Эндрю Мвесигва: “Ордабасы” сапында қайта ойнағым келеді”
Бүгінгі таңда бұл футболшының қайда, қандай клубтың сапында өнер көрсетіп жатқанын көпшілік қауым біле бермейді. Осы орайда “Kazfootball.kz” порталының тілшісі Эндрюге хабарласып, қазір қайда жүргенін және басқа да сұрақтарға жауап алу үшін сұқбаттасқан болатын.
- Эндрю, қазір қайдасыз? Қай клуб сапында өнер көрсетіп жүрсіз?
- Мен қазір Оңтүстік Кипрдемін. Түрік-Кипрлік премьер-лигасындағы “Иениками” футбол клубының құрамында өнер көрсетіп жүрмін.
- Қазақстанға қайтып келгіңіз келмейді ме?
- Әрине, келгім келеді. Мен клуб басшылығымен байланыс орнатуға біраз талпындым, бірақ еш нәтижесіз. “Ордабасы” сапында жүріп зейнетке шығамын деп ойлағанмын. Бірақ, бұл арманым орындалмайтын сияқты. Өйткені, мені ешкім қайта шақырып жатқан жоқ.
- Неліктен бұлай болды деп ойлайсыз? Мүмкін Cіздің ойыныңызға клуб басшылығының көңілі толмаған болар...
- Ол жағын нақты айта алмаймын. Мүмкін олардың назарға алған өз ойыншылары бар шығар, мен солардың қатарында емеспін-ау шамасы...
- “Ордабасы” сапындағы бұрынғы әріптестеріңізбен араласып тұрасыз ба?
- Әрине. Мен “Ордабасы” құрамында өнер көрсеткен төрт жылда команда ішінде өз беделімді жақсы қалыптастыра алдым. Сол жылдары мен әрбір екі ойынның біріне қатысатын едім. Соның да жемісі болар, 2012 жылы Александр Трайкович екеуміз Қазақстан біріншілігіндегі ең үздік орталық қорғаушылардың қатарында болдық. “Ордабасы” сапында жүрген уақыттың ішінде мен клубтың дамуына аз да болса үлесімді қоса білдім. Біз сол жылдардың ішінде Қазақстан Кубогы және Суперкубогын жеңіп алдық. Менің білуімше одан кейін клуб әлі ол жеңістерді қайталай алған жоқ. Сол себепті де мен өзімді “Ордабасы” клубында өнер көрсеткен мықты ойыншылардың қатарындамын деп ойлаймын.
- Осы оңтайлы сәтті пайдаланып жанкүйерлеріңізге сәлем жолдағыңыз келе ме?
- Иә, міндетті түрде. Мен Шымкенттіктердің барлығын жақсы көремін. Соның ішінде “Ордабасы” клубының жанкүйерлерін де. Осы жылы клуб сапына қайтып қосылуға мүмкіндік туса, мен қос қолымды көтеріп келісетін едім. Сол кезде жанкүйерлермен кездесуге мүмкіндік болушы еді. Ал, әзірге оларға Сіздер арқылы сәлем жолдаймын. Мен барлықтарыңызды сағындым және Шымкенттіктерді жақсы көремін.
- Сіз, “Ордабасы” құрамында жүргенде клуб басшылығы мен бапкерлер жұмысына көңіліңіз толушы ма еді?
- Мен клуб сапындағы әр ойынымда өзімді 100 %-ға көрсетуге тырысатынмын. Меніңше бұл бапкерлердің сенімін ақтау мен оларға деген ілтипатымды білдіргенім сияқты. Сондықтан, олардың барлығына көңілім толатын еді деп айта аламын.
- Қазақстан біріншілігін бақылайсыз ба? Біздің футболды көріп тұрасыз ба?
- Әрине, көріп тұрамын. Әсіресе мүмкіндік болса “Ордабасының” ойындарын жібермей қарауға тырысамын.
- Қазақстан футболының қазіргі ахуалы жайлы не айтасыз?
- Қазақстан футболында, әсіресе футбол клубтарында үлкен даму, алға ілгерілеу байқалады. Елордалық “Астана” мен Қарағандының “Шахтер” клубтары өздерінің ойындары арқылы Қазақстан футбол клубтарының бәсекеге қабілетті екенін, мықты екенін дәлелдеп жатыр. Әсіресе, “Астананың” ойынына өзім риза болдым. Ал, Ұлттық құрамаға келер болсақ, олардың дайындықтары әлі де аз. Жеке ойыншылар жақсы болғанымен, командалық ойынды әлі де дайындау керек. Футбол федерациясы құраманың әр осал тұсына жіті мән беріп, сол кемшіліктің орнын тез арада толтыруға назар аударса екен деймін. Ұлттық құрамаға әлі де даму керек, әлі де дайындалу керек. Жалпы Қазақстанда футболдың, мықты клубтардың бар екендігін әлем біліп қалды.
- Қазақстанда өткізген жылдарыңызға өкінбейсіз бе?
- Жоқ, ешқашан. Мен Қазақстанда, “Ордабасы” клубында өнер көрсеткен уақытымды өмірімдегі ең жақсы кездердің біріне жатқызамын. Сол кездегі біріншіліктің үздік ойыншыларының бірі ретінде өз атымды қалыптастыра алдым. Менің Қазақстандағы жылдарым текке кеткен жоқ. Мен әрдайым Қазақстанға, оның тұрғындарына жақсылық тілеп жүремін.
- Қазақстан несімен есте қалды?
- Қазақстан өзінің қонақжайлығымен, жақсы адамдарының көптігімен есте қалды. Маған әлі күнге дейін жанкүйерлерім әлеуметтік желілер арқылы хабарласып тұрады. Соған қарағанда мен де олардың естерінде қалғанға ұқсаймын.
- Бұрындары Уганда ұлттық құрамасына шақырту алып тұратын едіңіз. Қазір ше?
- Мен ұлттық құрама сапында 13 жыл ойнадым. Сол уақыттың ішінде 70 ойын ойнап, 8 гол соқтым. Қазір өзімді ұлттық құрама үшін «зейнеткер» санаймын. Жас ойыншылардың өнер көрсететін шағы келді деп ойлаймын. Сол жігіттерге орнымды бердім. Енді ұлттық құрамаға қайтып келу ойымда жоқ. Құрама сапында өткізген жылдарым мен үшін үлкен мектеп болды. Оны ешқашан ұмытпаймын.
- Әңгімеңізге көп рақмет! Сау болыңыз!
- Сіздерге де амандық тілеймін. Қазақстанға дұғай-дұғай сәлем!!!
Уалихан Қосанбай
суреттер vesti.kz, prosportkz.kz, sports.kz сайттарынан алынды
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |