"Маккабиге" қарсы мүмкіндік бар ма?
Бір апта бұрын «Қайрат» қосымша уақытта гол жіберіп, онсыз да жаңбыр астында жаурап отырған жанкүйерлерінің үнжырғасын түсіргені рас. Өз үйіндегі жеңіс жауапты матч алдында басымдылық берер еді. Енді текетірестің тағдыры Тель-Авивте шешіледі.
Алматыда өткен ойында бас бапкер Кахабер Цхададзеге көптеген сұрақтар болды. Әр сұхбат барысында Ермек Қуантаевтың жарақаты бар деп қақсай тұра, неліктен Ермекті тоқсан минут ойнатып қойды? Матч басынан бастап Бен Хаимға қарсы ойнап, екінші тайм орта тұсынан асқаннан кейін Ермек шаршап, көп қателіктер жіберді. Пастары әріптестерін дәл таппай жатты, қарсылас та артынан бірнеше рет сытылып шығып жүрді. Көбіне Анатолий Тимощук көмегінің арқасында оң қаптал аман тұрды.
Ал, Йосси Бенаюн алаңға шыққанда, тәжірибиелі футболшыға қарсы қауқар көрсетер Ермекте күш те қалмаған еді. Андрей Аршавиннің орнын басқан Исламбек Қуатты Ермектің орнына (қорғаныстың оң қанатына) жіберіп, Қуат шыққан сол қанатқа Герсон Асеведо немесе Бауыржан Тұрысбекті шығарса қайтер еді? Әмбебап Қуат қорғанып қана қоймай, шабуылға араласып, Бенаюнның өзін қорғандырып қояр еді ғой. Кахабер Цхададзе осы бір жағдайға қалайша бейқам қалды екен? Осы тұста біздің бапкердің немқұрайлығын қарсылас бапкері жақсы пайдаланып кетті.
«Маккаби» голының қайдан туғанын саралап отырмыз. Негізі, екінші таймдағы қонақтар көрсеткен қысымның нәтижесі ерте ме, кеш пе міндетті түрде голға алып келуші еді. Бірінші таймда жиі шабуылдаған «Қайрат» ойынның екінші бөлігінде қорғаныстан басқаны ойлаған жоқ. Өзіңмен деңгейлес немесе сәл мықтылау командаға қарсы 45 минут қорғану, әрине, өте қиын. «Қайраттың» әр үш күн сайын матч өткізіп жүргенін түсінуге болады. Бірақ, жартылай қорғаушылар, шабуылшылар тарапынан допты ұстап, қарсыластың жарты алаңында ұқыпты ойнаудың орнына, керек емес сәтте асыққаны да байқалып тұрды.
Жексенбі күні күміс жүлдеге таластағы басты қарсыласы «Ертіске» қарсы матчта «Қайрат» үш ұпай алып, кестеде екінші орынға мықтап жайғасып алды. Павлодарда өткен ойында бас бапкер бірнеше футболшыларға демалыс берді. Владимир Плотников пен Анатолий Тимощук Алматыда қалса, Михаил Бакаев пен Ермек Қуантаев екінші таймда алаңға шықты. Ал, қосалқы құрамда отырған Исаэль Барбоза мен Жерар Гоу ойынға тіпті араласқан жоқ. Бір өкініштісі, негізгі қорғаушы Жарко Маркович жарақат алып қалды. Онсыз да қорғаныстың мәселесі қиын болып тұрғанда Жарконың жарақат алғаны жығылғанға жұдырық болуы мүмкін. Команда сапына жақында қосылған Сезар Арзо қорғанып жарытпады. Маусым басында қапталда ойнап, Бруно Соарес пен Тимур Рудосельский жарақатына байланысты орталық қорғаныста ойнауға мәжбүр болып жүрген Станислав Лунин испандық легионерге жиі көмекке келіп отырды. Жарконың Израильдегі ойынға қатысар-қатыспасы әлі белгісіз. Серб қорғаушысы жарақатынан айығып үлгерсе, өзіміздің Лунин-Маркович жұбымыз дұрысырақ шығар.
Алматыдағы матчтың соңғы минуттарында эмоцияға беріліп, қарсыласын бетінен ұрған Бауыржан Исламхан алаңнан қуылған еді. Бауыржан «Блумфилд» стадионының жасыл алаңында командаға көмектесе алмайды. Капитансыз «Қайраттың» күні қараңғы. Осы маусымда Бауыржансыз алматылық ұжым бір матч өткізді. Маусым басында «Шахтёрге» қарсы ойында қызыл қағаз алып, келесі «Ордабасымен» болған кездесуге қатыса алмай қалған еді. Шымкенттегі матчта алматылықтардың шабуылда ойыны жүрмей, команда 0:1 есебімен есе жібереді. Цхададзе Исламханның орнына Қуатты қойып көрген еді. Алайда, Қуат капитанды алмастыра алмады. Бауыржан қорғаныс пен шабуылды байланыстыратын футболшы екені сөзсіз. Өзінің пастарымен шабуылға дем беріп отырады. Ал, қарымта матчта бапкердің плеймейкер ретінде алаңға кімді шығарары белгісіз. Асеведо мен Аршавинді қос қапталға қойып, ортаға Исаэльді ме, әлде талап етсең қақпаны да қорғауға дайын Қуатты ма? Чилилік легионердің командаға әлі сіңісе алмай жүргенін ескерсек, Асеведоны алғашқы минуттардан алаңға шығару қауіпті. Сондықтан, Қуатқа бұл позицияны сеніп тапсыруы мүмкін. Оның үстіне футболшы өз бабында.
Арвеладзе Алматыда 4-1-4-1 жүйесін қолданған еді. Бір ғана артқы жартылай қорғаушымен ойнады. Шыны керек, Бакаев-Тимощук-Исламхан үштігі орталық алаңдағы қарсылас футболшыларын еркін көсілте қойған жоқ. Алайда, қауіп қос қапталдан келіп жатты. Аршавин пен Исаэльдің қорғанысқа белсенді көмектеспейтіндерін сәт сайын жақсы пайдаланып отырды. Өз алаңында "Маккаби Тель-Авив" 4-2-3-1 жүйесін қолдануы әбден мүмкін. Қонақта қолға қондырған тиімді нәтижесін қорғау ғана ғой «Маккаби» үшін керегі.
Орталық стадиондағы бір апта бұрынғы ойын мамандардың «Маккаби Тель-Авив бұл кезеңдегі ең мықты қарсылас» деген пікірлерін растады. Израильдіктер алғаш болып гол жіберсе де, сасқан жоқ, асығып-аптыққан жоқ. Еурокубоктерде әбден ысылған ұжым ғой. Былтыр Чемпиондар лигасының иісін сезінді. "Челси", "Порту", "Динамо Киев" сынды мықты командаларға қарсы ойнады. Алматыда «Қайратпен» деңгейлес екенін, тіпті басым екенін дәлелдеді. Статистикаға көз жүгіртсек, Арвеладзе командасы «Қайраттан» барлық компоненттерде басым түсті. Көп соққы бағыттады, допқа алпыс пайыз иелік етті. Алдағы кездесу Еуропа лигасы аясындағы команданың осы маусымда қатысатын соңғы ойыны болмас үшін, «Қайрат» футболшыларына әбден тырысу керек. Аршавин, Исаэль, Гоу шабуылда да, қорғаныста да қатар ойнап, алаңның қай бөлігінде болмасын әріптестеріне дер кезінде көмекке келуден тайынбауға тиіс. Барлық мүмкіндік қарсыластың қолында болып тұрғанда, жеңіске жететін жалғыз жол - ұжым ретінде алынбас қамал болу. Жігіттерге сәттілік! Сенеміз! Жеңіс күтеміз
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |