Қазақстандық клубтар Еурокубок додаларынан қанша ақша тапты?
Негізі Еуропа футбол қауымдастығы Еурокубок додаларында өнер көрсететін клубтардың сыйақысын маусым аяқталған соң, яғни мамыр айының соңына қарай бөліп береді. Дегенмен, бұрнағы күні қазақстандық клубтардың барлығы дерлік Еуроареналарда өнер көрсетіп жатқан жоқ. Демек, дәл қазір бізде бұған дейін УЕФА-ның регламенті бойынша берілетін сыйақыларға қарап, қазақстандық клубтардың биылғы маусымда қанша пайда тапқанын есептеп көруімізге мүмкіндігіміз бар.
Бірден айта кетейік, УЕФА басшылары 2015 жылдан бастап Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында бақ сынайтын клубтардың сыйақыларын өзгерткен. Енді «Кәрі құрлық» клубтары биыл бекітілген сыйақыны 2018-ші жылға дейін алатын болады.
Жаңа регламент бойынша, Чемпиондар лигасының бірінші айналымында өнер көрсеткен ұжым 200 мың еуро, екінші айналымда 300 мың еуро, үшінші айналымда 400 мың еуро, плей-офф кезеңіне шығып жеңіске жеткен клуб 2 миллион еуро, ал жеңілген клуб 3 миллион еуро алады.
Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан клубтың қазынасына автоматты түрде 12 миллион еуро аударылады. Одан бөлек, топтық кезеңдегі әрбір жеңіс үшін командаларға 1 миллион 500 мың еуро, тең нәтиже үшін 500 мың еуро беріледі.
Клубтар топтық кезеңнен әрі қарай асатын болса, сыйақылары да көбейе беретіні белгілі. Бірақ, Қазақстан атынан Еурокубок додаларында топтық кезеңнен асқан ұжым жоқ болғаннан кейін, біз осы жерден тоқтағанды жөн көрдік.
Енді осы көрсеткіштерге қарап біз биыл Чемпиондар лигасында өнер көрсеткен «Астана» клубының қанша пайда тапқанын есептеп көрейік. Биыл Станимир Стойлов шәкірттері қазақстандық клубтар тарихында бұрын-соңды бағынбаған меже – Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне дейін жетті. Сол үшін де елордалық ұжымның еншісінде 12 миллион еуро бар деуге толық негіз бар.
Бірақ, біз басынан бастайық. «Астана» биылғы Еурокубоктік бәсекелерді екінші айналымнан (Марибор) бастады. Сол үшін де клуб 300 мың еуро, үшінші айналымнан (ХИК) асқаны үшін 400 мың еуро, ал плей-офф кезеңіне (АПОЭЛ) шыққаны үшін 2 миллион еуро еншіледі. Енді бұған топтық кезеңге шыққаны үшін берілетін 12 миллион еуро мен, топтық кезеңде төрт рет тең түскені үшін берілетін 2 миллион (500х4) еуроны қосыңыз. Сонда 16 миллион 700 мың еуро шығады. Бұл «Астананың» биылғы Еурокубок додаларында тапқан пайдасы.
Еуропа лигасында да биылғы маусымнан бастап сыйақы үлестіру шарты біршама өзгерген. Мысалы, бұл доданың бірінші айналымында ойнаған клуб 200 мың еуро, екінші айналымда 210 мың еуро, үшінші айналымда 220 мың еуро, плей-оффта өнер көрсетіп, бірақ топтық кезеңге шыға алмай қалған клубтың есеп-шотына 230 мың еуро көлемінде ақша аударылады.
Баршаңызға белгілі, биыл Еуропа лигасында өнер көрсеткен «Қайрат» плей-офф кезеңіне дейін жеткен еді. Өкінішке қарай, бұл айналымда алматылық клуб «Бордоны» айналып өте алмады. Осы кезеңге дейін жеткен оңтүстік астаналық ұжым биыл Еурокубок додаларынан өз қазынасына 860 мың еуро көлемінде кіріс кіргізген.
Аталған бәсекеде тағы екі клубымыз – «Ақтөбе» мен «Ордабасы» клубтары да ойнаған болатын. Алайда, екі клуб та бірінші айналымнан өте алмады. Сондықтан да ақтөбелік және шымкенттік ұжымдардың есеп-шотына 200 мың еуродан түсуі керек.
Еурокубоктік додаларда өнер көрсеткен барлық клубтардың табысын есептейтін болсақ, биыл ел клубтары жалпы 17 миллион 960 мың еуро көлемінде пайда тапқан екен. Бұл сыйақы көлемі жағынан соңғы жылдардағы қазақстандық клубтардың ең жоғарғы көрсеткіші.
Уалихан Қосанбай
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |