Марат Хайруллин: "Төрешінің орынсыз жасаған қателігінің кесірінен ұпайдан қағылдық"
- Марат, cоңғы турда "Ақтөбеге" қарсы өткен кездесу туралы өз ойыңызды айтып өтсеңіз ...
- Бұл жерде енді артық ештеме де айтудың қажеті жоқ шығар. Екі мықты клубтар ойнады. Бірінші тайм біздің басымдылықпен өтті. Бірақ, біз өзіміздің мүмкіндігімізді дұрыс пайдалана алмадық. Екінші таймда алаң иелерінің ойыны жүре бастады. Жанкүйерлердің қолдауы арқылы алға қарай ұмтылды. Ол матчтың ең дұрыс есебі - 0:0 еді. Дегенмен, төрешінің орынсыз жасаған қателігінің кесірінен ұпайдан қағылдық. Сол сәтте төрешіге барлығымыз жағдайды қалай болғанын түсіндірдік. Тіпті қайталаудан да қарап көрсеңіз болады. Ол жерде біздің қорғаушы "Ақтөбе" ойыншысына тіпті жақындаған да жоқ. Ал, Антонов болса айып добын белгіледі. Әрине, төрешінің бұл шешімімен біздің клуб мүлде келіспейді. Десе де, бұл - футбол. Ондай сәттер болып тұрады. Бүгін басқа команданың пайдасына шешім шығарса, ертең біздің пайдамызға да шешім шығаруы ықтимал.
- Сіздің "Ақтөбеде" бірнеше жыл өнер көрсетіп, бұл ұжым туған командаңыздай болып кеткені белгілі. Басқа клубтың сапында келгеніңізде жанкүйерлер Сізді қалай қарсы алды?
- Иә, мен "Ақтөбеде" көп жыл ойнадым. Шынымды айтайын, осы жылдары өкінішке қарағанда, қуанышты сәттер көп болды. Команда мықты еді. Ұжымның ұйымшылдығы бір бөлек әңгіме. Көз тиді ме, сөз тиді ме білмеймін, өткен жылдың соңында айрандай ұйып отырған команда тарқап кетті. Мен дәл қазір оған ешкімді кінәлағым келмейді. Әр клубтың тарихында тоқырау кезеңдері болып тұрады ғой. Қазір мүмкін "Ақтөбеде" сондай уақыт шығар. Жанкүйерлерге келетін болсақ, Ақтөбеде Қазақтанның ең үздік жанкүйерлері жиналған. Ондай қолдауды сіз басқа еш қаладан көрмейсіз. Мен онда өнер көрсеткенімде клубтың жетістігі үшін бар күшімді салатын едім. Еткен еңбегімнің жемісі де болар. Мені жанкүйерлер жақсы күтіп алды. Тек мені емес, бүкіл команданы жақсы күтіп алды. Сол үшін де жанкүйерлерге ерекше алғысымды айтқым келеді.
- "Ақтөбе" клубы өткен маусымда өнер көрсеткен өзінің біршама футболшыларына қарыз болып қалды. Бұл клуб Cізге берешек емес пе?
- Иә. Әлі азын-аулақ ақша беру керек. Бірақ, басқа футболшыларға қарағанда менікі көп сомма емес. Негізі қаржылық қиындық әр клубта болады ғой. Бұл жағдайдан "Ақтөбе" жуық арада шығып кетеді деп ойлаймын.
- "Оқжетпеске" ауысу туралы ұсыныс қалай пайда болды?
- Өткен жылдың соңында менің "Ақтөбе" клубымен келісім-шарт мерзімім аяқталған еді. Клуб маған жаңа шартнама ұсынбады. Сол үшін жаңа клуб қарастыра бастадым. Сол уақытта Владимир Муханов хабарласып, оқу-жаттығу жиындарына шақырды. Бірінші жаттығу жиындарынан кейін-ақ "Оқжетпеспен" келісім-шартқа отырдым.
- Сіз Владимир Мухановпен "Ақтөбе" сапында бірге жұмыс істедіңіз. Бұл маманның артық қырларын айтып өтсеңіз ...
- Дұрыс айтасыз, мен Владимир Васильевичпен "Ақтөбе" сапында бірнеше жыл бірге жұмыс істедім. Сол кездің өзінде менің ол кісінің мықты маман екеніне көзім жеткен. Команда ішінде темірдей тәртіп болғанын қалайды. Әрбір жайтқа назар аударады. Ал, ойын кезінде допты көп бақылап, қорғаныстан шабуылға тез шығуды талап етеді.
- Биыл ел біріншілігінде Cіз айып добынан екі гол соғып үлгердіңіз. Жаттығу кезінде айып доптарына арнайы уақыт бөліп, шеберлігіңізді шыңдайсыз ба?
- Негізі мен бұған дейінгі командаларымда айып тобын орындайтын едім. Бірақ, ол кезде жиі сәтті шыға бермейтін. "Оқжетпес" сапында екі голыма бір жағынан таң қалып, бір жағынан қуанып жүрмін. Әрине, мен жаттығу кезінде үнемі айып добын теуіп дайындаламын. Техникамды шыңдап, соққымды қою үшін. Бұйырса, алдағы уақытта айып добынан әлі талай гол соғамын деген ойдамын.
- Бүгінгі күні "Оқжетпес" үздік үштіктің қатарында келеді. Көкшетаулық клуб жеңісінің құпиясы неде?
- Владимир Васильевич Көкшетауда мықты ұжым қалыптастыра білді. Біздің басты күшіміз - бірлікте.
- "Оқжетпес" қазір үздік үштікті түйіндеп тұр. Бұл орынды сақтап қалу мүмкіндіктеріңіз қалай?
- Маусым енді ғана басталды ғой. Сол үшін мен сұраққа қазір нақты жауап бере алмаймын. Ол уақыттың еншісіндегі дүние. Ал, біз өз тарапымыздан қолдан келгенше чемпионатты үздік үштікте аяқтауға тырысамыз.
- Келесі турда Cіздер "Астанамен" кездесу өткізесіздер. Осы ойын туралы ойыңызды айтып кетсеңіз. Бұл ойыннан не күтесіз?
- "Астана" биыл қамшы салдырар емес. Ұпайдан шашау шығармай, көш басында келеді. Енді олар Чемпиондар лигасына дейін жағдайларын жақсартып алулары қажет. Ал, біз үздік үштікке таласамыз. Оның үстіне биыл біз алғаш рет Көкшетауда, өз жанкүйерлеріміздің алдында ойнаймыз. Бұл кездесуде тартысты ойынды күтемін. Тек жеңіс үшін ойнаймыз!
- Әңгімеңізге рақмет. Сәттілік тілеймін!
Уалихан Қосанбай
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |