Жасыл алаң - ел футболының айнасы
Қазақстан футбол Федерациясы мен Кәсіпқой футбол лигасы осы мәселені бұрыннан бері қадағаламай, чемпионат басталып кеткеннен кейін бас көтерді. Бұрыннан бері, бас жарылып, көз шығатындай талай оқиға болған. Жасыл алаңдардың сапасын көтеретін ешқандай да сыни әңгіме қозғамаған Одақ басшылығының түстен кейін маңырағаны, ақсақ қойдың жүрісін меңзейді. Ауруын жасырған өледі дейді ғой қазақ. Сол ауруды бұрыннан бері жасырып келдік. Футболымыздың халі мүшкіл.
Еуропаның кез-келген біріншілігіне барсаңыз мынандай мәселенің баяғыда, 90-жылдары шешіліп кеткенін айтады. Шет елдік журналистермен тілдессеңіз де еститін жауабыңыз осы. Енді, қараңыз, «Каспий» футбол клубы өзінің ойындарын Шымкентте өткізіп жүр. Күлеміз бе, жылаймыз ба? Қысылғаннан қыз болдық дегендей, амалсыз осындай жағдайға жеттік.
Енді «Ордабасы» командасының басқа алаңға барып телміргені тіптен ұят болды. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның да жасыл майсасы футбол ойнауға келмейді екен. Көктемі ақпан айында келетін, бәйшешегі ерте гүлдейтін шырайлы шым қалада қалайша табиғи шөп өсіруге болмайды?! Бұл бір жағынан күлкілі, бір жағынан адам түсіне алмайтын парадокс.
«Оқжетпес», «Шахтер» секілді клубтардың жағдайы түсінікті. Олар әркімнің есігін бір жағалап жүрген, бос стадион болса, сонда ойнай салатын нағыз көшпелі командалар. Мысалы, «Оқжетпестің» өз алаңындағы матчтарын бір маусымда 4-5 стадионда ойнайтын әдеті бар. Кейде «Оқжетпес» пен «Шахтер» ойнап жатса, алаң иелері кім екенін білмей қаламыз. Өйткені, «Астана-Арена» барлығының ортақ үйіне айналғалы қашан. «Тарлан-Арена» секілді стадиондар көп командаға ортақ.
Жасыл алаңдары табиғи шөптен тұратын және сапасы сын көтеретін Тараз, Ақтөбе, Алматының стадиондары ғана. Қалғандарында шөптерінің ортасы ашық, төбеден қарағанда шұрқ тесік, қырық жамау. Жасыл алаң – ел футболының айнасы.
Осыны қадағалайтын Футбол Федерациясында бұл мәселемен айналысатын адамдарды табу қиын. Одаққа хабарласып, қазақ тілінде жауап алу мүмкін емес. Тіпті, чемпионатты ұйымдастыратын Кәсіпқой футбол лигасының да жасыл алаңдарға бас ауыртып жатқаны шамалы. Премьер-лига клубтарының ойындары университеттердің стадионында ойналып жатқанда ел футболы қайдан дамысын. Стадион әкімшілігі футбол клубының балансына өтпей, бұл мәселе жөнделмейді. Себебі, клуб бөлек, стадион бөлек. Екеуінің басшылығы екі бөлек.
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |