Қожағапанов VS Боранбаев
“Гранаткин мемориалы” жарысына қатысатын U-17 құрамасы Санкт-Петербургке баратын ойыншылар тізімін жасағанда, қатарында “Қайрат” академиясында өнер көрсететін бірнеше жас ойыншы болған. Алайда, кейінірек бұл футболшылар түрлі себептермен құрамаға шақыртылмайтын болды. Оған әртүрлі себептер айтылды. “Қайрат” командасының басшылығы ойыншыларды құрамаға жіберуге қарсы болған дейді. Одан кейін, Ойрат Сәдуов қолда бармен Питерге аттанып кетті. Команданың ол жақта көрсеткен өнері барлықтарыңызға мәлім. Әдеттегідей, өте нашар.
Араға апта салып футболшыларымыздың екінші бір легі жиынға аттанатын болды. Тағы да Ресейдің мәдени астанасы Санкт-Петербургке. Бұл жолғы жарыс-“Достастық Кубогы”. Қазақстан жастар құрамасына “Қайрат” командасынан Тимур Рудосельский шақыртылуы керек еді. Бірақ, ойыншы өз өтінішімен бұл додаға қатысудан бас тартыпты. Әйтпесе, осыған дейін Саулюс Ширмялис бұл ойыншыны негізгі құрамға қойып жүрген. Жастар арасында “Қайраттың” негізгі қорғаушысы болып ойнап, тәжірибие жинақтап қалған Тимур құраманың қорғанысын нығайтары анық дүние. Бірақ, ол барғысы келмеді. Барғысы келмеді дегеннен гөрі клуб басшылығынан “Барма!” деген тапсырма келгендей. Әйтпесе, құрамаға шақыртылып тұрған футболшы “демалыс алам” деп ешқашан айтпас болар.
Бұл жерде алматылық “Қайрат” басшылығының Қазақстан футбол федерациясына ренжулі күйде екенін анық байқауға болады. Жаңадан келген бапкер Александр Бородюк барлық ойыншыны байқайын деп, оқу-жаттығу жиынына Рудосельскийді арнайылап алып кеткен де жоқ. Себебі, “Достастық Кубогы” бітуге шақ қалғанда ғана “Қайрат” Түркияға аттанды. Әйтпесе, оған дейін Алматыда жаттықты.
Қайрат Боранбаевтың ел футболында елеулі үлесі бар, саяси тұлға екені анық. Ел футболын басқарғысы келіп жүрген бұл жанұядан тағы бір адам бар екендігін білеміз. Ол, Айсұлтан Назарбаев. Мүмкін, Қайрат Боранбаев Айсұлтанға көмек көрсетіп, ҚФФ Президенті Ерлан Қожағапановтың орнынан кетуін қалайтын шығар? Боранбаев мырзаның өзі де негізі ел футболын басқара алатын қабілеті бар. Бірақ, ол кісіге бір “Қайраттың” қызығы жетіп артылады. Қожағапановтың орынтағына қызығушылығы аз болған соң, бәлкім айналасына оның кетуіне көмектесіп жатқан да шығар.
Егер, ҚФФ Президенті болып Айсұлтан Назарбаев келсе, Қайрат Боранбаевқа “Қайратты” чемпион қылу да оңайырақ болмай ма?
Мұның барлығы әрине, топшылау. Тобықтай түйіні қалай боларын кім білсін?! Бірақ, “Қайрат” ойыншыларының “Гранаткин мемориалына” да, “Достастық Кубогына” да қатыспағаны аян. Футбол төңірегінде болса Ерлан Қожағапанов пен Қайрат Боранбаев арасында кішігірім саяси соғыс басталды делінуде. “Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі” дегендей, бұл аралыққа түсіп, мән жайды анықтауға әзірге ешкім бата алар емес.
Нұрмат Елеуұлы
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |