Балаларымызды Бразилияда оқыту қажет пе?
Футболдың Меккесі саналатын Бразилияға. Бұл негізі, қуанатын жайт. Себебі, біздің жас футболшыларымыз футбол королі – Пеленің елінде аладоптың әліппесін үйреніп жүр. Дегенмен, мұның жағымсыз жақтары да бар. Kazfootball.kz порталының тілшісі бұл материалда жас футболшыларды Бразилияға жіберудің қаншалықты дұрыс және бұрыс екенін анықтап көрген болатын.
Қазақ балалары Бразилияға барып, футболдың қыр-сырын меңгеріп жүргеніне біршама уақыт болып қалды. Нақтырақ айтсақ, 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Бразилияға жасаған сапарында сол елдің басшысы Луис да Сильвамен кездесу барысында қазақстандық жастардың «Оле Бразил» академиясында жаттығуына мүмкіндік жасаған еді. Содан бері мұхиттың арғы жағына 2 буын барып келіп, 3-ші буын биылғы жылдың басында аттанды.
Әрине, біз дәл қазір үшінші буынға ілігіп, білім алуға кеткен жас футболшылар туралы ешқандай да әңгіме айта алмаймыз. Себебі, олардың не біліп, не үйренгенін көзбен көргеніміз жоқ. Ал, алдыңғы буын туралы айтуға болады. Бірақ, бұл жерде де ауыз толтырып айтатын ештеңе жоқ секілді. Өйткені, қазір Бразилияға барған бірінші буындағы балалардың ілуде біреуі-ақ футболшылық мансапты серік етіп жүр. Өзгелері мамандығын өзгертіп, басқа салада нәпақасын тауып жүр.
Екінші буындағы футболшылар былтыр ғана елге оралды. Өзіміз атойлап жүріп қарсы алдық. Оқып, тоқығандары бар сияқты. Ол жігіттерді келе салысымен ҚФФ-ның балалар футболына жауап беретін азаматтары жас футболшыларды премьер-лига клубтарына орналастыруды уәде етті. Қазір, шынында екінші буынның біршама футболшысы ел біріншілігінде өнер көрсететін командалардың қатарында жүр. Сол жігіттерге зор үмітпен де қарайтынымыз жасырын емес. Егер, енді осы буын шалғайда алған тәжірибесін іс жүзінде дәлелдемесе, бұл бағдарлама жабылып қалуы да мүмкін.
Негізі, жас футболшыларды Бразилияға оқытуға жіберуге байланысты мамандардың пікірі екі ұдайы. Бірі бұл бағдарламаны дұрыс десе, енді бірі бұрыс деп жатыр. Осы орайда біз де бірнеше азаматтардан пікір алып көрген едік.
Мұрат Қаламбеков - «Оле Бразил» академиясының түлегі:
- Шет елге жас футболшыларды жіберу дұрыс. Мысалы, «Оле Бразил» академиясына барған бірінші буындағы футболшылардан Мирас Төлиев, Рафкат Аслан, Алексей Родионов, Берік Шайықов секілді жігіттер премьер-лигада өнер көрсетіп жүр. Дегенмен, ол жақтың да өз кемшіліктері бар. Біріншіден, жол ұзақ. Екіншіден, ол жақтың климаты басқа. Бразилияның ауа-райына үйренемін дегенше біраз уақыт өтіп кетеді. Үшіншіден, ол жақтың футболы мүлде басқа. Техникаға көп көңіл бөледі. Сондықтан да, алдағы уақытта жас футболшыларды Бразилияға емес, Еуропа елдеріне жіберсе дұрыс болады деген ойдамын. Қазір Голландия, Англия, Германия секілді елдерде академиялар көп. Сол елдердің мамандарына тапсырса, жас таланттардың томағасын сыпырып, мықты футболшы етіп шығаратын еді. Одан бөлек, футболшылар да елге жиі келіп, ата-аналарын көріп тұрады. Қаржы жағы да ыңғайлы болатын еді.
Есей Жеңісұлы – спорт журналисі:
- Балалардың барғаны дұрыс, көргені дұрыс. Жоқ дегенде жер көріп, басқа елдің өсу жолдарын танып, көкжиегі кеңіп келеді. Екі рет барған 52 баланың ішінен 5 атақты да мықты футболшы шықса, жаман емес. Қазір Рауан Сариев пен Берік Шайықовтың дақпырты біраз басылып қалды. Ересектер футболына кірігіп кету ешкімге де оңай емес. Сондықтан, оларға қол сілтей салғаннан гөрі, әр қадамына тілеулес болғанымыз дұрыс. Биылғы маусымды "Оқжетпесте" Мирас Төлиев өте жақсы өткізді. Рафкат Аслан да "Тобылдың" негізгі құрамында тәуір ойындар өткізді. Екінші кезекпен барғандар ішінде премьер-лигада Владислав Васильев ("Шахтер") қана ойнады, оның да көрсеткіші нашар емес – 15 ойын, 1 гол. Қазір елімізде футбол академиялары жаңадан құрылып жатыр, манеждер салу мәселесі де енді ғана қолға алынбақ. Мұндай жағдайда, яғни инфрақұрылым тым нашар кезде мемлекеттің осындай шешімді қадамға баруын құптауымыз керек. Көріңіз де тұрыңыз, алдағы екі-үш жыл ішінде "Оле Бразил" түлектері Қазақстан жастар құрамасының негізгі ойыншыларына айналады, одан ары ұлттық құрамаға жол салады. Бірінші түлектер болған соң да оларға барлық жағынан қиын. Әсіресе, әлеуметтің психологиялық шабуылы күшті болып тұр. Рауан неге Месси болмайды? Берік неге Рональдинью емес? Мәселе осыған сайып тұр. Ағайындар, егілген дәннен екі күннен соң алма ағашын бой көтертіп, дереу жеміс бергізетін құдірет адамда емес, табиғатта да жоқ қой. Сабырмен күтейік. Бәрі жақсы болады. Ата-ана, өскен ортасынан жырылып, үмітімізді арқалап кеткенде, елге оралған соң толассыз шабуыл көрсе, "ел футболын өсірсем" деп келген өскіннің қанаты қайырылмай ма? Оңтүстікте алғашқы академия ашылды, испан бапкерлерінен балалар тәлім алады. Ондай академиялар Ақтөбе, Атырау, Астана, Алматы, тіпті Өскеменде де ашылады. Сонда балаларымызды қиянға шығарып салудың қажеті болмай қалады. "Олебразилдіктерге" дем беріп, тамырларына су сеуіп өсірейікші, олар біздің үмітімізді сөзсіз ақтайды.
Әли Әлиев – футболшы:
- Мен балаларды шет елге оқуға жіберуге мүлде қарсы емеспін. Тек сол жас футболшылармен елімізге еңбегі сіңген, футболдың жілігін шағып, майын ішетін адамдарды қоса жіберу керек. Елімізде ондай мамандар баршылық. Сонан соң, кеткен балдардың әр ай сайын көрсеткішін бақылап отыру қажет. Бразилия бізден өте ұзақ жатыр. Сондықтан да, біз қалаған уақытымызда ол футболшылардың деңгейін біле алмаймыз. Мүмкін біздің елдегі футбол басшылары Бразилиямен арнайы келісім-шарт жасасып қойған шығар. Егер, мүмкіндік болса, мен балаларды Бразилияға емес, Франция не Голландия секілді елдерге жіберуді жөн көретін едім. Еуропадағы футбол мүлде бөлек. Ол жақта ойыншының бір қырын емес, барлық жағын ашуға тырысады. Одан бөлек қаржылай да тиімді болады.
Міне құрметті оқырман, біз пікір алған азаматтар осылайша өз ойларымен бөлісті. Бұл жерде де бірі балаларымызды Бразилияға жіберген дұрыс десе, екіншісі Еуропа елдерінде шынықтыру қажет дейді. Сіз бұған не дейсіз? Оқып, пікір қалдырыңыз?
Бізден бір ұсыныс
Өткен жылы әріптесіміз Бразилияға барып, тәлім алып жатқан футболшылардың жағдайын біліп қайтқан еді. Сондағы зерттеу кезінде әріптесіміз әр үш жыл сайын жіберілетін 25 баланың 9 айлық оқу маусымына 85 миллион теңге бөлінетінін анықтады. Ал, жалпы олардың үш жылдық оқуына 260 миллион (!) теңге кететін болып шықты. Бұл әрине аз ақша емес. Оның үстіне жас футболшыларға ай сайын жіберіп тұратын ата-аналардың ақшасын қосыңыз. Осының барлығын есептей, зерттей келе, негізі біз балаларымызды Бразилияға емес, Еуропа елдеріне жіберсек қалай болады? Енді тағы екі жылдан кейін үшінші буын да келеді. Сол кезде ҚФФ басшылары осы сұрақты қарастырып көрсе екен деген ұсынысымыз бар.
Уалихан Қосанбай
Фотолар vk.com сайтынан алынды
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |