"Жальгирис" жайлы не білеміз?
Жалпы, «Жальгирис» клубының негізі 1947 жылы қаланып, осы уақытқа дейін клубтың атауы сегіз мәрте өзгерген. Вильнюс қаласының намысын қорғайтын клуб Литваның алты дүркін чемпионы (1991, 1992, 1999, 2013, 2014, 2015 жылдар). Одан бөлек 1982 жылы КСРО Бірінші лигасының жеңімпазы деген де атағы бар.
УЕФА рейтингінде клуб қазір 270-ші орынға жайғасқан. Өз алаңындағы кездесулерді 15 030 жанкүйерге арналып салынған «Жальгирис» стадионында өткізеді. Ұжымды Литвадағы жас, әрі білікті бапкерлердің бірі – Вальдас Дамбраускас деген азамат жаттықтырады.
Жарты ғасырдан көп тарихы бар клубты осы уақытқа дейін отызға жуық бапкер жаттықтырыпты. Олардың ішінде қазақ жанкүйерлеріне ең танысы – Саулюс Ширмялис. Бір кездері футболдан Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы болған маман «Жальгиристі» 2005 жылы жаттықтырып, үздіктердің қатарына қосқан. Қазіргі уақытта Павлодардың «Ертіс» клубын өрге сүйреп жүрген Георгас Фрейдгеймас та осы клубтың тәлімгері болып саналады.
Клуб өз тарихында Еурододаларға алғаш рет 1988-89 жылғы маусымнан бастап қатыса бастаған. Ол уақытта қазір Еуропа лигасы орнын басқан УЕФА кубогінде бақтарын сынап, бірінші айналымнан аса алмаған. Сол уақыттан бері «Жальгирис» 2005 жылға дейін қәртамыс құрлықтың клубтық додаларынан шет қалған емес. Бірақ, көрсеткіші де ауыз толтырып айтуға келмейді. Асып кетсе, сол УЕФА кубогінің екінші айналымына жеткен.
Ал, 2005 жылы клубта кішігірім дағдарыс болып, мықты деген ойыншылары жан-жаққа бытырап кеткен. Сол жағдайдан кейін клуб 2011 жылы ғана есін жиып, қайта Еуропа алаңдарындағы бәсекеге қатыса бастады.
Алдымен 2012-13, 2013-14 жылдары Еуропа лигасында ойнаса, жылқы жылынан бастап Чемпиондар лигасында үнемі бақтарын сынап келеді. Әйтсе де, соңғы жылдардағы көрсеткішін мықты дей алмаймыз. Соңғы бес мүмкіндіктің барлығында да Вильнос қаласының намысын қорғайтын команда бірінші айналымды бағындыра алмаған.
Қазіргі таңда клуб қатарында сегіз легионер футболшы бар. Өзге футболшылардың барлығы дерлік клуб академиясының тәлімгерлері. Олардың арасында жас ойыншылар да, тәжірибиелі футболшылар да бар. Клуб футболшыларының орта жасы шамамен 25-ке тең келеді.
Бас бапкер Вальдас Дамбраускас соңғы ойындарда 4-4-2 жүйесін жиі қолданып жүр. «Жальгирис» қақпасын 27 жастағы Армантас Виткаускас қорғайды.
Қорғаныс шебіне Донаван Слейнгард (Нидерланды), Мамаду Мбондж (Сенегал), Эгидиюс Вайткунас пен Линас Климавичус жауап берсе, жартылай қорғаныста Марин Матош (Хорватия), Витаутас Лукша, Линас Пилибайтис және Мантас Куклис өнер көрсетеді. Бұл команда сапында гол соғуға Таутвидас Элешюс пен Бахрудин Атайич (Босния) жауап береді.
Бұл футболшылардан бөлек командаға кез-келген уақытта бразилиялық Эливелто мен жегілікті жастар қол үшін бере алады.
Міне, қысқа қайырғанда «Астана» Чемпиондар лигасында осындай командамен кездеседі. Бірақ, «қарсыласты қалпақпен ұрып аламыз» деп, немқұрайлы қарауға еш болмайды. Өйткені, клуб ойыншыларының көбі алдыңғы үш маусымда бұл турнирде ойнап, төселіп қалды.
Одан бөлек, Литваның футболдан А сериясының екінші бөлігі аяқталғанына ұзақ болмады. Үш апта бұрын ғана футболшылар демалысқа шыққан. Қазір тың.
Әрине, бұл кездесуде көпшілік «Астананы» мықты санап отыр. Оған себеп те жоқ емес. Елордалық клубтың қарсыласқа қарағанда құрамы да едәуір мықты. Оның үстіне өткен жылғы сенімділік те бар. Егер, екі ойынның қорытындысы бойынша, біздің жігіттердің бабы мен бағы қатар шабатын болса, «Жальгиристі» жолда қалдырып, келесі кезеңге өтеді деген дәмеміз зор.
Уалихан ҚОСАНБАЙ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |