«Ертіс» арнасынан асатын күн алыс емес...
«Балық басынан шіриді» демекші, команданың басы болып, тізгінін ұстаған бапкерден бастасақ. Өткен жылдың соңына қарай келіп, команданы құтқаратын болған Дмитрий Черышев маусым аралық үзілісті жақсы пайдаланып, командаға бірнеше легионер алды. Көптеген Павлодарлық жанкүйерлер командадан көп үміт күтті. Ұжым бірден салған жерден бас салып, екінің бірін жеңіп, алға озар деп сенді. Бірақ, күткен үміт күдікті болып, команда алған бетінен жаңылып, шабысы тұралап қалды.
Командаға алынған аты-шулы легионерлер қатарында Алан Гатагов, Изу Азука секілді танымал футболшылар болды. Олардан бөлек, Буркино-Фасо құрамасының шабуылшысы Аристид Бансені де қоса кетейік. Хорватиялық Иван Граф есімді футболшыны Черышев команда ойынында маңызы жоғары деп бағалады. Ресейлік Сергей Игнатьев қорғаныстағы ойынды реттейтін болып шешілді. Черышев айтқан, қалап алдыртқан футболшылардың ешқайсысы да команда ойынына жақсы кіріге алмады. 8-ші мамыр күні бас бапкер орнын босатқаннан кейін, оның орнына келген болгариялық маман Димитар Димитров аталған футболшылардан дем арасында арылды. Бұл аралықта ертіс алғашқы алтылықтан алыстау маңда жүр еді. Облыс әкімі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев «Ертіс» командасының жағдайын дер кезінде дұрыстамаса болмасын дәл түсінді. Команда басшыларымен алқа-қотан жиын өткізіп, команда алғашқы алтылықта болсын деген тапсырма тастады. Жаңа бапкер қойылған мақсатты орындау үшін легионерлер күшіне жүгінетінін білдіртті. Командаға португалиялық Карлуш Фонсека, бразилиялық Эвандро Ронкатто, сенегалдық Алассане Н’Диайе, Орталық Африка Республикасының ойыншысы Фернандо Кассай алынды. Ұзақ уақыт жарақаттанып жатқан Константин Дудченко емделіп, алаңға оралды. Бір сөзбен айтқанда негізгі құрам ойыншылары қайта жасақталды.
Командаға келе салысымен үш ойында үш гол соққан Алассане Н’Диайе маңызды ұпайлар әкелді. Одан кейін эстафетаны Карлуш Фонсека іліп әкетті. Оның «Ақтөбе» қақпасына соққан голы «Ертіске» тағы бір маңызды үш ұпай берді. Одан кейін қатарынан үш ойында Эвандро Ронкатто үш гол соғып, «Ертісті» өрге сүйреді. Алғашқы алтылыққа еніп алған керекуліктер одан әрі мақсатты ұлғайтып төртінші орын үшін таласты бастады. Өйткені, бұл аралықта Қазақстан кубогының финалына «Астана» мен «Қайрат» шығып қойған болатын. Ал ол екі ұжым алғашқы 1-2-ші орындарда жүрді, чемпиондыққа таласты. Сол орындардан олардың түспесі белгілі еді. Сондықтан да, чемпионаттың 4-ші орыны келер маусымда Еуропа лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік беретін еді. Дегенмен, тек «Қайраттан» екі ойында да жеңілген «Ертіс» ойыншылары соңғы турлардың бірінде өз алаңында шымкенттік «Ордабасыға» жеңіліп қалды. Әйтпесе, «Ертіс» өз алаңында «Ақтөбені» де, «Астананы» да жеңіп келді. Ал, соңғы турда павлодарлықтар сырт алаңда «Атыраумен» кездесті. Бұл ойын 5-ші орын үшін талас матчы болып саналды. Негізгі мақсат алтылыққа еніп алған команда, Еуропа лигасынан айырылған соң, соңғы ойынға аса қатты жігерсіз шықса керек, алаң иелеріне жеңіліп қалды.
«Ертіс» сапында чемпионаттың 32-ойынның 31-не қатысқан бір футболшы бар. Ол жастар құрамасының футболшысы Григорий Сартаков. Жасы 21-ге жетпеген футболшы ретінде негізгі құрамда өнер көрсеткен футболшы келер маусымда бұл заңның алынып тасталғанына қарамастан негізгі құрамдағы орнын сақтап қала береді деп сенеміз. Сонымен қатар, биылғы маусымда керекуліктер үшін көп еңбек еткен тағы екі ойыншы бар. Бірі капитан Самат Смақов болса, екіншісі қақпашы Давид Лория. Екеуі де команда қорғанысын нық ұстайтын жігіттер. Ал, Саматтың тәжірибиесі мен ақыл-кеңесі командадағы жастарға көп сенімділік берді. Егер қос ойыншы келер маусымда да «Ертіс» сапында қалар болса, онда қорғаныс жақтан еш қауіп болмауы керек. Ал, шабуыл өтін, немесе жартылай қорғанысты бас бапкер Димитар Димитров жақын арада шешуі тиіс. Ол үшін алғашқы қадамдар да жасалынуда. Алып-қашпа әңгіме бойынша Франция чемпионатында өнер көрсеткен атақты футболшының бірі «Ертіс» жейдесін киіп қалуы ықтимал.
Биылғы маусым шынын айтуымыз керек «Ертіс» үшін ала-құла өтті. Қазақстандағы даңқты команданың бірі келер маусымда алғашқы алтылықтағы тартысты қыздыра түсетін ұжымдардың біріне айналатынына сенеміз. Керекуліктердің бапкері нәтиже көрсете алатын тұлға. Оның үстіне болгариялық бапкерлер Қазақстан футболында жақсы көрсеткішке жетіп жатқанын алға тартсақ, «Ертістің» басты мақсаты келер маусымда еурокубоктық ойындарға қатысуға мүмкіндік беретін бір жолдаманы алу болмақ.
Ермұхамед МӘУЛЕН
фотолар prosportkz.kz, "Ертіс" футбол клубы сайттарынан алынды
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |