Әлішер Сүлей: “Достастық Кубогында” әр матчты жеңуге шығамыз”
- Әлішер, алдымен «Kazfootball.kz» сайтының оқырмандарына өзіңіздің футболға қалай келгеніңізді баяндап берсеңіз.
- Менің жанұям негізінен спортшылар отбасы. Оның ішінде әсіресе футболды серік еткендер. Әкем кезінде Қаратау қаласының командасында ойнаған. Ағам Қайрат Сүлей «Тараз» намысын қорғады. Қаратауда тұрған кезде әкем үйдің қасындағы стадионға жаттығуға баратын. «Намыс» деген ардагерлер командасында ойнайтын. Сол әкемнің жаттығуына бірге арып жүріп футболға деген қызығушылығым артты. Бағдат Абдуллаев пен Бахыт Асқарұлы деген бапкерлерге жазылып, алғашқы жаттығуды бастап кеттім.
- Сол кездері футболға келген шағыңызда жағдай қалай болушы еді?
- Әрине, ол кездегі жағдай сәл қиындау еді. Қарапайым доптың өзі жетіспейтін. Екі ғана доп болатын жаттығу жасайтын. Содан кейін, әкем қолдан фишкалар, конустар, жаттығу жасауға керекті дүниелерді жасап берді. Одан кейін барып, керек-жарақтың барлығы толысып, толыққанды жаттығу жасай бастадық.
- Сондай қиын жағдайдан, футболшы болып өсу қиын шығар?
- Әрине, қиын. Көптеген жастар сол ортадан шыға алмай жатты. Қаратауда әйтпесе, көптеген талантты балалар болды. Бірі жарақат алды, бірінің бағы ашылмады. Кішігірім қалаларда футболдағы инфраструктура әлсіз келеді. Көп жарыстарға шыға алмайтынбыз. Тек жазда ғана Қаратауда көптеген турнирлер болатын. Солардың біреуін жібермей қатыса беретінбіз. Осы күні де, Қаратауда футболдың жайы мәз емес негізі. Әлі де көп көңіл бөлуді қажет етеді.
- Сіздің Киевтің “Динамосында” жаттығу жасағаныңызды білеміз. Сол жақтағы жастар командасында біршама уақыт өткіздіңіз. Осы жайлы айта кетсеңіз.
- “Тараз-95” деген командада жастар арасында жаттығу жасап жүрдім. Ел ішілік бірнеше турнирге қатыстым. Сол кезде жақсы өнер көрсетіп жүрсем керек, «Динамо» Киевтің жаттықтырушылары мені байқауға шақырды. Ондай атақты команда байқауға шақырған кезде әрине, ұзақ ойланбайсың. Қала сыртындағы «Конче Заспа» деген атақты базада болдым. Сонда академияның қандай болатынын көріп, таң қалдым. Жасыл алаңдардың түр-түрі. Жаттығуға керекті жағдайдың ең мықты үлгілері. Жатын орын, бассейн секілді керекті дүниенің бәрі бар екен. Футболшы ондай жерде жатса, тек қана футболды ғана ойлайды. Қазақстанға футболды дамыту үшін осындай жағдайлар жасалынса екен деп ойлаймын. Бір күні жаттығу жасап жатқанымызда жасыл алаң жиегіне Ребров, Шевченко, Алиев секілді атақты «Динамоның» түлектері келді. Жергілікті жастар үшін де, мен үшін де олар тірі аңыз ретінде көрінді. Сондай адамдарға қарап «Динамо» жастары мықты футболшы болып өседі екен ғой деген ойға қалдым.
- Енді биылғы 2016-жылғы маусымда «Тараз» командасында өткізесіз бе? Жергілікті жанкүйерлер Сіздің өнеріңізді мақтап жатады, көрермендер көзайымына айналып жүрсіз. Оның үстіне көптеген футболшылар жас кезінде “Таразда” толыққанды ашылып жатады.
- Әрине, “Тараз” мен үшін туған команда. Сондықтан да, осындай қиын шақта командаға көмектескім келеді. Қазір Санкт-Петербургте жастар құрамасымен “Достастық кубогына” дайындалып жатырмын. Осы жарыстан оралған соң биылғы жағдайымның қалай болатынын клуб басшыларымен отырып ақылдасамын. Келісім шартқа отыруға тырысамын. Бірақ, өзге де командалар шақырып, ұсыныс тастаған. Әзірге, бұл мәселеге көп ойланып жатқаным жоқ. Өйткені, “Достастық кубогының” ойындары да мен үшін маңызды. Елге оралған соң көре жатармын.
- Енді тақырып “Достастық кубогына” ойысты ғой. Осы жарыс жайлы айта отырсаңыз. Биылғы мақсат қалай, жаңа бапкер нендей өзгерістер енгізуде?
- “Достастық кубогындағы” біздің мақсатымыз барынша сәтті өнер көрсету. Мүмкін болып жатса, медальға қол созу. Ал, ең бастысы бұл турнир бізге іріктеу ойындары алдындағы сынақ іспеттес. Саулюс Ширмялис кезінде солай айтатын. Әрине, ол кісі өте ақылды маман болатын. Фтболшылардың әрқайсысына не керектігін, алаңда не істей алатынын, не істей алмайтынын жақсы біліп отыратын. Ойымыздан дөп түсетін. Ал, жаңадан келген Серік Әбдуәлиев жайлы әзірге ештеңе айта алмаймын. Өйткені, бар жоғы 2-3-ақ жаттығу өткіздік қой. Алдағы уақытта бұл маманның да қалай жұмыс жасайтынын байқайтын боламыз. Әзірге, футболшылардың көңілінен шығуда. Барлығымызбен жақсылап танысып шықты.
- Әңгімеңізге рахмет!
Ермұхамед МӘУЛЕН
суреттер prosportkz.kz, vesti.kz сайттарынан алынды
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |