"Кеншілер" келешегі қалай болмақ?
«Кеншілер» командасы 2016 жылғы чемпионатта ұзақ уақыт соңғы орындарда жүрді. Маусым бел ортасында жаңа бапкер мен бірнеше ойыншы алған қарағандылықтар аяққа тұрып алды. Тіпті, «Тобылмен» тайталасып, жетінші орынға да бір шығып келді. Енді сол өткен жылғы қиыншылық биыл қайталанбасын десе, қарағандылықтар әр ойынға мән беруі керек.
Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарының соңғы бөлігінде «кеншілер» бес жолдастық кездесу өткізді. Еуропа лигасында өнер көрсеткен Луганскінің «Заря» командасымен 1:1 есебімен тең түсті. Одан кейін қарағандылықтар Грузияның «Батуми» ұжымынан жеңілді. Есеп 0:1. Жолдастық кездесулер болғандықтан команда ала-құла ойнады. Ол түсінікті, себебі бас бапкер Алексей Еременко әр ойынға түрлі құрамды шығарды. Бірде жастарды сынаса, келесі ойында негізгі құрамды қойды. Командада жастардан Ринат Хайруллин бар. «Астана» ойыншысы өткен жылы Латвия біріншілігіне барып, тәжірибие жинап келді. Тәжірибиелілерден «Таразда» ойнаған Дәуренбек Тәжімбетов келді. Жарақатынан айыққан Никола Василевичке көмекке сербиядан отандастары шақыртылды. Марко Станоевич пен Милан Стоянович балқан түбегінің біріншіліктерінде тер төккен. Одан кейін Түркиядағы жиында "Шахтер" соңғы ойынды ресейдің "Сибирь" командасына қарсы өткізді. Ойындағы жалғыз голды Дәуренбек Тәжімбетов соқты. Тамаша көңіл-күймен футболшылар облыс әкімімен кездесіп, "Таразға" қарсы өтетін алғашқы матчқа дайындалуда.
Сонымен «Шахтер» командасы 2017 жылғы маусымды мына құраммен бастайды:
Қақпашылар: Игорь Шацкий, Ярослав Багинский, Сергей Ткачук;
Қорғаушылар: Борис Кадио, Ильнур Мангуткин, Олукореде Айегбуси, Евгений Тарасов, Никола Василевич, Иван Садовничий, Игорь Пикалкин, Михаил Габышев, Руслан Әлімбаев;
Жартылай қорғаушылар: Марко Станоевич, Милан Стоянович, Ринат Хайруллин, Айдос Орал, Юлиус Сзоке, Штэфан Зошак, Сергей Скорых, Владислав Васильев, Қуаныш Ермеков, Максим Казанин;
Шабуылшылар: Аллессио Аллегриа, Дәуренбек Тәжімбетов, Оралхан Өміртаев, Вячеслав Путинцев, Айдос Таттыбаев;
Шабуыл өтіндегі легионерге тоқталып өтейік. 21 жастағы форвард пен «кеншілер» арасындағы еңбек келісімі 2017 жылғы маусымның соңына дейін жасалған. Аллегриа бұрын Бельгияның екінші дивизионында «Патро Эйсден» мен «Гел» клубтарында ойнаған. Былтыр үшінші дивизиондағы «Серен» клубында өнер көрсетті. Болашағынан зор үміт күттіретін футболшы қарағандыға талантымды ашамын деп келіпті. Кім біледі, жас футболшы өз елінде ашыла алмаған да шығар. Енді Дәуренбек Тәжімбетовке бәсекелестік танытып, шабуыл шебін нығайта түседі. Ал, жалпы алғанда қарағандылықтардың қорғанысы жаман емес. Тәжірибиелі, бұрыннан келе жатқан футболшылар. Жартылай қорғаныста Юлиус Сзоке мен Штефан Зошак бар. Өткен жылғы құрамнан қалған бұл екеуі биыл да негізгі ойыншылар болары анық. Жалпы, Зошакты қайдам, бірақ, Сзоке деңгейін әлі біраз көтере алатын, талапты футболшы. Тек осы шабуыл өті кішкене қиындау болатын секілді. Бұл командада сонымен қатар, 15 жыл бойы «Шахтер» үшін еңбек еткен Андрей Финонченко жоқ. Ардагер аяқдопшы футболмен қош айтысыпты. Енді Андрей бапкерлер штабында болады.
Бас бапкер Еременко жергілікті жастарға сенім артамын деп отыр. Оралхан Өміртаев, Айдос Орал, Вячеслав Путинцев, Владислав Васильев, Руслан Әлімбаев және Максим Казанин секілді жергілікті жастар алаңға көбірек шығады. Қазақстан жастар құрамасына алынған Оралхан Өміртаев, кеше ғана "Гранаткин мемориалында" жарқыраған Айдос Орал, Бразилиядағы "Оле-Бразилде" тәлім алған Владислав Васильев секілді талантты жастар "Шахтердің" келешегі.
P.S. Команданың биыл алғашқы алтылыққа енетін күйі жоқ секілді. Демек, 7-8 орындарға таласу шама жетер меже болмақ. Ең бастысы осыған дейін көмірлі өлкеден шыққан аяқдопшылардың тізбегін таланттармен жалғау. Финонченко, Дарабаев, Лунин, Жаңғылышбай секілді дарындарды үлкен футболға қосу.
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |