Дмитрий Шомко: “Астананың” өткен жылғы жетістіктерін қайталауға қауқары жетеді”
Бірақ, футболшының өзі әлі алдағы уақытта нақты қай клубта өнер көрсететінін анықтаған жоқ екен. Осы орайда Kazfootball.kz порталының тілшісі Дмитрийге хабарласып, қазақ футболы үшін сәтті болған өткен маусым туралы және болашағы туралы әңгімелескен еді.
- Дмитрий, өткен маусым “Астана” үшін, жалпы қазақ футболы үшін табысты өткені белгілі. Сол маусымды кішігірім қорытындылап, өз әсеріңізбен бөліссеңіз ...
- Артта қалған жыл клуб үшін де, мен үшін де ұзақ, әрі қиын болды. Біріншіден, біз чемпиондық атақты қорғадық. Бұл - оңай шаруа емес. Сонымен қатар, Еуропа алаңдарында Қазақстанның намысын қорғадық. Қазір қарап отырсам, біз ел намысын абыроймен қорғаған екенбіз. Мен үшін өткен маусым сәтті болды деп нық сеніммен айта аламын. Ішкі біріншілікте, Чемпиондар лигасында бар күшімізді салып ойнадық. Сол үшін де стадионға келіп, бізді қайрап отырған жанүйерлерге, мені үнемі қолдап, маған үнемі сенім артып отыратын отбасыма, әрдайым менің қасымда болатын жұбайыма алғыс айтқым келеді.
- Сіздің “ХИК” қақпасына соққан голыңызды жанкүйерлер әлі күнге дейін айтып жүр. Бір сәт сол кезге оралып, голдың қалай соғылғанын еске алып көрсек ...
- “ХИК” қақпасына соққан гол – фантастика деуге келетін шығар. Шынымды айтсам, мен сол кезде дәл сол позициядан гол соғамын деп ойламадым. Бар ойым айып алаңында жүрген командаластарыма жақсы пас шығару еді. Бірақ, доп шамалы бағытын өзгертіп кетті. Аяғым шамалы тайып, траектория өзгерді. Сөйтіп ол доп қақпаға кіріп кетті. Сондай гол соққаным үшін, жалпы маған осындай мүмкіндік бергені үшін Жаратушыға рақмет айтамын.
- Бұл сәттен басқа, өткен маусымдағы басқа қандай кездер есіңізде қатты қалды?
- Барлық іріктеу кезеңдерінен іркілмей өтіп, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне түскен кез есімнен шықпасы анық. Сонымен қатар, екінші мәрте Қазақстан чемпионы атанып, кубокты төбемізге көтерген кез есімде. Мен негізі өмірімдегі барлық қуанышты да, қайғылы да сәттерді есімде сақтап жүруге тырысамын.
- Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу қазақ футболына не береді?
- Ең бірінші және ең бастысы – сенім. Өз-өзіне сенімді адам тауды да қопарып жіберуге дайын. Біз сол сенімді елге сыйладық. Азулы қарсыластарға қарсы қорықпай өнер көрсеттік. Алдағы уақытта еліміздің барлық клубтарында сенімділік артады деп ойлаймын. Содан соң жанкүйерге - жеңіс пен қуаныш сыйладық. Біздің өткен маусымдағы өнерімізді көрген жанкүйерлер келер маусымда да стадионға бізді қолдау үшін келетініне бек сенімдімін. Елімізде енді футболға деген көзқарас өзгеріп, көптеген жас балалар футболмен шұғылданатын болады.
- 2015 жыл жанкүйерлердің жадында тек жарқын сәттермен есте қалды. Бірақ, бір келеңсіз жағдай болған еді. Лукас Подольскийдің қатысуымен. Бұл туралы не айта аласыз?
- Подольcкий туралы ештеңе айтқым келмейді. Оның не айтып, не жазғанын жанкүйерлер жақсы біледі ғой. Алаңда кішігірім қақтығысып қалып жаттық. Бірақ, мен оның барлығын да Лукастың ар-ұятына қалдырдым. Ол елімізге соңғы рет келіп отырған жоқ. Алдағы уақытта жазған посттары үшін өзі де өкінетін болады. Мен оған өмірде тек сәттілік тілеймін.
- Қалай ойлайсыз, командаластарыңыздың арасында былтырғы маусымды қай футболшы мықты өткізді? Қай футболшының өнеріне көңіліңіз толды?
- Мен футболшыларға баға беріп отыратын бапкер немесе сарапшы емеспін. Артта қалған жылды әріптестерімнің барлығы да жақсы өткізді. Рас, кейбір футболшылар өз деңгейінде ойнай алмады. Бірақ, біз жұмылған жұдырық болып, барлық қиындықтарды бірге жеңіп өттік.
- Чемпиондар лигасында қай футболшыға қарсы тұру қиын болды?
- Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде оңай қарсылас болмайды. Бұған менің көзім жетті. Барлық қарсыластарымыз мықты болды. Әсіресе, Антуан Гризман мен Гайтанға қарсы ойнау қиын болды.
- Енді ішкі біріншілікке бір тоқталып өтсек. Маусым аяқталуға бірнеше тур қалғанда Cіздер «Қайраттан» 7 ұпай қалып келдіңіздер. Бірақ, біріншіліктің соңында чемпиондық атақтарыңызды қорғадыңыздар. Бұл қалай болды?
- Біз бірінші кезекте бапкердің біліктілігінің арқасында чемпион болдық. Станимир Стойлов мықты ұжым қалыптастыра білді. Ол әрбір футболшының мүмкіндіктері мен жағдайын жақсы бағамдай алды. Одан бөлек Алматыда өткен “Қайратпен” кездесу көп мәселені шешіп берді. Соның арқасында біз чемпион атандық.
- Өткен маусымның қорытындысы бойынша ішкі біріншілікте кімге «Үздік футболшы» деген атақты беруге болады?
- Соңғы жылдары Қазақстан жерінде футбол қарқынды дамып келе жатқаны көзге көрініп тұр. Бәсекелестік жылдан-жылға артуда. Оған былтырғы маусым дәлел бола алады. Сондай-ақ, соңғы жылдары Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсетіп жүрген футболшылардың деңгейі артып келе жатыр. Ал, үздіктерге келетін болсақ, мен бұл атақты Таңат Нүсербаевқа беретін едім. Біздің капитан өте жақсы маусым өткізді.
- Еуропа чемпионатының іріктеу сындарында бақ сынаған Қазақстан Ұлттық құрамасы туралы не айта аласыз? Былтырғы жыл құрамамыз үшін қалай өтті?
- Мен бұл сұраққа Қазақстан футбол федерациясының рұқсатынсыз жауап бере алмаймын.
- Қазір құрама бас бапкерсіз қалды. Қалай ойлайсыз, құрама тізгінін шет елдік маман ба, әлде отандық маман ұстау керек пе?
- Кешіріңіз, мен бұл сұраққа да жауап бере алмаймын. Мен шешетін мәселе емес бұл. Бұл сұрақты федерация басшыларына қойғаныңыз дұрыс болады. Бірақ, өз ісін сүйетін, мықты маман келсе екен деген ниетім бар.
- Маусым аяқтала салысымен Cізді шет елге кетеді деген сыбыс шықты. Тіпті, Ресей, Германия біріншілігінде өнер көрсететін клубтарға ауысады деген әңгіме бар. Қазір қайдасыз? Алдағы уақытта қай клубта өнер көрсететін боласыз? Осы сұрақтарға өзіңіз нүкте қойсаңыз.
- Мен бұл сұраққа нүкте қоя алмайтын секілдімін. Өйткені, дәл қазір келер маусымда қай клубтың сапында ойнайтынымды әлі білмеймін. Оны агенттерім шешіп жатыр. Қазір “Астана” клубымен БАӘ-де жаттығу жасап жүрмін. 2015 жылдың соңында менің елордалық ұжыммен келісім-шартым аяқталған. Рас, Ресей, Германия біріншілігінде өнер көрсететін клубтар тарапынан ұсыныс түсті. Бірақ, нақты ештеме шешілмеді. Ақпан айына дейін қайда өнер көрсететінім белгілі болып қалар.
- Соңғы сұрағым болсын, алдағы маусымда «Астана» өткен жылғы жетістіктерін қайталай алады ма?
- Егер клубтың әрбір қызметкері жақсы жұмыс жасаса, келер жылы «Астананың» өткен жылғы жетістіктерін қайталауға қауқары жетеді.
- Әңгімеңізге рақмет! Табыс тілеймін!
- Сізге де рақмет!
Уалихан Қосанбай
суреттер nur.kz, vesti.kz, sports.kz сайттарынан алынды
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |