне ескерту жасалды. Сары қағазға есімдері жазылған Игорь Авдеев, Самат Смақов, Алмас Құлшынбаев пен Асқат Қадырқұлов, тірсегінен теуіп кеткендерге көзін де алартпаған шабуылшы Олег Литвиненко енді тырп ете алмайды. Сәл қиыс бассыншы, алаңнан қуылады. Қазақстан қайта бас көтере бастады. Бас көтергенде, шабуылды өрістетті. Асқат жүйрік екен. Сол қанаттан тап береді. Литвиненконың да соққысы тегеурінді. Олегті алмастырған Максим Шевченконың да ескерту алғанын көрдік. Енді төреші Игорьдің қасына барды. Бәсе, алаңнан қуып жатыр. Екінші рет сары қағазын жалаңдатып еді. Түсінікті. Түсінбейтін не бар? Аяқталды-ау. Қуанып кеттік.

Сосын көзіміз шарасынан шықты. Жұрт алаңға бет алды. Ойыншылардың соңынан. Киім ауыстыратын бөлме арғы қанатта. Бапкері де, басқалары да жылдамдығын арттыра бастағанын байқадық. Батырға да жан керек деуші ма еді, ортеке де біздей орғымаған шығар, екі секіріп, алаң жиегіне іліндік. Ары қарай жөнеп бердік. «Зытып келем, зытып келем...». Бейнеттің болмағаны ғой. Дін аман діттеген жерге жеттік. Кіріп үлгердік. Есік жабылды. Содан тарс-тұрс. Жүрек соғысы жиілеген екен. Ең бастысы елмен біргеміз. Сол сурет әлі де көз алдымызда. Бірі сыңар бутсыны қолға алған күйде аңырып қалған. Екіншісі сорғалаған терді сүртуді ұмытқан. Біршама уақыт өтті. Есік түбіндегілер кеткен секілді. Танктердің келгенін дыбысынан таныдық. Сосын ұйымдастырушыларға еріп, сыртқа шықтық. Автобусқа отырып, қонақүйге тарттық. Негізі ертесі жолға шығуымыз керек еді. Едел-жедел жиналдық та, әуежайға тарттық. Жарық жоқ. Тас қараңғы. Сұраймыз ғой. «Жарықты қайтесің, көзге түсесің босқа, қазір ұшып кетуді ғана ойла». Қиялы жүйрік біреу болжам жасап жатты. «Білесіңдер ме, қазір ұшақтың да жарығын көре алмайсыңдар. Аңдып отырса, атып түсіреді. Сондықтан, айнала түгел қараңғы». Тексеру, жүк рәсімдеу қайда, әуежай бүйірінде біреу құжатымызды алақанына салып, мөрін басып жатты. Ұшақ та таяу маңда екен. Ың-шыңсыз мінгізе бастады. Іші күңгірт, әлсіз ғана жарық бар. Бос орындарға жайғастық. Сосын ұштық. Көп ұзаған жоқ. Құлдилай бастады. Қонуға ниеттенгені. Міне, дөңгелегі жерге тиді. Араб елдерінің бірі екенін байқадық. Дамаск екен. Сириядамыз. Бейбіт өмірдің астанасы секілденген Шамдамыз. Бойымызға енді қан жүгіргендей. Жұрттың бәрі жадырай бастады. Бейбітшіліктің қадірін анық түсіндік сонда.

Амангелді СЕЙІТХАН

Арнайы KazFootball.kz сайты үшін

Турнирная таблица Турнирлік кесте
Команда И М О
1 Қайрат 24 39-21 47
2 Астана 24 39-19 46
3 Ақтөбе 24 39-26 43
4 Ордабасы 24 36-24 42
5 Тобыл 24 33-23 39
6 Елімай 24 35-32 37
7 Атырау 24 28-20 35
8 Қайсар 24 28-29 34
9 Қызылжар 24 29-26 29
10 Жеңіс 24 18-32 24
11 Жетісу 24 17-33 23
12 Тұран 24 16-39 20
13 Шахтер 24 12-45 10
Футболист недели Апта үздігі
Мухаммеджан Сейсен
Мухаммеджан Сейсен
Мухаммеджан Сейсен
Мухаммеджан Сейсен
Вратарь Қақпашы
74
Поиск по сайту
Наверх