"Тараз" турнир кестесінің түбінен шыға алады ма?
"Тараз" биылғы маусымда тек бір ғана жеңіске жетті. Оның өзін жанкүйерлер ұмытып кеткен шығар. Ел біріншілігінің бірінші турында өз алаңында «Қайраттан» үстем түскен еді. Содан кейін команда 12 рет жеңіліп, 4 мәрте тең ойнаған екен. Соңғы рет жамбылдық клуб осыдан бес тур бұрын сырт алаңда "Ақтөбемен" тең ойнап, бір ұпай алды. Одан кейін әулиеаталықтардың қоржыны бос келеді.
Тарих беттерін парақтасақ, 1996 жылғы Қазақстанның чемпионы соңғы рет Премьер-лигадан 2007 жылы шығып қалған еді. Ол кезде ел біріншілігінде 16 команда болған. Сол сәтсіз маусымда ұжым үш кездесуде жеңіске жетіп, алтауында итжығыс түсіп, 21 ойында жеңіліп, жалпы 15 ұпай жинаған. Бұрнағы күні біріншілікте 12 команда. Ал, "Тараздың" еншісінде тек 7 ұпай бар. 11-ші орында келе жатқан "Ақжайықтан" 4 ұпай қалып келеді.
2016/17 жылғы маусымның басында «Тараз» тізгінін жергілікті маман Нұрмат Мирзабаев ұстаған болатын. Бірақ, нәтиже бере алмады. Сөйтіп, 11-ші турдан кейін командадан кетті. Қазір оның орнына украиналық маман Юрий Максимов келді. Дейтұрғанмен, бұл маманның да жарытып жатқаны шамалы. Соңғы алты ойында клуб небәрі екі ғана ұпай алды. Мұндай жағдаймен "Тараз" турнир кестесінің соңынан шыға алады ма?
Қиын жағдайға негізі жамбылдық команда қаржылық қиындықтарға байланысты тап болып отыр. Клубтың бюджеті еліміздегі ең аз қаржыға ие командалардың қатарында. Бейресми мәліметтер бойынша, 6 миллион долларға тең келеді. Осы бюджеттің аздығына байланысты да ұжым жыл басында білікті маманды шақырта алмаған екен.
Сонымен қатар, клуб маусым басында қатарына мықты ойыншыларды қоса алмады. Команданың 70-80 пайызы жергілікті футболшылар. Ал, маусым басталғаннан кейін негізгі құрамның бірнеше футболшысы жарақат алып, командасына көмектесе алмады. Осындай қиын жағдайдан кейін бапкерлер бірнеше ойында жас футболшыларды алаңға шығарып, ұпайдан қағылды.
Енді екінші айналым басталғаннан бері клуб жағдайын жақсарту үшін жұмыс жасап келеді. Бірақ, нәтиже әлі жоқ. Жарақат алған Йован Голич пен Игорь Зеньковичті команда тізімінен шығарып тастады. Командаға көп көмектесе алмаған Бауыржан Байтана мен Марат Шахметов сатылымға қойылыпты. Илья Воротников, Олег Недашковский, Йоан Мера сынды футболшылар әлі де жарақат алған футболшылардың қатарында. Олар да алдағы уақытта командадан кетуі мүмкін.
Трансферлік ауысымның аяқталуына аз ғана уақыт қалып отыр. Трансферлік терезе ашылған сәтте қақпашы Душан Докич, жартылай қорғаушы Александр Алиев және қорғаушы Максим Григорьев алынды. Қақпашы туралы мәліметіміз көп емес. Ал, Александрдың біраз клубсыз жүргенін жақсы білеміз. Жасы келіп қалған ойыншы. Дегенмен, командаға жақсы қосылды. 3 ойында 1 гол соқты. Григорьев былтырғы маусымда "Атырау" сапында ойнаған.
Команданы турнир кестесінің түбінен шығару үшін бұл үш ойыншы аздық ететіні белгілі. Бірақ, трансферлік нарықта клуб әлі де белсенді емес. Команда директоры Махамбет Дүйсенбаевтың айтуынша, бапкерлер қазір 3-4 жаңа футболшы қарастырып жатыр екен.
Трансферді тездетіп, команданы тезірек жаңартып алмаса, онсызда оңып тұрмаған жағдай бұдан да қиындап кетуі мүмкін. Екінші айналымның аяқталуына да санаулы тур қалды. Одан кейін командалар екіге бөлінеді. Сол уақытта команда есін жиып, ұпай жинауға көшпесе, "Тараздың" тағы премьер-лигадан шығып қалуы ғажап емес.
Уалихан ҚОСАНБАЙ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |