Димитров VS Стойлов. Кім мықты?
7-тур. 23-сәуір.
“Оқжетпес” – “Ордабасы”
Турнирлік кестедегі көршілер арасындағы ойын қызық болары анық. Көкшетаулықтар алғашқы үштікті қорытындылап, 13 ұпай еншілеп тұр. Ал, “Ордабасы” болса 10 ұпаймен төртінші тұр. Бірақ, қос команда соңғы ойындарын өте жақсы өткізді. “Оқжетпес” Теміртауда “Шахтерді” ұтты. “Орда” өз алаңында “Қайратты” жеңді. Екі ойынның да нәтижесі 1:0.
Испан футболының элементтерін көрсетіп жүрген “Оқжетпесте” осы аптада қуанышты жаңалықтар орын алды. Оның бірі бас бапкер Владимир Мұқановтың туған күні. Тәжірибиелі маман 62 жасқа толды. Осындай түрлі жағымды жаңалықтар көкшеліктерді жеңіске жетелеуі ықтимал. Ойын “Астана-Арена” стадионында өтеді. Бұл стадионда “Ордабасы” сирек жеңіледі. Әсіресе, “Астанамен” ойнаған ойындарда тіпті көбісінде үш ұпай алып кетіп жатады. Тартысқа толы кездесуді жанкүйерлер тағатсыздана күтіп отыр. Бұл осы турдағы № 2 матч. Өйткені матчдэйдің басты кездесуі “Ертіс” – “Астана” ойыны болмақ.
“Тобыл” – “Жетісу”
Дмитрий Огай мен Алмас Құлшынбаев арасындағы тартыс қалай өрбуі мүмкін. Екі маман бір-бірін бұрыннан жақсы біледі. Тіпті, екеуі кезінде бір командада доп та тепкен. Алайда кейін, Құлшынбаев Огайдың қол астында ойнады. Дмитрий Огай бапкерлік қызметте Алмас мырзадан анағұрлым мықты екені анық. Тәжірибиесі толысқан маман жас бапкерге бұл жолы қандай тосын-сый дайындар екен? Сырт алаңда “Астанаға” жеңілгеннен кейін қостанайлықтар өз алаңында “Жетісуды” жеңуге тырысып көреді. Ал, талдықорғандықтар соңғы ойында өз алаңдарында “Таразды” ұтып, чемпионаттағы алғашқы жеңістеріне қол жеткізді.
“Тараз” – “Атырау”
Соңғы төрт ойынды қатарынан жеңіліп келе жатқан “Тараз” өз алаңында “Атырауды” қабылдамақ. Өткен жылғы бұл командалар арасындағы ойын 0:1 есебімен, қонақтар пайдасына аяқталған болатын. Жамбылдықтар өздері ойнаған кездесудің барлығында да таблодағы көрсеткіш өзгеріске ұшыраған. Яғни 0:0 деген есеп мүлде тіркелмейді екен.
“Ақжайық” – “Шахтер”
Алты ойында үш гол ұрған “Ақжайық” қарағандының “Шахтерін” қабылдайды. Оралдықтардың жасыл алаңы сын көтермейді. Жасанды төсеніші төменгі сападан келсе керек. Дегенмен, сырттағы ойындарда да “Ақжайық” гол соғып қарық қылып жүргені шамалы. Талғат Байсуфиновтың командасында шабуыл шебінің нашарлығы “Шахтер” үшін қол болуы ықтимал. Себебі, “Шахтер” қорғанысты мықтап ұстайтын команда. Бірақ, “кеншілердің” де шабуылы оңдырып тұрған жоқ. Олар біріншілікте тек бір ғана гол соққан. Әрі әлі күнге дейін жеңіске жетіп көрмеген команда. Осындай мәліметтерден кейін кездесу тең аяқталып қалуы да ғажап емес қой.
“Ертіс” – “Астана”
Ел-классико! Қос мықтының арасындағы тартыс. Өткен турда рекордқа балта шабылды. Давид Лория қақпасына Самат Смақов пенальтиден гол соқты. Сонымен, қақпашының гол жібермеген уақыты 585 минутты құрады. Қос команда ұпай жоғалтпай, 100 пайыздық көрсеткішпен келе жатқан еді. “Ақтөбе” “Ертістің” статистикасын әбден құртты. Болгариялық бапкерлер Димитров пен Стойловтың арасындағы теке тіресте кім басымдылық танытар екен?! Бұл матчты бір өкініштісі елімізде ешбір арна эфирден көрсетпейді. Әйтпесе, әжептеуір рейтингтік кездесу болғалы тұр. Афишасы ақырып тұрған ойынның интернет-көрсетілімін біздің сайттан тамашалай аласыздар!
“Қайрат” – “Ақтөбе”
Соңғы кездері танымал әрі хитқа айналған 7:1 деген есеп еске түсе қалады. Бұл есеп осы командалар арасында да тіркелген. Алматылық жанкүйерлер “Ақтөбе” фанаттарын жақтыра бермейді. Ғаламтор бетіндегі түрлі форумдардағы сөз талас, стадион маңындағы жаға жыртысқа айналып та жатты. Бұл жолы тәртіп сақтау қызметкерлеріне осы жағынан абай болған жөн. Ал, ойынның өзіне тоқталсақ Цхададзе бұл матчта жұлдызды футболшыларын ойнатып, жақсы нәтиже көрсетпесе Боранбаев тағы да бапкер іздеуге көшетін шығар.
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |