Алмат Бекбаев: "Ордабасы" мені әу баста екінші қақпашы ретінде алған"
Былтыр топтық кезеңге таяқ тастам ғана жетпей тоқтаған “Қайрат” командасы сол деңгейден сәл де болса төмендемеуді, тіптен асып түсуді көздесе, ал алғашқы өткелден-ақ сүрінген “Ордабасы” мен “Ақтөбе” өткен жылдардың өкінішін қайталамаймыз деп білек сыбанып отыр. Біз үш командамызға да сәттілік тілей отырып, ойын алдында “Ордабасы” командасының қақпашысы Алмат Бекбаевпен тілдесіп көрген едік.
- Алмат, алдымен командаңызға Еурододада сәттілік тілейміз! Кездесу алдында өзіңіздің және жалпы команданың дайындығы жайлы айтып өтсеңіз. (әңгіме "Чукарички" - "Ордабасы" ойынының алдында болған)
- Рахмет. Жалпы дайындығымыз жаман емес, кеше жасаған жаттығуымыз жақсы өтті. Ұзақ жол сәл қиындау болды демесең, басқасының бәрі дұрыс. Арнайы спорттық командаларға арналған қонақжайға жайғастық, күтіп алушылар да қонақжайлылық көрсетіп жатыр. Осы орайда қолдан келгеннің бәрін жасап беріп жатқан “Ордабасы” басшылығына алғыс айтамын.
- Бүкіл қазақ елі көз тіккен бүгінгі кездесуде бапкерлер қақпа бағанасын Cізге сеніп тапсыруы мүмкін бе, әлде әріптесіңіз Бойченкоға ма?
- Бүгін мен қосалқы құрамда болатын секілдімін. Кімдердің бірінші минуттан алаңға шығатыны әлі белгілі болмады. Бірақ, қай кезде болсада ойынға араласуға дайынмын.
- Қарсылас команданың ойыншыларының деңгейі жайлы және кездесу өтетін алаң туралы не айтасыз?
- Менің сербиялық достарым көп, солардан естуімше “Чукарички” өте жақсы және жылдам ойнайтын команда. Құрамында жас әрі жоғары деңгейлі ойыншылар да жетерлік. Жақсы ойын болады деп сенемін. Кездесу өтетін алаңмен танысып, жаттығу жасадық, сәл кішірек демесеңіз төсенішінің сапасы өте жақсы. Алаңсыз ойнауға әбден болады.
- Қазақ қақпашыларының ішінде тәжирбесі де мол, деңгейі де жоғары қақпашының бірісіз. Алайда, соңғы кездері команда қақпасын Сізге сеніп тапсырмай жүр. Сізді негізгі құрамнан көргісі келетін жанкүйерлеріңізге не айтқыңыз келеді?
- Менің ойымша әр бапкердің өзінің сенімді ойыншылары болады. “Ордабасы” мені әу баста екінші қақпашы ретінде алған. Сол үшін қосалқы құрамда қалып жүрмін деп ойлаймын.
- “Астанаға” қарсы ойында жіберген азырақ қателігіңіз негізгі құрамдағы орныңызға әсер етті деп ойлайсыз ба?
- Ия, сол ойыннан кейін орнымды жоғалттым. Бірақ, осы маусымда негізгі құрамға оралуыма әлі де мүмкіндігім бар деп ойлаймын.
- Алдағы уақытта басқа команда сапында бақ сынап көру туралы ойыңыз бар ма?
- Мен бірнеше команданың намысын қорғадым. Тіпті олармен бірге жүлделі орындарға да жеттім. Ендігі мақсатым өзімнің “Ордабасыммен” бірге жеңістерге жеткім келеді.
- Сіздің ойындарыңызды көру барысында түйгенім, Сіз өзіңізге сенімдісіз. Әр сәтте тым сенімді қимылдайсыз, шеберлігіңізде төмен емес. Дегенмен де өзіңізді тағы қай жағынан жетілдіруім керек деп ойлайсыз?
- Өзімді негізгі құрамда ойнап жүрген кез-келген қақпашыдан деңгейім төмен деп ойламаймын. Жан-жақтылы қақпашымын деп ойлаймын. Тіпті, біразынан жақсырақ екеніме сенімдімін.
- Қазір Ұлттық құрамада қазақ футболшылардың қарасы көбейді. Ендігі кем соғып тұрғаны сол қақпашы мен қорғаушылар ғана. Сіз сонау 2012 жылы-ақ Ұлттық құраманың намысын қорғап үлгіргенсіз. Ұлттық құрамаға қайта оралсаңыз жақсы болар еді ...
- Мен сол Ұлттық құрамада болған сәтімді сағынамын, қатты аңсаймын!
- Шабуылшы мен қақпашы бітіспес қарсыластар деп жатамыз, Сіз премьер-лигада қай шабуылшыдан ең көп қауіптенесіз?
- Меніңше ең қауіпті шабуылшы Таңат Нөсербаев және Жерар Гоу. Олар кез-келген сәтте гол соғып кетуі мүмкін. Ал, ең сенімді қорғаушыны атау керек болса, бұрынғы командаласым Юрий Логвиненконы айтар едім. Ойын барысында әрқашан ашылып, доп сұрап тұрады. Тіпті, оны қазақ футболындағы ең мықты қоғаушы деп білемін.
- Адамдар әдетте ойын қаһарманы ретінде гол соққан футболшыны атап жатады. Осыған байланысты Германияның аңыз қақпашысы Оливер Кан бір сөзінде: “Адамдар қақпашының рөліне аса қатты мән бермейді” деген болатын. Сіз қалай ойлайсыз, қазақстанда қақпашыға құрмет қандай, маңызы қаншалық жоғары?
- Ия, біздің жанкүйерлер қақпашыларға аса мән бермейді. Үнемі қақпашыларды кінәлауға дайын тұрады. (күлді)
- Көп рақмет Сізге, мансабыңызға сәттілік тілеймін!
- Рақмет!
Қуаныш ҚАППАС
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |