Ұтсаң ұлық, ұтылсаң ұлтарақсың
Бородюктің жаңалығы
Черногорияға қарсы матчта біз Александр Бородюктің бір жаңашылығын көріп қалдық. Ол Дмитрий Шомко мен Ғафуржан Сүйімбаев екеуін бір қапталға орналастырып жібергені. Екеуі бір-бірінің орнын ойсыратпай, жоқтатпай жүрді. Өз қапталдарында екеуі де мықты екені анық. Сүйімбаев сәл жоғарырақ орналасып, жартылай қорғаушының қызметін атқарды. Құрамаға дене қуаты мығым, 90 минут шапқылап жүре алатын ойыншыларды көптеп тартқысы келетін Бородюк бұл жерде қателеспеді. Қара қыраттар елімен болған ойын соны көрсетті. Біздің ойымызша бапкер бұл өзгерісті әр ойын сайын шынықтырып, пысықтай түседі. Ал, қалған орындарда әркім өз орнында қала берді. Тек Роман Мұртазаевтың негізгі құрамда, әрі толыққанды шабуылшы болып шыққан демесеңіз. Ойын аяқталысымен, Черногория бапкері Любиша Тумбакович "әлгі 14 нөмердегі Мұртазаев ұнады" деп мәлімдеді. Роман жалғыз өзі жортуыл жасап, біршама шабуылға сеп болды. Дегенмен, жас шабуылшыға 90 минут тоқтамай өнер көрсету әлі де ауырлау екен. Болашақта бұл жігіттің негізгі шабуылшы қызметін атқарып кетуі де ғажап емес.
Исламханның жоқтығы
Қазақстан құрама командасы Еуропалық көптеген командаларға қарсы ойнады. Қарсылас құраманың бапкерлері бір ауыздан келісіп алғандай, "Сіздердің командаларыңыздың мықты ойыншысы ортадағы 9 нөмер екен" деп жататын. Сол Бауыржан Исламхан үш ресми ойынға дисквалификация алғаннан кейін орны ойсырады демесек те, жоқтығы білінеді. Кейде кесіп беретін пастары, елдің бәрін сабырға шақырғандай допты ұстап жүріп алатын, лидерлік қасиеттері керек-ақ еді. Дегенмен, құрамамыз ешқашан бір ойыншыға қарап қалмауы тиіс. Кезінде Украина құрамасы Андрей Шевченко жарақат алған шақта да жеңісті жолын жалғастыра беретін. Жарақатына байланысты Георгий Жуков және сол ойында екінші сары қағазын алған Мақсат Байжанов Польшаға қарсы кездесуге шыға алмайтын болды. Енді ортада кімің қалды? Көптеген мүмкіндікті голға айналдыра алмаған Исламбек Қуат бұл жолы өз кінәсін жуып-шаюға тырысар. "Ертісте" алыстан соққы жасап, голдар соғып жүрген Аслан Дарабаев бәлкім осы жолы негізгі құрамнан орын табар. Асхат Тағыбергенді де ұмытпаймыз.
Тазы ашуын тырнадан ала ма?
Польша құрамасы бізбен қатар кездесу өткізіп, ауыр соққы алды. Дания құрамасы поляктарды 4:0 есебімен тас-талқан етіп ұтты. Кристиан Эриксен бастаған жігіттер Польшаны сабасына түсірді. Бұлайша жеңіледі деп ешкім ойламаған еді. Енді ызалы тұрған Польша ашуын Қазақстаннан алар ма екен? Оның үстіне Роберт Левандовски Криштиану Роналдумен сұрмергендер көшінде тартысып келеді. Португал ойыншысы хет-трик жасап, Робертті артқа тастады.
Ұтсаң ұлық, ұтылсаң ұлтарақсың
Варшаваның "Фредрик Шопен" атындағы әуежайына қона салысымен Давид Лориямен тілдесіп қалдық. Бізді кеше «Астана-Аренада» жанкүйерлер сөзбен сыбап салды. Иә, жеңілгеніміз рас. Нашар ойнадық. Бізді солай қатты сынға алатынын білеміз. Бірақ, шамамыздың жеткені сол ғана болды. Ал, егер ертең Польшамен тең түсіп, ұпай алатын болсақ, бізді жанкүйерлер қайтадан мақтай жөнеледі. Біздің фанаттарымыздың менталитеті сондай деп қысқа қайырды. Әрине, Давидтің сөзінің жаны бар шығар. Кейбір елдердің жанкүйерлері ұтылса да, ұтса да қолдауын аямайды. Алайда, бұл пікірде әркімнің ойы бөлек.
P/S
Польша астанасы Варшавада күн салқын. Қайта-қайта себелеп жаңбыр жауады. Ертең баспасөз мәслихаты мен ойын алдындағы ашық жаттығу өтпек. Сол уақытта құраманың да кескіні кішкене анықталып қалар.
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |