Арыны қатты "Астана"
Көпшілік осы сауалдар төңірегінде толғанады. Біздер де «Астананың» дайындық барысына үңілсек дейміз. Ұстайтын дерек аз. Өйткені түсіп жатқан мәлімет сараң, ақпарат көп, анықтап айтары жоқ. Мысалы, Станимир Стойловтың өзі туралы. Бас бапкерді бүге-шігесіне дейін таныдық дейміз ғой. Ол әбестік. Хасковоның түлегін тану үлкен шаруа. Бас қатырып қайтеміз. БОСС өз қалпында қала береді деп есептейік. Тек, былтыр маусымның соңына қарай өзге пішіндегі Стойловты көріп қалғанымыз болмаса...
Ал, Станимир нағыз бапкер. Талайдың тілін тапты. Шәкірттерін жусатып, өргізді. Алғысы келетінін алған шығар, көргісі келетінін көрген болар. Баяғы қытай ойшылы Құңзы қисынын ұстанған ба, кісіні екі сынамайды. Сүрінгені сүрінген. Бұл үлкен командаларға тиесілі түсінік. «Астана» үлкендікке таман бара жатыр, ендеше. Елдің бас командасы дегенді тегін айтты дейсіз бе. Дұрыс қой. Дәурені жүріп тұр. Аз уақытта үш дүркін чемпион атану айтарлықтай нәтиже, биік деңгей.
«Астана» сайып келгенде Стойловтың командасы. Қай мағынада қабылдасаңыз да, еркіңіз. Еркін тыныстайды, шалт қимылдайды. Ішкі мәселедегі біраз шаруа бас бапкердің араласуымен бітетін секілді. Мысалы, Неманья Максимовичтің биыл қосалқы ойыншыға айналғанын айтайық. Джордже Деспотовичтің «Тобылға» тартуын да тілге тиек ете аламыз. Асхат Тағыберген де маусым тақағанда жалт бұрылды. Бұрған кім? Ол жақсы ғой. Бас жаттықтырушыда билік болғаны. Қожайынға жалтақтаумен күні өтетін бапкерлердің жеңіске жетуі екіталай. Ал, беделі болса табысты кешіп жүреді. Сөз жоқ, Стойлов өз ісін біледі. Үш жыл бойы ешкімге дес бермеді. Жетістік пе? «Астананың» ойынын қойып берді. Футболшылар алаңда еркін көсіле алатын дәрежеге жетті. Демек, жер таңдамайды, шөп талғамайды. Қарсыластың азуын көріп талып қалмайды, қайта «келсең келге» салып, білек сыбанады. Шәкірттеріне доппен тіл табыстырды. Тактиканың не екенін ұқтырды. Ойыншылар да ұға алды. Футбол мәдениетін меңгерді. Әлгі допты шекесімен, арқасымен, балтырымен тоқтатса да бытыраша шашыратпайды. Қайта магнитке матырғандай, байлап алады. Иелік еткен бетте шешім іздейді. Немесе, доп келе жатқанда не істейтінін біліп тұратын деңгейге жетті. Рас, кеудеге піскен «күлшеден» құтыла алмай қалатын кездері болады, ол өзіміге ғана тиесілі мінезден. Тіпті, Станимир де сылып тастай алмай келеді. Еуропаны аралатты. Чемпиондар лигасының негізгі жарысына қосты. Еуропа лигасында да ойнатты. Еңбек, ерен еңбек сіңірді. Енді ентігіп қалмаса екен. Ол да оңай. Енді команда құрамына келейік.
Қақпашы – үшеу. Абылайхан Дүйсенді де есепке алып отырмыз. Салмақ Александр Мокин мен Ненад Эричке түсетіні анық. Суперкубок жолындағы матчта қақпаны Мокин күзететін шығар. Былтырғы салтқа сай. Бізге солай көріне ме, әлде бір кілтипан бар ма, бас бапкер Мокинді негізгі қақпашыға айналдыруды да ойлайтын секілді. Өзі біледі. Екеуі де мықты, жорғадан жорғаның жорғасы кем емес. Енді қорғанысқа келейік.
Негізгі тірегі – Марин Аничич. Соңғы жылдардағы ел біріншілігіндегі ең үздік қорғаушы. Білгенінен биыл да жаңыла қоймас. Қасында Юрий Логвиненко жүретін шығар. Евгений Постников те сенімді ақтайды. Старый Осколда өскен ұл «Арсеналға» қарсы ойында оң қанатта да сауаттылық танытты. Ортада ойнай алады. Беларус Игорь Шитов те әбден шыңдалған. Ерте есейген Дмитрий Шомконың нағыз толысқан шағы. Абзал Бейсебеков те «ат ерттесе, тоқымды аудармайды». Қорғанысы тастай, алынбас қамал секілденген «Астанаға» гол соғу талай командаға биыл да қол жетпес арманға айналар.
Орта тұста елеулі өзгерістер орын алды. Әуелі Рохер Каньястың кеткенін айтайық. Бүгінгі «Астанаға» аса қажет ойыншы Рохер. Кипр асып кетті. Өз бетімен емес. Мүмкін, Стойловтың ақылымен. Әлде, Станимир Еуро додасының алдында Каньясты қарт құрлықта шыңдап алуды жөн көрген?! Бұл да қисынға келеді, демек қатты қажет кезде Каньяс өз жұмысына оралады. Рас, Иван Маевскийді шақырды. Иван да шама-шарқы келгенше өз деңгейінде өнер көрсетеді ғой, бірақ Рохерді алмастыра алмайды. Неманья Максимович жазда Валенсияға кетеді. Қазірдің өзінде қиялымен «Местальяны» шарлап жүрген жігітті ойынға жұмсау қисынсыз. Ақылды Станимир оны анық біледі. Сол себепті Неманьяның одан әрі қиялдауына бөгет болмауы тиіс. Серікжан Мужиковтың бабын тапқан да Станимир. Стойловтың тәлімінен кейін түлеп сала берді. Әрине, кейде техникалық білімнің кемшілігі, кейде қара күштің аздығы тұсау болады. Бірақ, ерік-жігер Серікжанға қосымша қуат беретін секілді. Оның үстіне білікті маманның тапсырмасын анық ұғып, соны орындап шығудан оңай нәрсе бар ма.
Патрик Твумаси. Сирек ойыншылар санатында. Тез ойлайды, жылдам қимылдайды. Ұшқалақ дейтіндер бар. Оның жасында болуы тиіс құбылыс қой. Бәрін біледі. Білгенін алаңда жүзеге асыра алады. «Астана» сапындағы сапалы ойыншының бірі. Мүмкін бірегейі.
Жастардан Абай Жүнісов ұнады. Өзіне сенімді. Футболыңызды кәдімгідей меңгере бастады. Болашағынан үміт күттіретін ойыншы.
Аздрен Лулаку. Біржақты пікір айту қиын. Төрт-бес ойынын көрдік. Бәлендей әсер етпеді. Ұстағанымыз да шамалы. Мүмкін, кейін түсінерміз, кім екенін. Кеткендердің орнын толтыра ала ма?
Джуниор Кабананга. Адамға бақтың қонуы да оңай ғой. Қара құрлықтағы жарысқа зорға ілінді де, зорайып шыға келді. Өз құрамасының бас мергеніне айналды. Оқу-жаттығу жиынына келген бетте іске кірісіп, әлгі биігінде қалықтап тұрып қалды. Төмен түсе ме, биікке самғай ма? Алдағы маусым жауабын берсін. Джуниор да түсінде Еуропаны көре бастаған секілді. Күндіз жымиып жүреді. Әлдекімге жорыта ма екен? «Астанаға» тағы бір шабуылшы керек. Кімді алады, қашан алады? Роман Мұртазаев бар дедіңіз бе? Мүмкін, ойнап кетер. Мужиковтар секілді. Несі бар, Станимир талайдың шырағын жаққан.
Арнайы "KazFootball.kz" үшін - Амангелді Сейітхан
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |