Алтылықтар арпалысы
18-тур.
24-маусым
«Оқжетпес» - «Ақтөбе»
Қазақстан Премьер-лигасында «Қайрат» пен «Астана» ойынынан кейін маңыздылығы жағынан екінші орында тұрған осы ойын десек артық емес шығар. Бұл командаларды байланыстыратын дүниелер көп. «Оқжетпестің» бас бапкері Владимир Муханов, жартылай қорғаушы Марат Хайруллиндер кезінде дәл осы «Ақтөбе» намысын қорғаған еді. Енді олар көп жылдар бойы еңбектері сіңген «Ақтөбеге» қарсы жұмыс жасайды. Бірінші айналым кезінде «Ақтөбе» өз алаңында Самат Смақовтың голының арқасында 1:0 есебімен жеңіске жетті. «Оқжетпес» үшін сол кезде кеткен есені қайтаратын жағдай келіп тұрған секілді. Самат Смақов пен Самат Отарбаевтың жоқтығы «Ақтөбені» әлсіретіп тұрғаны анық. Өз алаңында «Қараттан» алты гол жіберген қонақтар бұл жолы да қорғаныста шашылып қалмаса екен. Әйтпесе, «Оқжетпестің» де қалай шабуылдайтынын білесіздер.
«Ақжайық» - «Ордабасы»
11 ұпайы бар «Ақжайық» биылғы маусымда Премьер-лигадағы орынды сақтап қалу үшін күресері анық. Ол үшін өз алаңында өтетін ойындарда ең болмаса бір ұпай алып отыру. «Ордабасы» секілді қарсыластан бір ұпай алып жатса, оның өзі жетістік болары анық. Бас бапкер Талғат Байсуфинов қызметтен кетемін деп мәлімдеген. Алайда, клуб басшылығы Талғат Маруанұлына тағы да сенім артатынын көрсетті. Байсуфинов те бастаған істі соңына жеткіземін деп шешті. «Ордабасының» шабуыл өтін жандырып жүрген Азат Нұрғалиев «Астана» сапына ауысты. Бұл шымкенттік команда үшін жағымды жаңалық емес. Алайда, Бақтияр Байсейітов «Ертіс» сапында жарқылдаған Гогита Гогуаны өз командасына қосып алды. Соңғы үш тур бойы екі голдан соғып жүрген «Орда» бұл жолы да сырттағы ойында аянып қалмасы анық. Себебі, чемпионат аутсайдерінен қалайда үш ұпай алуы қажет. Себебі, осы ай соңына қарай шымкенттіктер Еуропа лигасының аясындағы іріктеу турниріндегі ойындарын өткізеді.
25 маусым
«Тараз» - «Тобыл»
Шабуылшы Дәуренбек Тәжімбетов пен қорғаушы Давронжан Ергашевті алған «Тараз» ақаулы позицияларын жамап жатыр. Украиналық бапкер Юрий Максимов әсіресе қорғанысты күшейтуде. Осыған дейін Антон Григорьевті алған болатын. Алайда, құрама сапында ойнап жүрген Берік Айтбаев қайтадан «Атырау» сапына ауысып кетті. Ал, жартылай қорғанысқа Александр Алиев пен бірге украинадан Андрей Яковлев есімді футболшы алынды. Енді, сенегалдық Мәлік Маненің қасына Дәуренбек Тәжімбетов қосылмақ. Игорь Зенькович жарақатынан айығар емес. Чемпионат соңына қарай бұл ойыншылар бір-бірімен түсіністігі жарасып, жақсы ойнап кетсе, жарақаттағылар айығып шықса, «Тараз» Премьер-лигада қалып кетуі мүмкін. Ал, әзірге жамбылдықтар турнирлік кестенің түп соңында. Сондықтан, олар осы турда өз алаңында «Тобылдан» ұпай алуы тиіс.
«Ертіс» - «Жетісу»
Чемпионат лидерлерінің бірі Павлодар қаласының «Ертіс» командасы кешегі «Қайраттың» жеңісінен кейін үшінші орынға түсіп тұр. Қайтадан екінші орынға шығу үшін керекуліктерге жеңіс қажет. Биылғы біріншілікте қақпасына аз гол жіберген екі команда болса, соның бірі – «Ертіс». Қақпашы Давид Лория мен тәжірибиелі қорғаушылардың ерен еңбегін атап өткеніміз жөн. Димитар Димитров командасы Станимир Стойлов командасы секілді қақпаларына небәрі 10-ақ гол жіберген. Қайтадан гол соға бастаған Роман Мұртазаевтың да мергендер тізімінде Гоуды қуып жетуге мүмкіндік қарастырары анық. Ал, «Жетісу» Бауыржан Тұрысбекті «Қайратқа» жіберіп алды. Енді тек Душан Савичка ғана сенім артады.
«Атырау» - «Шахтер»
Алғашқы алтылықты аңсап жүрген «Атырау» өткен турда үздіктер қатарына енген. Алайда, әлі де болса жағдай нық емес. Жаңадан келген бапкерлік штабтың дәл осы күнгі мақсаты осы мәселе. Алғашқы алтылыққа еніп алса болды. Қалғанын кейін көре жатады. Ал, «Атыраудың» биылғы жылға қойған түпкі мақсаты Еурокубоктық аймаққа түсу. Яғни, атыраулықтар келесі маусымда Еуропа лигасында өнер көрсеткісі келеді. Ол үшін біріншілікте кем дегенде үшінші орын алу керек. Ал, ол өте қиын мақсат. Сондықтан, команданың қазіргі ойы ел кубогының финалына дейін өту. Дегенмен, өз алаңыңда «Шахтер» секілді аутсайдермен өтетін ойында үш ұпайды толық еншілеу керек. Ол үшін барлық жағдай жасалынған. Командада жарақат алған ойыншылар жоқтың қасы. Тек Ұлан Қонысбаев пен Алдан Балтаевтың осы күні Италия жерінде жарақаттарын емдеп жатқандары белгілі. Қалған ойыншылар алаңға шығуға тас-түйін дайын. Чемпионаттағы соңғы үш ойын бойы «Атырау» жеңісті серия жасап келеді. Сол серия осы аптада төртеуге ұзаруы тиіс деп есептейміз. Алайда, қарағандылықтардың сырт алаңда жақсы нәтиже алып жүргенін де ұмытпайық.
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |