Біз жастарға сенеміз...
Ойсырата, ірі есеппен ұтылған жоқпыз. Абыройлы матч өткіздік. Бастысы сол. Өкінетін ештеңе жоқ. Жалпы Қазақстан құрамасының топтан шыққанының өзі біз үшін тамаша жетістік болды емес пе? Турнир тарихында тұңғыш рет деп алаулаттық. Кейіннен ширек финалда Словенияны ұтқанымызда сенсация деп жалаулаттық. Одан кейін Грекияны ұтуымыз керек деген тұжырым айттық. Оны жеңгеннен кейін Ресейдің өзіне алакөзбен қарадық. Турнирлік - "тойымсыздық".
Бірақ, шындыққа келгенде алаң сыртында қаншама дүние орын алып жатты. Футболшылар жарақат алды, жартылай финалда алаңнан қуылды. Осының бәрі әрине әсер ететіні анық. Дегенмен, қарсылас біткенді жапырып келген Ресеймен терезесі тең ойын көрсеттік. Солтүстіктегі көршілеріміз 27-ші минутта бір гол соғып алып, қорғанысқа жатқанына не дейсіз?! Бұл да бір ойынның бет бейнесі емес пе?
Турнирдің кездейсоқ сенсациясына баланып, осыншама дүркіреткеніміздің өзі де жеткілікті шығар. Әрине, әрбір футболшы алаңға жеңемін деп шығады. Сол секілді біз де жеңсек екен деп жанкүйерлік еттік қой. Алайда, төреші ысқырығы шалынғаннан кейін азды-кем ойланып көрелік. Сабырға түрелік. Турнир алдында бұл жігіттерден ешкім мұндай нәтиже күткен де жоқ еді ғой. Нәтижені айтасыз, бізде бұл командаға турнир алдында басшылар тарапынан ешқандай мақсат та қойылмаған.
Пафосты қоя тұрып, статистикаларға сүйенейік. Эмоция өз алдына бір бөлек. Сонымен, турнирде 3 жеңіс, 2 тең және 1 жеңіліс тіркедік. 6 ойын өткізіп, 8 доп соғып, 3 гол жібердік. Капитан Айдос Орал 3 доп соғып, мергендер тізімінде. Турнирде қалың көрерменнің көзі жеткен бір жағдай – біздің шабуылшы Еркебұлан Сейдахметтің ойыны. Қазақ футболы таланттарды шығара алады дегенге сендіретіндей ойын көрсеткен жас шабуылшы болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік берді. Айтпақшы, финалдық ойынның үздігі де сол Сейдахмет. «Турнирдің ашылуы» деген номинация еш даусыз Еркебұланда.
Ресейде өтіп жатқан турнирде Ресейді жеңгенімізде әрине, бұл ауыз толтырып айтатындай оқиға болушы еді. Алайда, ойынды көрген болсаңыздар орыстардың да соншалықты керемет ойнамағанын байқау қиын емес. Елдегі ағайынның пікірлері сан-алуан. «Осы құрамды сақтап, жастар құрамасы ету керек. Одан әрі біздің негізгі ұлттық құрамамызды да осылар құрауы тиіс», дейді ғаламтордағы пікірлер. Қазақстандық фанаттардың кеудесіне от жаққан бұл жігіттер ерлік жасады десек артық емес. Біздің қазақ футболына жетпей жүрген «жеңімпаздық рух» осындай нәтижелерден келмей ме? Жеңген күміс медальдің өзі сол рухтың бізде әлі әлсіз екенін аңғартады. Бұл кәнігі футбол менталитеті. Барлығы осындай кішкене турнирлерден қалыптасады. Мына ойыншылар жеңіліп қалды, бірақ біз үшін дәл қазір батырлар. Ал, келер жолы осы турнирге барған құрама топтан шыға алмай қалса, онда олар сынның астында қалуы тиіс. Әрине бапкерлік штабтан бастап. Үстемелетіп қойылатын мақсаттар өз межесін барған сайын арттыра беруі тиіс те.
Енді осы турнир барысында мен құраманың бірнеше футболшысымен сөйлестім. Біршамасын мақалаларымның арасында келтіріп те жаттым. Бірақ, мен жаза алмаған, көңілді бере алмаған тұстар бар. Тәнті болатындай жағдай секілді. Барлығының көздерінде от бар. Жалындап, жанып тұр. Қазақша әндетіп, киім шешетін бөлмедегі қуанғандарының өзі, сөз саптастары да ерекше. Қазіргі біздің футболшылардың сұқбат берулерін өздеріңіз білесіздер ғой. Сұқбат алған тілшінің тіл байлығы мол болмаса, аяқдопшыларымыздың қазақша сөйлеуі жұпыны. Ал, бұл жолғы жастарымыз жарап-ақ тұр. "Қазақстан" деп алаңға шығамыз", "Елдегі жанкүйерлер үшін ойнаймыз", "Ешкімнен де қорықпаймыз" деп тұрды бәрі. Жалындап, көздерінде от ойнап тұрған жастарға біз сенім артамыз, ендеше.
P.S
"Гранаткин мемориалы" турниріне 16 команда қатысты. Қорытынды бойынша футбол мамандары "Турнирдің үздік шабуылшысы" номинациясын Қазақстан құрамасының шабуылшысы Еркебұлан Сейдахметке берді. Ал, "Турнирдің үздік жартылай қорғаушысы" атағын Айдос Орал алды.
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |