Талғат Байсуфинов: "Ұлттық құраманың намысын қорғау үшін әрбір қазақ футболшысына мүмкіндік беремін"
- Жуырда «Ақжайық» клубынан кетемін деп арыз жазып едіңіз. Бұл мәселе не болды?
- Біріншіден мен «Ақжайық» басшыларына рақметімді айтқым келеді. Өйткені, Орал қаласының әкімі маған бұған дейін құрама мен клуб тізгінін қатар ұстауға рұқсат беріп келді. Бүгін мен Оралға жол тартамын. Сол жаққа барып, клуб басшыларымен, қала әкімімен кездесу өткіземін. Менің арызым қарастырылып жатыр. Бірақ, әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Бұйырса, осы жолы шешіледі деп отырмын.
- Қазақстан Ұлттық құрамасының бапкерлер қосынына кімдер кіреді?
- Бапкерлер қосыны қатты өзгермейді. Бұған дейін бірге жұмыс істеп келген Нұркен Мазбаев, Юрий Новиков, Андрей Ферапонтов сынды мамандар қызмет атқарады.
- Әлемдік практикаға қарайтын болсақ, құрама ойыншыларының физикалық дайындығын жақсату үшін шет елдік мамандарды шақырады. Сіз де бұл қызметке шет елдік маманды шақырасыз ба?
- Мен қазіргі бапкерлер қосынына толық сенемін. Қазірше осы азаматтармен бірге жұмыс істеп, сараптама жасаймыз. Егер, алдағы уақытта шет елдік маман қажет болса, біз командамен ақылдасып көреміз.
- Ұлттық құрамаға іріктеуді қалай өткізесіз? Мәселен, соңғы жиындарға «Оқжетпес» сапында сәтті өнер көрсетіп жатқан Марат Хайруллин шақырту алмады.
- Мен Ұлттық құраманың намысын қорғау үшін әрбір қазақ футболшысына мүмкіндік беремін. Тек жігіттер өзінің шын мәнінде мықты екенін дәлелдесін. Ешкімді бөле-жарып, ешкімге бей-жай қарамаймын.
- Бүгінде құрамаға шет елден футболшы шақыру деген сәнге айналып кетті. Сіз де құрама сапына шет елдік футболшы шақыртасыз ба?
- Ел намысын қорғайтын ел біріншілігінде де футболшылар жетерлік. Егер, шет елдік футболшылар керек болса, оны да қарастырамыз. Бірақ, шет елдік аяқдопшылар елімізде өнер көрсетіп жатқан футболшылардан шынында мықты екенін дәлелдеулері керек. Әйтпесе, ортаңқол футболшылар елімізде де көп.
- Іріктеу кезеңі басталуға дейін әлі біршама уақыт бар. Оған дейін Қазақстан құрамасы жолдастық кездесу өткізіп, дайындығын пысықтайды ма?
- Ұлттық құраманың жоспарын алдағы уақытта аламын. Дайындықтар міндетті түрде болады. Қазір Қырғызстанмен келісіп қойдық. Жаздың соңында бұл құрамамен жолдастық кездесу өткіземіз. Одан бөлек, Қазақстан чемпионаты бар, жуырда Еуропа лигасы мен Чемпиондар лигасы басталады. Футболшыларды осы турнирлерге қарап іріктейміз.
- Федерациямен қанша уақытқа келісім-шартқа қол қойдыңыз?
- Алдағы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің соңына дейін.
- Соңғы сұрағым, Ұлттық құраманың бас бапкері ретінде Сізге қандай мақсат қойылды?
- Мақсат біреу ғана – құрамамен бірге 2018 жылғы Ресейде өтетін әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығу. Бұл үшін тынбай еңбек етеміз.
- Әңгімеңізге рақмет! Алдағы уақытта тек сәттілік тілейміз!
Уалихан ҚОСАНБАЙ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |