Сегізінші тур сұрапыл тартысқа толы болмақ
8-тур. 1 мамыр.
“Ордабасы” – “Ақжайық”
Екі бөлек алтылықтың командалары арасындағы ойын. Алғашқы алтылықтың командасы екінші алтылықтың командасын өз алаңында қабылдаған кезде міндетті түрде жеңіске жетуі керек. Солай деп болжануда. Бірақ, доп домалақ, алаң тегіс деген сөз бар. Сол сөздің алаң тегіс деген жері ел футболына кішкене келіңкіремейтін секілді. Себебі, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы “Орталық” стадионда жүгірген доп секең-секең екенін байқауға болады. Дегенмен, сол алаңда ойнап үйренісіп қалған “Ордабасы” жеңіске жетуге мүдделі. Шамасы да жеткілікті. Өз алаңындағы ойында кем дегенде бір гол соғатын шымкенттіктер “Ақжайық” қақпасынан саңлау табары анық. Ал, оралдықтар соған жауап қайтара ала ма? Мүмкін. Бірақ, өте қиын.
“Тобыл” – “Тараз”
Дмитрий Огай бас бапкерлік қызметінен кетті. Осының алдында жазғанымыздай бұл маман қызметінен босатылуы ықтимал бапкерлердің алғашқы үштігінде көш бастап тұрған. Өткенде өз алаңында “Қызылжардан” жеңіліп, жанкүйерлер алдында “жер” болған команда Огайды қызметтен босатты. Оның орнын кім басары әзірге бегісіз. Шамасы, ресейден немесе шет елден маман келіп қалады-ау. Ал, оған дейін Дмитрий Алексейұлы өзінің сүйікті “Тараз” командасына жанкүйерлік ете тұрады. Тіпті, кейбір алып-қашпа әңгімелер Дмитрий Огайды “Тараздың” бас бапкері болады деп топшалап отыр. Нұрмат Мырзабаевқа осы күндері тәжірибиелі бапкердің көмегі қажет-ақ. Сол бапкер тәжірибиесінің аздығынан команда “Астанаға” соңғы минуттарда жеңіліп қалды. Және осы жақында ғана кубоктық ойында “Оқжетпестен” 2:1 есебімен жеңілді. Он адаммен қалған көкшетаулықтарды қосымша уақытқа жеткізгенде жамбылдықтар жеңіске жетуі әбден мүмкін болатын.
“Жетісу” – “Ертіс”
Әзірге жеңіліп көрмеген “Ертіс” сол күйі жеңілмей кетуді көздейді. Чемпионаттың алғашқы айналымын солай аяқтасақ деп ойлайды. Сыртта өткізген үш ойында павлодарлықтар алты гол соққан. Демек, әр ойынға орташа есеппен екі голдан. Бұл талдықорғандықтар үшін жағымды статистика емес. Өз кезегінде Құлшынбаев шәкірттері Талдықорғандағы төрт ойында төрт доп салыпты. Демек әр ойында бір голдан. Есеп 1:2 болса, онда бұл заңдылық деп есептей беріңіздер.
“Шахтер” – “Атырау”
Огайдан кейін қызметінен Вукушичте кетуі мүмкін. Кейбір бапкерлер жеке түйіндемелерін Қарағандыға жіберудің аз-ақ алдында отыр. Дегенмен, жалпы “кеншілердің” ойыны жаман емес. Өткенде ғана олар алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Сыртта “Ақжайықты” ұтты. Сегізінші турға дейін қарағандылықтар небәрі екі гол салды. Бұл шабуыл өтінің нашарлығы деген сөз. Қорғанысы мықты дейін десек, кубокта олар “Қайраттан” төрт доп жіберіп алды. Дегенмен, “Атыраудың” да шекесі шылқып тұрғаны шамалы. Адуынды “Атыраудан” арын жоғалғалы қашан. Көптеген легионерлері өз-өздерін ақтар емес. Мақтаулы марқасқалар әзірге жасыл алаңда тек мақта терумен ғана айналысып жүр. Бұл матчта алаң иелері жеңіске жетіп жатса таң қалмаңыздар.
“Ақтөбе” – “Оқжетпес”
Бұл командалардың арасында ортақ дүние көп. Марат Хайруллин! Владимир Мұқанов! Міне, осы екі есім “Ақтөбе” үшін талай жыл тер төккендер. Тіпті, “Оқжетпестің” баспасөз қызметшісі Марат Жұмабаев та “Ақтөбенің” жаңалығын көп жылдар бойы жарғақ құлағы жастыққа тимей жариялап келді. Демек, көкшетаулық команда үшін бұл мінезді, әрі маңызды матч болмақ. Жаңадан жасақталынған “Ақтөбе” өз стадионында жеңіске жетпеу деген өте ауыр сезім екенін аңғарып қалды. Бұл жақтың жанкүйерлері жеңіліс кезінде жандарын түтіп жейді. Әуежайдан күтіп алып, футболшыларға талап қояды. Сондықтан, бұл кездесудің қызығы мен шыжығы көп болайын деп тұр. Ал, турдың басты ойыны дегенмен, басқа ойын екені даусыз.
“Астана” – “Қайрат”
“Астана” жеңіліп көрмеген команда. Осы жолы шынымен де бұл пәктіктен айырылуы мүмкін. Қарсылас қатулы. Гол соқса команда жеңіске жететінін енді түсінгендей болып жүрген “Қайраттың” шабуылы қотандағы қойды, табындағы тайды үркітеді. Мың сан қолмен жайпап өтетіндей көрінеді. Алайда, елордалық командада бір күш бар. Ол ту сыртта тұратын қолбасшы. Алаң жиегіндегі теоретик Станимир Стойлов. Футболда тактика мен айланың зор ықпалы пайда болғалы бері футболды жасыл алаңның сыртындағы ақыл көбірек шешетін болып жүр. Ақылдағыны аяққа түсіріп ойнайтындардың тартысында ақылды ғана дегеніне жетсе керек. Цхададзе мен Стойловтың теке тіресінің алғашқы парасы қалай болмақ. Бұл тұрғыда өз басымыз болгариялық бапкерден көп үміт күтеміз. Бірақ, алматылықтар да аянып қалмас. “Астана-Аренада” жеңіске жетуді білетін ұжымға айналғалы қашан?!
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |