Ел біріншілігіндегі ауыс-түйістер. І-бөлім
«АҚЖАЙЫҚ»
Біріншіліктің соңғы орнына жайғасқан «Ақжайық» бірнеше мықты футболшылармен толықты. Алғаш болып, Қазақстан Ұлттық құрамасы мен «Астананың» бұрынғы капитаны Қайрат Нұрдаулетовты атап өтуге болады. Былтырғы жылдың басында "Астанамен" келісім-шарты аяқталған соң «Қайсарға» ауысып, маусым аяғында жарақат алып, жарты жыл емделуге мәжбүр болған Қайрат біраз уақыт клубсыз жүрген еді. 33 жасар футболшы енді «Ақжайыққа» Премьер-лигадағы орнын сақтап қалуға көмектесетін болмақ.
Қақпашы мәселесі биыл оралдық клубтың басын ауыртты. Маусым басынан бастап Байсуфинов бапкер Қалменов пен Багаутдиновты алма-кезек ойнатып жүрген. Бірақ, екеуі де артқан үмітті ақтамады. Осы мақсатпен Байсуфинов «Ақжайықтың» тізгінін ұстап тұрған кезде босниялық «Дрина» клубынан Срдян Остоич есімді қақпашыны шақырған еді. Алайда, сербтың жанында біздің қақпашылар жақсы ма деп қалдық. Осыған дейін Сербия мен Белоруссия елінің бірнеше командаларының қақпасын қорғаған Остоич келе сала үш ойын өткізіп, өз қақпасынан сегіз мәрте допты алып шықты.
Маусым басынан бастап «Тобылдың» сапында доп теуіп жүрген Константин Дудченко мен Рақымжан Розыбакиев екі жақтың келісімі бойынша арадағы келісім-шартты бұзып, екеуі де «Ақжайыққа» ауысып келген еді. Украиналық шабуылшы да, Рақымжан да қостанайлық команда сапында өздерін көрсете алған жоқ. Голға жарымай жүрген оралдықтар үшін шабуыл өтін күшейту мақсатында Дудченкомен қатар, Сербияның «Ягодина» клубынан Мирослав Лечичті алған еді. 31 жастағы сұрмерген 2012/2013 маусымда «Тобыл» сапында өнер көрсетіп, 46 ойын өткізіп, 11 голды соққаны бар. «Ақжайықта» қазірге төрт мәрте алаңға шығып, еншісіне бір нәтижелі соққыны жазды. Сондай ақ, Премьер-лиганың соңғы командасы жартылай қорғаушы Евгений Левинді «Тобылдан» жылдың аяғына дейін жалға алса, «Тараздың» көшбасшы футболшыларының бірі Марат Шахметовты өз қатарларына қосты. Ал, алаңға бес рет қана шығып, мергендігімен көзге түсе алмаған Сергей Гридин Бірінші лигадағы «Қызылжардың» құрамына ауысты.
«ТАРАЗ»
Соңғы бір ай ішінде ауыс-түйісті басынан көп кешкен ұжым ол - «Тараз». Әулиеаталықтар елден де, шетелден де футболшылар шақырды. Бір кездері киевтік «Динамоның», мәскеулік «Локомотивтің» сапында айып соққыларынан голды оңды-солды соғып жүрген Александр Алиев «Тараздың» футболшысы атанды. Украиналық жартылай қорғаушы қарсылас қақпасына доп дарытып та үлгерді. Украина құрамасы сапында 28 ойын өткізген Алиевқа бас бапкер Юрий Максимов үлкен сенім артып отыр.
Алиевпен қатар, «Тобыл» сапына Тәжікстан Ұлттық құрамасының футболшысы Давронжан Эргашев деген 28 жасар қорғаушы қосылды. «Ордабасыда» негізгі құрамнан орын ала алмаған Дәуренбек Тәжімбетов те жамбылдық клубта бақ сынап көрмек. Сондай ақ, клубсыз жүрген ресейлік легионер Антон Григорьев, «Ертістің» қорғаушысы Александр Киров, тағы бір украиналық ойыншы Андрей Яковлев, қақпашы Кирилл Короткевич, былтыр «Таразда» өнер көрсетіп, кейін Өзбекстанның «Навбахор» клубына ауысқан украиналық 35 жасар шабуылшы Александр Пищур да Максимов баптайтын команда сапына қайта ауысты. Ал, осы жазғы трансферлік маусым кезіндегі «Тараздың» басты жетістігі - команданың үздік сұрмергені, жетекші футболшысы Сенегал елінің тумасы Малик Манені сақтап қала алғаны.
«ШАХТЕР»
«Кеншілер» де жаңа футболшылардан кенде емес. Қарағандылықтар бес ойыншымен толықты. «Шахтердың» жемісті жылдарында команданың намысын абыроймен қорғаған Никола Василевич "Дринадан" Қарағандыға қайта оралды. Сонымен қатар, Йозеф Вукушич баптайтын команда екі словак футболшысын қатарға қосты. Бірі, 32 жасар жартылай қорғаушы Стефан Зошак болса, екіншісі 26 жастағы шабуылшы Филип Серечин. Сондай ақ, "Жетісуда" өнер көрсеткен Марко Симоновскиді өз қатарларына қосты. Премьер-лигада голды ең аз соққан Шахтёр маусымның қалған бөлігінде шабуылда осы екі жігітке үміт артып көрмек.
«ЖЕТІСУ»
Үздік сұрмергені Савичті «Тобылға» жіберген «Жетісу», оның орнын жоқтатпас үшін «Ақтөбеден» Тоқтар Жаңғылышбайды, босниялық «Железничар» клубынан 28 жасар футболшы Деян Джермановичті алды. Бұл азамат Сербия, Болгария, Словения және Босния елдерінде доп тепкен екен.
Украиналық «Металлистің» сапында жүріп, келісілген матчқа қатысты деп айыпталып, командадан қуылған Артем Касьянов та «Жетісудың» қатарына қосылды. Бұл жартылай қорғаушы бұрын Қазақстанда ойнаған. 2010-2015 жылдар аралығанда «Ордабасының» жейдесін киіп 146 рет алаңға шыққан. Жасы 35-ке таяған Артемнан нәтижелі ойын күту қиын. Ал, 2014-ші жылы "Жетісудың" намысын қорғаған Берік Шаихов "Астана" сапында еркін көсіле алмай, талдықорғандық командаға қайтып келді.
Үлкен футболда 7-8 жыл ғана жүріп, бүгінге дейін жеті клуб ауыстырып үлгерген Мамаду Вага есімді футболшы осы жылдың аяғына дейін «Жетісумен» келісім-шартқа отырды. 25 жастағы француздық қорғаушының соңғы жұмыс орны «Ассириска» деген швед клубы. Жан-жақты футболшы. «Жетісуда» жартылай қорғаушы қызметін атқарып жүр. Скандинавия түбегінде 11 ойын өткізіп 3 гол салып үлгеріпті.
Бір қызығы, Жетісу гол соғып жүрген футболшыларын жан-жаққа таратумен әуре. Савичті «Тобылға» жібергенімен қоймай, үш рет мергендік танытқан Симоновскиді «Шахтерге», екі мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеген Тұрысбекті «Қайратқа» аттандарды. Жетісудің маусымдағы 20 голының 15-і осы үш азаматтың еншісінде. Талдықорғандықтар маусымның қалған бөлігінде қанша гол соға алады екен?
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |