Алғашқы алтылыққа кім лайық?
9-шілде.
«Тараз» - «Ертіс»
Жамбылдық «Тараз» соңғы ойындарын сәтті өткізді. Еңсесін тіктеп, бой көтеріп келеді. «Тобыл» мен «Шахтерден» алты ұпай алып, соңғы орыннан көтеріліп кетті. Ал, «Ертіс» болса керісінше, соңғы турда ұпайсыз қалды. Сырт алаңда «Тобылға» жеңіліп, «Қайратты» өзіне жақындатып алды. Команданың негізгі қорғаушысы Елдос Ахметов жарақатына байланысты бұл ойынға қатыса алмайды. Шымкентке кеткен Гогита Гогуаның да орны ойсырап тұр. Соңғы матчта Карлуш Фонсека алаңға шыға алмаған. Дегенмен, дәрігерлердің айтуынша португалиялық жартылай қорғаушының осы ойынға қатыса алатын қауқары бар екен. Аутсайдерліктен құтылғысы келген команда мен алғашқы үштікке таласатын қос команданың арасындағы ойында қонақтар фаворит екені анық. Алайда, ауысым ашылғалы бері тынымсыз жұмыс жасаған жамбылдықтар бірнеше мықты ойыншыны алды. Өткен маусымда көп гол соққан Александр Пищур де «Таразға» қайта оралды. Команда бапкері келе салысымен ойыншылардың кейбірін қосалқы құрамға тыққан болатын. Солардың бірі Марат Шахметов «Ақжайыққа» ауысса, Бауыржан Байтана тіпті командасыз қалды. Бұл ойынның тағдыры соғылған бір голға байланысты болуы да әбден ықтимал. Себебі, екеуі де қорғанысқа сенім артатын ұжымдар.
10-шілде
«Шахтер» - «Ордабасы»
Қарағандылық командаға ұпай алатын сәт туып тұрғандай. Себебі, бұл команда қатарынан жеңіліс тауып жатқанда бір серпіліп қалатын әдеті бар. Өз алаңында «Таразға» жеңілгеннен кейін «кеншілер» бұлқынып отыр. Алайда, «Ордабасы» да қарап қалмасы анық. Еуропа лигасында «Чукаричкимен» 3:3 тең түскеннен кейін шымкенттіктердің тынысы ашылуы мүмкін. Себебі, оларды да жергілікті жанкүйерлер қыспаққа алуда. Тіпті «Байсейітов кет!» деген де лозунгтар тарады. Демек, осы матчта «Тазы ашуын тырнадан алдының» кері келуі ықтимал. Бақтияр Байсейітов сол ойында негізгі ойыншыларын екінші таймда ғана шығарды. Касалица, Гогуа секілді мықтылар көп шаршай қойған жоқ. Әрі матч барысында Еркебұлан Тұңғышбаев та ауыстырылды. Демек, «Ордабасыға» осы күні ішкі чемпионат маңыздырақ деген сөз. Олар «Оқжетпеспен» теңдей келеді.
«Оқжетпес» - «Жетісу»
«Оқжетпестің» ойы «Қайратқа» жету емес, «Ордабасыны» алға оздырмау. Сондықтан, олар да берілген мүмкіндікті мүлт жібергісі келмейді. Команданың биылғы мақсаты жүлдегерлер қатарында болу еді. Алайда, осы күні олар алғашқы алтылықта жақсылап орнығуды көксейді. Қалған үш ойында барынша көп ұпай жинау қажет. Ал, Бауыржан Тұрысбекті «Қайратқа» жіберіп қойған «Жетісу» көкшеліктерге қауқар көрсете алар жағдайда ма? Өз алаңында «Қайратпен» тең түскеннен кейін, сырттағы ойын ауыр соғары анық. Сол ойыннан кейін сұрмерген Душан Савич те кетті командадан. Ал, «Оқжетпес» болса күн сайын күшейіп келеді. Екінші айналым алдында тек екі ойыншы ғана алған Владимир Муханов командасы тактикалық сауатты ұжымдардың біріне айналған. «Астананың» өзін әбден састырған алаң иелері жеңіске жетуге мүдделі.
«Атырау» - «Ақтөбе»
Екі команда бір-бірімен ұқсас жағдайда. Географиялық көршілер турнирлік кестеде де жақын тұр. Араларын небәрі бір ғана ұпай бөлуде. Венгрияға сапар шегіп келген «Ақтөбе» ауыр халде. Команданың іші бүлікке толы. Команда басшысы Дмитрий Васильев Еуропа лигасынан шығып қалғаннан кейін қызметімнен кетемін деді. Бірақ, әзірге ешқандай мәлімдеме оқығанымыз жоқ. Ал, таза футболдың өзіне келер болсақ, «Атырау» өз алаңында «Ақтөбеге» ұпай беріп қарап отыра алмас. Ойыны да күштірек. Шаршап келген ақтөбеліктерді әбден қинағалы тұр. Оның үстіне атыраулықтардың алғашқы алтылыққа ену деген мақсаты бар. Оған кедергі болатын негізгі бәсекелестің бірі осы «Ақтөбе». Сондықтан, бұл матчты үш емес алты ұпайға талас десек те болатындай. «Атыраудың» тағы бір «жауы» бар. Ол – «Тобыл».
«Қайрат» - «Тобыл»
Алматылық команданың бет қаратпайтын шабуылы шынымен де көп адамды риза қылды. Олар бейсенбі күні «Орталық стадионда» Албания елінің «Теута» деген командасын 5:0 қылып, тас-талқан етті. Керемет комбинациялар мен әдемі шабуылдар жанкүйерлер көзайымына айналды. Енді грузиялық бапкер Кахабер Цхададзе Омари Тетрадзенің командасымен шайқасады. Ішкі чемпионатты да қатар ойлайтын «Қайрат» үш ұпай алуды ойлайды. Әгәрәки, «Ертіс» Таразда сүрінетін болса, «Қайрат» екінші орынға шығуы мүмкін. Ал, «Астананың» биылғы қарқынын тоқтату қиын болғандықтан, алматылықтар күміс жүлдені де кемсінбес.
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |