Тағы да сол "Селтик"
«Астана» «Жальгиристі» өтсе, «Селтикке» түсуі мүмкін деген едік. Сол айтқанымыз келіп, түстік. «Селтиктің» «Линкольнды» айналып өтуі «Астананың» «Жальгиристі» ұтуынан оңай болғаны айқын. Сырт алаңда 0:1 есебімен жеңілген шотландиялықтар, өз алаңдарында 3:0 есебін тіркеп тастады. Үш голды алаң иелері 29 минуттың ішінде соғып қойды. Одан кейін... жаттығу жұмыстарымен айналысты. "Астанаға" қарсы ойынға дайындалды десек те болады.
Енді жалпы бұл қарсылас жайлы қалың оқырманға азды-кем ақпар бере кетсек. Барлықтарыңыз білетіндей «Селтик» 2013 жылы қарағандылық «Шахтерді» жеңіп, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтіп кетіп еді. «Астана-Аренада» 0:2 ұтылып, өз алаңдарында 3:0 есебімен жеңіске жетті. Топтық кезеңде «Милан», «Барселона», «Аякс» секілді командалармен бір топқа түсіп, үш ұпай еншіледі. Сол кездегі «Селтиктен» қазіргі «Селтик» нашар деген пікірлер әлеуметтік желіде өріп жүр. Келіспес едім. Команданың бас бапкері қазір Брендан Роджерс! Бұл бапкер осыдан екі маусым бұрын ағылшынның «Ливерпуль» командасымен қаншама жерге дейін барғанын білесіздер. Тура сол 2013 жылғы маусымды керемет бастаған Роджерс «Ливерпульді» ағылшын премьер-лигасында мамыр айына дейін алғашқы орында алып келді. Тек 36-шы турда ғана олар «Челсиге» жеңіліп, соңғы ойында «Кристал Пэласпен» өткен матчта ұпай ала алмай, тек күміс жүлдегер атанып қалды. Бұл Стивен Джерардтың командадағы соңғы маусымы болатын. Сол кездегі дүркіреген «Ливерпульді» дәл осы Брендан Роджерс жасақтады. Енді осындай деңгейде қызмет еткен бапкер қалайша төмен көрсеткішпен шектеліп қалсын. Оның көздегені бір-ақ нәрсе - Чемпиондар лигасының топтық кезеңі. Ал, оның жолында «Астана» тұр. Тура қазір Роджерс мырза күллі Қазақстан футболын зерттеп, Рохер Каньястың бір бүйрегі жоқтығын біліп те алған шығар. Сондықтан, «Селтикті» менсінбеушілік туралы сөз мүлде болмауы тиіс.
«Селтик» деген кезде біздің көз алдымызға пайғамбардай болған Йоргос Самарас көзге елестейді. «Шахтер» қақпасына гол соққан грек ойыншысы Самарас осы күні мұхиттың арғы жағында АҚШ чемпионатындағы «Райо ОКС» командасында доп теуіп жүр. Үнемі еурододаларда жолы болып кететін шотландиялықтардың биылғы ойыншылары жайлы сөз қозғасақ. Мусса Дембеле деген шабуылшыны «Тоттенхэмде» ойнайтын бельгиялық Мусса Дембелемен шатастырып алу қиын емес. Алайда «Селтиктегі» Дембеле Франция жастар құрамасының шабуылшысы. 20 жасар «қара маржан» «ПСЖ» мен «Фулхэм» футбол академияларының түлегі. Бұл ойыншы «Астана» қорғаушыларына әуедегі доптарға талас барысында әжептәуір қиындық тудыртуы мүмкін. Себебі бойы - 185 сантиметр. Ағылшын чемпионшипінде үш маусымда 56 ойын өткізіп, 15 гол соққан. Тек өткен айда ғана «Селтикке» ауысқан.
Талантты жас ойыншыларды алып, оларды жұлдыз қылып сатумен айналысатын «Селтик» өз әдетіне басып биыл қаңтарда Эрик Святченко деген даниялық ойыншыны сатып алды. Святченконы негізі Украина құрамасы да шақырған, бірақ ол өз таңдауын Данияға бұрды. Себебі оның әкесі, танымал қыл-қалам шебері Сергей Святченко кезінде Украинадан Данияға қоныс аударған болатын. Енді ол осы күні Дания ұлттық құрамасына шақыртылып жүрген қорғаушылардың біріне айналды. Тәжірибиелі ойыншылардан «Шахтерге» қарсы ойнаған Форест, Лустиг, Изагирре, Браун, Комманс секілді ойыншылар бар. Үш жыл бұрынғы «Селтиктен» қалған негізгі ойыншылар осылар. Қалғаны түгел жастармен қамтылып отыр. Жалпы айтқанда командада: Дания ұлттық құрамасының 24 жасар қорғаушысы Эрик Святченко, 21 жастағы 190 сантиметр бойы бар Хорватия жастар құрамасының қорғаушысы Иозо Шимунич, 196 сантиметрлік бойы бар, Норвегия футболының болашағына баланып жүрген 18 жасар алып жартылай қорғаушы Кристофер Айер, 20 жасар Франция жастар құрамасының шабуылшысы Мусса Дембеле, биыл 23-ке толған Австралия құрамасының жартылай қорғаушысы Том Рогич секілді жастар жүр.
Жалпы Шотландияда әлі чемпионат басталған жоқ. Сондықтан, қарсыластарымыз екі ғана ресми ойын өткізді. Гибралтарлық "Линкольнге" қарсы. Шотландия чемпионатын Роджерс шәкірттері жетінші тамыз күні «Хартс» командасына қарсы ойынмен бастайды. Қалған үшінші іріктеу кезеңінде кездесетін командалар төмендегідей. Бізге жақсы таныс Беларусь елінің БАТЭ командасына биыл жеребе жақсы түсті. Одан бөлек тағы бір қызықты жайт «Партизани» командасында болып тұр. УЕФА «Скендербеуді» еуроойындардан шеттеткен соң, оның орнына Албания атынан қатысқан «Партизани» командасы пенальти сериясы кезінде венгрияның «Ференцварош» командасын жеңіп кетті. Енді олар «Зальцбургты» да бір қинап көрмек. Алғашқы ойындар 26/27-шілде күндеріне белгіленген. Қарымта ойындар 2/3 тамызға жоспарланған.
УЕФА Чемпиондар лигасы. Чемпиондар жолы. Үшінші іріктеу кезеңі. |
НОРЧЕПИНГ (Швеция) - АПОЭЛ (Кипр) |
ДИНАМО (Загреб, Хорватия) - ДИНАМО (Тбилиси, Грузия) |
ОЛИМПИАКОС (Грекия) - ХАПОЭЛЬ (Беэр-Шева, Израиль) |
АСТАНА (Қазақстан) - СЕЛТИК (Шотландия) |
ТРЕНЧИН (Словакия) - ЛЕГИЯ (Польша) |
ВИКТОРИЯ (Чехия) - КАРАБАХ (Әзірбайжан) |
АСТРА (Румыния) - КОПЕНГАГЕН (Дания) |
БАТЭ (Беларусь) - ДАНДОЛК (Ирландия) |
ЛУДОГОРЕЦ (Болгария) - ЦРВЕНА ЗВЕЗДА (Сербия) |
ПАРТИЗАНИ (Албания) - ЗАЛЬЦБУРГ (Австрия) |
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |