Ширек финалға Бірінші лигадан кім шығуы мүмкін?
Қазақстан Республикасының Кубогы. 1/8 финал. 27-сәуір.
“Оқжетпес” – “Тараз”
Көкшетаулық команда осы күні ойынымен көпшілікті таңқалдырып жүр. Өте жылдам шабуылдап, бірден қорғанысқа жатып алатын команда. Қарымта шабуылдары тіпті өткір. Мұндай мәнерде футбол ойнайтын команда елімізде некен-саяқ. Өткен турда олар “Ордабасының” өзін “тырп” еткізбеді. 2:0 есебімен жеңіске жетті. “Тараздың” жағдайы қиын. Бұл ойында не істерін білмеуі мүмкін. Өз алаңында “Атыраумен” тең түскеннен кейін, сырттағы ойынға қандай дайындықпен келді екен? Жалпы “Таразға” Қазақстан кубогы аса қатты керек пе деген де сауалдар туындайды. Команданың биылғы бар мақсаты премьер-лигадағы орнын сақтап қалу болмақ. Сондықтан, ертеңгі матчта барынша қорғанысты мықтап ұстаған жөн. Жалғыз үміт, қорғаныста.
“Қайрат” – “Шахтёр”
Чемпионатта тең түскен қос қарсыластың ойынын “KazSport” арнасынан тамашалай аласыздар. Біріншіліктегі ойынның жайы бір басқа, бұл кездесудің жайы бір басқа болмақ. Одан бері екі командада кішкене де болса жеңістен күш алып қалды. Алматылықтар “Ақтөбені” ұтып бір желпінсе, “кеншілер” сырт алаңда “Ақжайықты” жеңіп алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Алайда, Кахабер Цхададзенің команданы күшейтіп келе жатқаны көрініп тұр. Демек, анық фаворит алматылықтар деген сөз.
“Атырау” – “Алтай”
“Атырау” өз алаңында “Алтайды” қабылдайды. Бірінші лиганың биыл чемпионы боламыз деп отырған шығысқазақстандықтар Жайықтың жағасына әжептеуір сеніммен бара жатыр. Өйткені команда осындай мықты қарсыластармен өтетін кездесуде өздерін сынап алуды жөн санайды. Әрі кубок бәсекесінде неғұрлым ұзақ баруды мақсат тұтып отыр. Колодин мен Карпович бастаған жігіттер Никитенко командасын кәдімгідей тығырыққа тіреуі ықтимал. Тіпті, бірінші лига командасы ширек финалға өтіп кетсе де таңқалмаңыздар. Себебі, теке тірес тағдыры небәрі бір ғана ойында шешіледі.
“Ақжайық” – “Ертіс”
“Ертіс” биылғы маусымда Кубокты жеңуді көздеп отыр. Чемпионаттағы мүдде бір басқа. Жалпы, керекуліктердің мақсаты, түпкі ойлары келер маусымда еурокубокта өнер көрсету. Ал, кубоктың жеңімпазы, не болмаса финалына дейін жетсе бұл мүмкіндік ашылып қалуы әбден ықтимал. Айта кетуіміз керек, Қазақстан кубогының ширек финалының жеребе тарту рәсімі 29-шы сәуір күні өтеді. Ол ойындар 25-ші мамыр күніне жоспарланып отыр.
“Тобыл” – “Қызыл-Жар СК”
Дмитрий Огай өз алаңында “Жетісумен” ұпай бөліскеннен кейін жергілікті жанкүйерлер алдында ұятты жағдайды бір шайып алуға себеп тауып отыр. Алайда, “Қызылжардың” да қарап қалмасы анық. Әли Әлиев секілді тәжірибиелі жартылай қорғаушысы бар солтүстікқазақстандықтар тегеурінді қарсылық көрсетері анық. Дегенмен, фаворит қостанайлық команда. Владимир Фомичевтің қорғанысты қалай мықты қойып, футболшыларға өте қатал қарайтынын Дмитрий Алексейұлы жақсы білсе керекті.
“Астана” – “Каспий”
Ақтаулықтардың құрамында бірнеше африкалық ойыншы бар. Олар тіпті өз құрамаларында өнер көрсетіп, іріктеу тірнирлерінде гол да соғып жүр. Дегенмен, қазақстанда осы күні “Астанаға” тең келер команда болмай тұр. Аруна Лукман мен Бесарт Абдурахими секілді ойыншыларды алып күшейіп алған “Астана” “Каспийді” аса қатты қиналмай жеңе алары анық. Алайда 8-ші турда елордалықтар өз алаңында “Қайратты” қабылдайды. Бұл турдың басты матчы болғалы тұр. Өткен жылы өздеріңіз білесіздер Алматыда “Қайратты” жеңу үшін Стойлов “Атлетикоға” қарсы ойынға екінші құрамды апарды да, негізгі ойыншыларды Алматыға дайындады. Сол секілді оқиға бұл жолы да қайталануы әбден ықтимал. Оның үстіне болгариялық бапкер футболшыларының 7-ші турда қатты шаршағандығын біліп отыр. Олар сыртта “Ертіспен” 2:2 тең түсті емес пе? Демек, ақтаулықтарға қарсы ойында Біржан Күлбеков, Берік Шайыхов, Геворг Наджарян, Алексей Щеткин, Асхат Тағыберген, Александр Мокин, Марк Гурман секілді ойыншылар шығып қалуы мүмкін. Олардың өзі де ақтаулықтарды жеңе алатын қауқарда.
“Ордабасы” – “Қайсар”
“Ордабасыға” кубок керек. Өйткені, чемпионатта алғашқы үштікке ене кету оңайға соқпайын деп тұр. Олай болатын болса, команда еурокубоктан қағылуы мүмкін. Сондықтан, қызылордалықтарды өз алаңында жеңуге тырысу керек. Ал, жалпы премьер-лига командалары бұл сыннан сүрінбей өтуі тиіс. Бірінші лига командасынан жеңіліп қалу кімге абырой әперсін?!
“Ақтөбе” – “Жетісу”
“Астана-Аренадағы” ойында қос команда бес гол соғып жанкүйерді голға қарық қылып еді. Бұл жолы қалай болар екен? Кубоктың ойындары көбінесе қорғаныс арқылы, жабық түрде өтетін әдеті бар. Бұл ойын мәнері Алмас Құлшынбаев шәкірттеріне жағымды. Ал, “Ақтөбе” “Қобыланды батыр” стадионында барын салары анық. Қазақстан кубогы ақтөбеліктерге жақсы бір мүмкіндік беруі мүмкін. Алматыда “Қайратқа” ірі есеппен жеңілгеннен кейін, өздерін көрсететін мүмкіндік туып отыр. Ол ойынға қатыспаған Самат Смақов осы ойында тың, әрі жақсы көңілмен шығары анық. Жеребе берген жақсы мүмкіндік – өз алаңыңдағы ойын екені рас. Соны толығымен пайдаланып қалған дұрыс.
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |