"Ордабасы" сапында қандай өзгерістер болып жатыр?
Жазғы трансфер нарығы ашылған сәтте клубтың бас бапкері Бақтияр Байсейітов команданы жинап алып: «Командаға керек емес футболшылар кетеді. Орындарыңа жаңа футболшылар аламын», - депті. Содан кейін бапкер сөзінде тұрып, құрамды ақырындап өзгертуге кірісті.
Бірінші кезекте Бақтияр Даниярұлы шымкенттік жанкүйерлердің шамына тиіп жүрген қақпашы мәселесіне тоқталыпты. Сөйтіп, Алмат Бекбаевты соңғы үш кездесуде матчқа қатысуы мүмкін деген футболшылардың қатарынан шығарды. Осы жағдайға байланысты Бекбаев командадан кетуі мүмкін деген әңгіме шыққан еді. Бірақ, қақпашы бүгінде командамен бірге. Әлі де өзінің мықты екенін дәлелдеймін деп жүр.
Расында, «Ордабасы» биыл мықты қақпашыларға мұқтаж болып тұр. Өйткені, қазір команданың бірінші нөмірлі деген қақпашысы Сергей Бойченконың өзі талай мәрте қателесті. Ал, Кирилл Короткевич пен Ярослав Бондаренко деген қақпашыларды біз тек тізімнен ғана көріп жүрміз. Ресми кездесулерде әлі алаңға шыққан жоқ. Сондықтан, бапкер қазір мықты бағана күзетшісін іздестіріп жатыр. Біздің қолда бар мәліметтер бойынша, Шымкентке алдағы уақытта «Қайратта» қатырып ойнай алмай жүрген Андрей Сидельников қайта келуі мүмкін екен.
Биылғы маусымда «Ордабасының» қорғаушылары да оңбай тұр. Команда алғашқы алтылық қатарында ең көп гол жіберген (23 гол) ұжым атанып отыр. Бұл мәселе де бапкердің мазасын алуда. Бірақ, қорғаныста Бақтияр Даниярұлы көп өзгеріс жасамайтын шығар. Тек орталық қорғаушы керек екенін айтып қалды. Жуық арада осы мәселені шешу керек. Ал, қорғаушылар арасынан командадан Фархадбек Ирисметов кетуі мүмкін. Футболшы қазір командадағы өз жағдайына көңілі толып жатқан жоқ. Басқа клубтардың ұсыныстарын қарастыруда.
Команданың жартылай қорғанысында жаңалық көп. Биылғы маусымда клубты өрге сүйреп жүрген капитан Азат Нұрғалиев «Астанаға» кетті. Оның орнын жоқтатпау үшін «Ертістен» Гогита Гогуаны алды. Бірақ, Гогита Азаттың орнын лайықты баса алады ма екен? Қазір көптеген шымкенттік жанкүйерлерді осы сауал мазалап жүр. Орталық алаңға жауап беретін Доминик Чатто да жарамады. Бапкер бұл футболшыны команда қатарынан шығаруды ойластырып жүр.
Қайрат Әшірбековтің командадан кетуі шымкенттік жанкүйерлерге жаман жаңалық болды. Команданың серкесі, жанкүйердің еркесі болып кеткен Қайрат биылғы маусымда көп ойнамаса да, командаға рух беретін футболшы еді. Егер, Әшірбеков расында команда сапынан кететін болса, тәжірибелі ойыншы қалмайды. Ал, командаға рух беретін мұндай тіс қаққан ойыншының керек екені футболдың жазылмаған заңдарының бірі.
Бізге жеткен мәліметтер бойынша, Бауыржан Байтана жуық арада «Ордабасы» сапына ауысуы мүмкін екен. Қазір келіссөздер жүруде. Одан бөлек, «Тараздың» тағы бір футболшысы Абзал Таубай, «Оқжетпес» ойыншысы Жақып Қожемберді сынды футболшылармен де көліссөздер жүргізіліп жатыр.
Шымкенттік команда шабуыл шебіндегі футболшыларын да толық ауыстырды десе болады. Маусым басында бір кетіп, қайта келген Эдин Юнузович командадан ақыры кетті. Осындайда қазақтың «қайта келген қыз жаман» деген сөзінің жаны бар екені сезіледі. Алғашқы турларда аяқ алысы жаман болмаған футболшы кейін оңдырып ойнай алмады. Сөйтіп, Шымкентке «өкіл әкесі» Антон Цырин келіп, Юнузовичті алып кетті. Қазір ол «Жетісумен» келіссөздер жүргізіп жатыр екен.
Австралиядан аттай қалап алдырған Милош Трифунович те сенімді ақтамады. Небәрі төрт кездесуге қатысып, гол соға алмаған серб шабуылшысы командадан кетті.
Осыдан 2-3 жыл бұрын дәурені жүріп тұрған Дәуренбек Тәжімбетов биыл жүрісінен жаңылып, қосалқы құрам ойыншысы атанды. Құр отырғаннан пайда жоқ деп, жуырда оны бапкер «Таразға» жіберді. Осылайша, Бақтияр Байсейітов қолында бар барлық орталық шабуылшыны жан-жаққа таратып, орнына бір ғана шабуылшы – Отар Марцваладзе дегенді алды. Грузия құрамасының бұрынғы шабуылшысының өнерін әлі көрмедік. Бірақ, білетіндер мықты ойыншы дейді. Енді тек күтеміз.
Бұл ойыншыдан бөлек, «Ордабасының» орталық шабуылшы қызметін Филип Касалица атқарады. Негізі бұл футболшы әу баста «ондықтың» орнында ойнап жүрген. Бірақ, негізгі шабуылшылар жарақат алған кезде позиция ауыстырды. Сол уақыттан бері Филип шабуылшы қызметіне бой үйретіп қалды. Ойыны жанкүйерлер мен бапкер көңілінен шығып жүр.
Айтпақшы, клуб сапында шабуылшы қызметінде тағы бір футболшы ойнай алады. Ол – Александр Гейнрих. Бірақ, бұл ойыншы тек Өзбекстан құрамасында ғана орталық шабуылшы қызметін атқарады. Клубта доп ұстайтын «ондықтың» орнында жүр.
Міне, шымкенттік команда қатарында әзірше осындай өзгерістер бар. Команда бапкері бір сұқбатында қақпашы, қорғаушы, жартылай қорғаушы керек деп еді. Енді алдағы уақытта осы позицияларға жаңа ойыншылар келіп қалар. Бірақ, шет елдік емес, отандық футболшылар келуі мүмкін. Өйткені, «Ордабасы» сапында легионерлерге бөлінген сегіз орын бос емес.
Уалихан ҚОСАНБАЙ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |