Бордай тозған болашақ
Барлығын басынан бастасақ. Алдымен бұл ақпарат шыққан кезде көпшілік қауым қуанды. Балаларымыз Бразилияда оқыса, ел футболының болашағы жарқын болар деп үміттенді. Қазақ футболына деген сенім пайда болды. Бірақ, алғашқы лек ойыншылары Бразилияға бір барып келгеннен кейін бұл сенім сейіле бастады. Футболшыларымыздың үйренгені көп болмай шықты. Қазақстандағы осы жастағы жігіттердің ойынынан аса қатты айырмашылық байқалмады. 25 футболшының барлығы да керемет футболшы болмасы анық еді. Алайда, олардың арасында ерекшеленіп көрсетілген Рауан Сариев пен Берік Шаихов. Ол екеуінің ел біріншілігінде әлі де болса аттары шыға қояр емес. Олардан өзгелері қазір қайда және немен айналысып жүргені белгісіз. Екінші лек тағы да сол «Оле Бразил» академиясына кетті. Олардан да аса қатты нәтиже көре қоймадық. «Бәйтерек» сапына қосылған олар бірінші лигада соңғы орында жүр. «Гранаткин мемориалына» барып, кім көрінгеннен жеңілдік. Сол U-17 құрамасының сапында 7 бірдей «Оле Бразил» түлектері болды. Осыдан кейін Бразилиядағы академияның біліктілігіне тіпті сенім азайды. Осы арада мен мынандай фактілерді келтіргім келіп отыр. Бұл «Бразилиядағы қазақ футболшыларының жай-күйі» деген тақырыппен шыққан мақаламнан үзінді.
«25 баланың 9 айлық оқу маусымына 85 миллион теңге бөлінді. Олардың 3 жылдық оқуына жалпы сомасы 255 миллион кетеді.
Бірінші топ оқу-жаттығуды бастағаннан кейін 8 бірдей баланы «Оле Бразил» елге қайтарды. Ешқандай да футболға икемі жоқ деген уәж айтылды.
Бұл жерде логикалық сұрақ туындайды. Егер олар Бразилияға барғанда да жасанды алаңда жаттығатын болса, 25 баланы Латын Америкасына жібергенше, оларды жаттықтырып жатқан үш бапкерді Қазақстанға шақырта салған жөн болмас па еді?!».
Кешегі жиында осыған ұқсас бір пікір айтылды.
«Бұған жылына 100 миллион теңге кетеді. Биыл 200 миллион төлейміз, 25 бала 3 жыл бойы оқып келеді. Осы уақытқа дейін елу бала Бразилия академиясын бітіріпті. Алайда, олардың ешқандай да жетістігін көре алмай отырмыз. Бразилиядан келгендерді «Бәйтерек» клубына алып келдік, ол клуб жеңілістен көз ашқан жоқ. Қазақстан жастар құрамасында да бар. Алайда, Санкт Петербордан олар ең соңғы орын алып келді. Бұл қалай?». Бұл сөздер Нұртай Сәбилянов мырзаға тиесілі. Ашығын айтуымыз керек, осыған дейін қазақ журналистерінің жазып та, айтып та келген дәлелдемелері өз нәтижесін берді. Жазылған мақалалар мен түсірілген арнайы репортаждарымызды депуттаттар мен билік басындағылар көріп, сараптама жасады деген сөз. Осыған орай кеше министрдің де мәлімдемесі шықты. Енді келесі жолы Германия немесе Нидерланды елдерінің академияларын таңдайтын боламыз. Қазақстанның жас аяқдопшылары Еуропаның ірі академияларында тәлім алатын болады.
Шынемен де, осыған дейін нақты көрсетілген проблемалар өте ақаулы екені рас. Біріншіден, Бразилияда академиялар соншалықты мықты жұмыс жасамайды. Ол жақтың футболшылары көбінесе тума таланттар. Табиғи футболшылар. Екіншіден Бразилияда оқыған қазақ жастарының орта білім алу мәселесінде де қиыншылықтар туындаған. Олар бара салып португал немесе испан тілін оқыған. Одан гөрі Еуропа елдерінде ағылшын тілін оқып, еуропалық білім беру әдістемесін алғандары дұрыс. Бразилияға барып келген футболшыларымыздың былай қарасаңыздар болашақтары бұлыңғыр. Футболда қалғаны қалды, қалғаны қайда барары түсініксіз. Қазақстанда ең болмаса португал мен испан тілін білгеннің өзінде де керемет жақсы қызметке орналаса алмайсыз. Оның үстіне әлгіндей айтып отырғанымыздай білім деңгейі де төмендеу. Өйткені олар жетінші сыныптан кейін Қазақстанда білім алмаған адамдар.
Шығар қорытынды, үш лек қатарынан Бразилияда тәлім алған жастарымыздың ішінен бірлі-жарым футболшы шықса, шығып та қалар. Қалғаны да ел футболына қызмет ететін шығар ... Дегенмен ең бастысы бұл жобаның бағытын дер кезінде ауыстыруымыз қажет. Ендігі жолы Еуропа академияларын көруіміз керек. Бағытты солай қарай ұстағанымыз жөн. Көп жылдар бойы қақсап айтып келген жанайқайымыз еститін құлаққа жетті. Енді осыдан жақсы бір қорытынды шықса. Өйткені, бәріміздің алаңдаушылығымыз қазақ футболы ғой.
Тағы бір тілек қалып отыр. Келер жолы егер жастарды Еуропа академиясына оқуға жіберетін болсақ, ел ішіндегі іріктеуді жариялы түрде, әділ өткізсек!
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |