Ежелгі грек ертегісі
Грекия құрамасының ойыншылары жайлы біз осыған дейінгі мақаламызда жазған едік. Турнир ұйымдастырушылары ресми сайттарында бапкерлер жайында сөз қозғапты. Грекия бапкеріне тоқталған. Осы додадағы ең атақты бапкер Яоанас Гумас болып шықты. Ол Афины қаласының «Панатинаикос» командасында талай жылдар жемісті өнер көрсетіпті. Одан бөлек атышулы 2004 жылғы Еуропа чемпионатында Грекия құрамасының сапында болған. Яғни Гумас Еуропа чемпионы. Алайда, бірде-бір матчта алаңға шықпапты. Орталық қорғаушы болған Гумас қазір өзі баптайтын команданың да қорғанысын күшейтіпті.
Ойынның басында орталық қорғаушыларға жұмыс істейтін мүмкіндік те көп болған жоқ. Жартылай қорғаушылары допты көбірек ұстап, біздің қақпа жақты торуылдады да тұрды. Алайда, ойынның 17-ші минутында Еркебұлан Сейдахмет айып алаңына еніп доптан айырылды. Бірақ, артынша қорғушыдан тартып алып кетіп бара жатты. Тіпті әріптесіне пас та берді. Дегенмен, грек қорғаушысы оған дейін ойын тәртібін бұзса керек. 11 метрлік! Айдос Орал еш ойланбастан допты қақпаға бағыттады. Есеп 1:0. Гол соғылғаннан кейін артынша тағы бір пенальти алатын мүмкіндігіміз болды. Бірақ төреші симуляция деп есептеп, өзімізге сары қағаз көрсетті. Егер жақсы бір бейнеқайталау болса, мән жайды анықтар едік. Көп ұзамай бір ойыншымыз алаңнан қуылды.
Екінші тайм бастала салысымен 10 адаммен қалған отандастарымыз есепті одан әрі еселей түсті. Осы кезде гректер таза тығырыққа тірелді. Себебі, он адаммен жүрген командадан екінші голды жіберу бұл таза трагедия еді. Еркебұлан Сейдахмет қапталдан сытылып өтіп, Айдос Оралға пас асырды. Капитан тағы да салқынқандылықпен қақпаның бос тұсын дәл көздеді. Есеп 2:0.
Одан кейін қорғанысқа мықтап жаттық. Кәдімгідей ашықтан-ашық қорғандық. Есептің көрсеткіші ойынымызға қатты әсер етті. Қазіргі әлемдік футболдың өзі сол емес пе? Таблодағы көрсеткіш алаңдағы жағдайға тікелей әсер етеді. Бұрынғы футбол әрине, басқаша ғой. Дегенмен, Дарын Саюнов айып добын орындағанын көріп көзіміз қуанды. Грек қақпашысы еніп бара жатқан допты қайтарды. Стандарттық жағдайды біздің жігіттер де орындай алатынын байқадық. Ал, әйтпесе элладалықтар қояр да қоймай шабьуылдап жатқан еді. Сол көп шабуылдарының бірінде шабуылшы Георгиос Тзоварос қақпаға екі қайтара баспен соққы жасап, екіншісінен гол салды.
Осы кезде Александр Кузнецов ойыншыларды алмастырып тағы бір тактикалық ойынға кірісті. Қарсыластың өз қаруын өзіне қолданды. EURO-2004 турнирінде Грекия қалай чемпион болғаны естеріңізде ме? Есеп басымдылығын жасап алып, жата жастана қорғанысқа көшуші еді ғой! Тіпті, арасында төрешімен салғаласып, қарсылас ойыншының жүйкесіне тиіп, болмашы жерден «ауыр» жарақат алатын. Біздің жігіттер атақты батырлардың ұрпақтарына сабақ берді. Қақпашымыз Даниил Устименко болса уақыт созудың хас шебері екендігін көрсетті. Қақпаға төнген қауіптің бетін сейілтуден шаршамады. Содан болар осы ойынның "үздік ойыншысы" атағын қақпашымыз алды. Тарихында топтан шығып көрмеген футболшыларымыздың төрешінің ақтық ысқырығынан кейінгі қуанғанын көрсеңіздер! Бұл ойын Қазақ футболының алтын тарихына енетін матч болды. Түгел ойынды тамашалап, жүрегін шүберекке түйген қазақ жанкүйерлерінің де ойын бойындағы эмоциясы көл-көсір. Ең бастысы ежелгі грек ертегісіндей барлығы да біз үшін бақытпен аяқталды!
Енді 21-ші қаңтар күні Астана уақытымен 22:00-де финалды күтеміз.
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |