"Тобыл" жүлдеге қол соза ма?
Қақпа мен қорғаныс
«Арыстанның аузынан тіс түскенде, ақырған дауысымен күн көреді» демей ме?! Кезінде дүркіреген қостанайлық «Тобыл» сол жеңісті рухымен қайта оянуы мүмкін. Команда жаңа легионерлермен толықты. Қақпашы Дмитрий Непогодов украиналық «Динамоның» түлегі. Францияның «Марсель» ұжымына ауысқанда бұл жігітті Украинаның жастар құрамасы шақырады. Одан кейін, украинаның «Ворскла» командасының негізгі қақпашысы болған. Демек, бас бапкер Омари Тетрадзе негізгі қақпашыны тапқан секілді. Қосалқы құрамда Станислав Павлов пен Султан Бусурманов секілді жас қақпашылар бар.
Қорғаныста легионерлерден орталық африкалық Фернандер Кассай мен хорватиялық Денис Главина бар. Бұл жігіттер өткен маусымнан келе жатқан команданың мығым бөлшегі. Ал, жаңадан Сергей Малый мен Григорий Сартаков келді. Малый Қазақстан Ұлттық құрамасының, Сартаков жастар құрамасының ойыншылары екендігін ұмытпайық. Сонымен бірге, басты командаға алынып жүрген Дмитрий Мирошниченко, Марк Гурман, Виктор Дмитриенколар бар. Қорғаныс «Тобылда» өте жақсы жасақталған.
Жартылай қорғаныс
Литва құрамасының жартылай қорғаушысы Артурас Жулпа «Тобыл» сапында тағы бір маусым өткізбекші. Томаш Шимкович пен Душан Савичсіз осы күні «Тобылды» елестету қиын. Ал, ортадағы ойынды күшейту үшін «Астанадан» ауысып келген Асхат Тағыберген бар. Ұлттық құраманың орталық ойыншысы осында келіп ойын тәжірибиесіне қарық болмақшы. Бұл құрама үшін де, футболшы үшін де жақсы трансфер деп топшылап отырмыз. Себебі, Асхат «Астанада» толық ашыла алмады. Сонымен бірге, Альмир Мухутдиновты де ұмытпауымыз керек. ЦСКА академиясының ойыншысы артқы жартылай қорғаныстың діңгегіне айналған. Ол да ұлттық құрамаға шақырту алып жүрген ойыншы. Жас футболшылар Самат Жарынбетов, Евгений Левин, Жасұлан Шубаев, Рауль Джалиловтардың да жарқырайтын кездері жетті.
Шабуыл
«Тобыл» «Астананың» қосалқы фарм-клубына айналды деп жүргендерді түсінуге болады. Гурман, Малый, Тағыберген, Деспотович, Щеткин – бесеуі де «Астанадан» ауысқандар. Біреуі жалға, біреу басы бүтін ауысып жатыр. Енді келер маусымда Қазақстан құрамасының басым бөлігін «Тобыл» ойыншылары құрайын деп отыр. Қостанайлық клубтың елордалықтарға қарсы матчы өте тартысты өтеді деп сенеміз. Айтпақшы, шабуыл өтінде Тоқтар Жаңғылышбай мен Жасұлан Молдақараевтар Деспотович пен Щеткинмен негізгі құрам үшін таласады. Шабуылда бәсеке жоғары дей аламыз. Омари Тетрадзенің де діттегені осы болса керек. Команда ішінде бәсеке жоғары болса, алаңдағы ойынның да сапасы соншалықты болады ғой.
P.S. Команда үйлесімді өнер көрсетуі үшін футболшылар құрамын бірнеше жыл қатарынан ойнатуы қажет. Бір-бірін жақсы білетін легионерлер бір үйдің балаларындай әрекет етеді. "Тобыл" былай қарасаңыз легионерлерден тек Деспотовичті ғана алды. Оның өзі легионер дегенге ауыз бармайтын адам. «Тобылдың» жарты құрамы онымен бір командада ойнап үлгергендер. Демек, бұл команда биыл жоғары өрмелеуі мүмкін. «Тобыл» арнасынан тасып жатса, медальға да қол созып қалар...
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |