Дербилер туры
9-тур. 5-мамыр.
“Оқжетпес” – “Астана”
Тоғызыншы турдың басты ойыны Щучинск қаласында өтеді. Владимир Муханов осы жолы қулыққа барды. Әшейінде, “Астана-Аренада” ойнап жүрген команда, осы матчты “өз алаңында” өткізуді жөн санап отыр. Өз алаңы болғанда да ол кәдімгі Көкшетаудағы “Орталық” стадион емес. Шучинсктегі “Жақсы” деп аталатын сауықтыру кешені. Онда көптеген компаниялар қызметкерлерімен демалуға барады. Тура сол жерде енді Қазақстан чемпионатының екі лидерінің арасында ойын өтеді. Ол жақтағы жасыл алаңның сапасы ешкімге белгісіз. Бұл елордалық ойыншылар үшін нағыз шок болғалы тұр. Әйтпесе, “Оқжетпесті” Көкшетаудың командасы деуден қалып едік. Үш ай қыста Түркияда, одан бері Астанада жүрген команданы Көкшетаулық деп атауға ауыз бармайды.
“Ақжайық” – “Ақтөбе”
Батыстың дербиі. Көршілес жатқан қос облыстың командаларының шама-шарқы шамамен бірдей. Негізі әрине, ойын тұрғысында ақтөбеліктердің мықтырақ екені анық. Алайда, оралдықтар өз алаңында жақсы ойнауға тырысады. Жергілікті жанкүйер алдында жеңіле беру кімге ұнасын. Байсуфинов командасы өліспей беріспейтіні анық.
“Ертіс” – “Тобыл”
Чемпионаттың ашылуы деген атаққа әбден лайық команда деп “Ертісті” айтуға болады. Димитар Димитров командасы әр тур сайын таң қалдыруда. Өткенде сыртта “Жетісуды” талқандады. Бұл жолы бапкері жоқ “Тобылға” не істер екен? Әр ойын сайын кем дегенде екі гол соғатын керекуліктер кезекті екі голды тағы ұрса, қостанайлықтар оған соншалықты жауап қайтара алмайды ғой. Демек, “Оқжетпес” пен “Астананың” арасындағы ойыннан жағымды нәтиже күтетін “Ертіс” турнирлік кестеде бірінші орынға шығуы мүмкін. Турнирлік кестеде осы турда шынымен де лидер ауысуы ықтимал.
“Тараз” – “Шахтер”
“Тараз” биылғы маусымда премьер-лигадағы орынды сақтап қалуы тиіс. Мақсат сондай. Себебі, жергілікті жастар биыл тәжірибие жинақтауда. Ал, келесі жылы олар тегеурінді командаға айналмақ. Сондықтан, жас буынды тәрбиелеу жұмыстары жақсы жүріп жатыр десек болады. Тек Нұрмат Мырзабаевқа бұл тұрғыда кішкене тәжірибие жетіспейтін секілді. Алайда, жамбылдықтар өз алаңында “кеншілерді” тығырыққа тіреуі мүмкін. Мәлік Мане мен Игорь Зеньковичтің нәтижелі шабуылдары “Шахтер” қорғанысын бұзуы ықтимал. Турнирлік кестенің түбіндегі қос команда арасындағы ойын алты ұпай үшін талас болары анық. “Тараз” өз алаңында жақсы ойнайтын ұжым. Біріншілік бойы жинаған бес ұпайды олар өз алаңындағы матчтарда тірнектеп жинады. Бұл ойын сондай кездесулердің қатарынан.
“Атырау” – “Ордабасы”
Көпшілік қауым бұл ойынды тең аяқталады деп жүр. “Атырау” алты ұпаймен сегізінші орында. Ал, “Ордабасы” он үш ұпаймен төртінші орында. Жеті ойында небәрі үш гол ұрған “мұнайшылар” шымкенттіктер қақпасына ары кетсе бір гол соғар. Одан арыға шамасы жетпес. Ал, шымкенттіктер ше? “Орда” сыртта өткізген үш ойында үш қана гол ұрған. Бірақ, соңғы ойындарда Дәуренбек Тәжімбетовтың аяқ алысы жаман емес. Шабуыл шебі Байсейітов командасында мығымырақ. Ал, “Атырау” сапында Трытько, Макась секілді мақтаулы футболшылар өз-өздерін көрсете алмауда.
“Қайрат” – “Жетісу”
Турнирлік кестеде қос команданың үпай айырмашылығы небәрі екі-ақ ұпай. Бірақ, бұл жағдайға қарап команда деңгейі шамалас деп ойлау қателік. “Қайрат” кім?, “Жетісу” кім? Бюджет басқаша, ойыншылар таңдауы да басқаша. Әлемдік ареналарда доп теуіп келген орындаушылар алаңда көн нәрсе шешетіні анық. Бір облыстың командаларының матчын біз дерби деп айта аламыз. Демек, осы аптадағы тоғызыншы турда бізде екі бірдей дерби бар. Ол Ақмола мен Алматы облыстарының дербилері. Дербиі жоқ дербес ел біз ғана ма деуші едік. Бізде де баршылық болып шықты. Оған батысқазақстандық дербиді қоса кетіңіз. Қорытындылағанда апта ортасындағы тоғызыншы тур қызыққа толы өтері анық. Әр тур сайын ішкі біріншілігіміз құлпырып келе жатқандай.
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |