"Селтик" сондай осал ма?
Шотландия футболы дегенде көз алдымызға бірден «Селтик» пен «Рейнджерс» келеді. Алайда, осыдан төрт жыл бұрын «Рейнджерс» қаржылық дағдарыстың салдарынан құлдырап, «Селтик» ішкі біріншілікте қарсылассыз қалған болатын. Әрине, үш маусым қатарынан клуб чемпионатта армансыз, еркін ойқастады. Қашан да, екінші орындағы «Абердиннен» 15-20 ұпай озып отырған. Төрт жыл бойы төртінші дивизионнан сатылап көтерілген «Рейнджерс» осы жылы мықтылардың ортасына қайта оралды.
«Селтик» Еуропа Чемпиондарының Кубогын (қазіргі Чемпиондар лигасы) британдықтар арасында алғаш жеңіп алған клуб. Тамыры тереңге жайылатын «Манчестер Юнайтед», «Ливерпуль» сынды алыптардың алдын орап кеткен. 1967-ші жыл кельттер Лиссабондағы финалда «Интерден» 2:1 есебімен басым түсіп, осындай тарихи жетістікке қол жеткізді. 1887-ші негізі қаланған «Селтик» Шотландия Чемпионатын 47, Шотландия Кубогын 31, Шотландия Лигасының Кубогын 15 мәрте жеңіп алған.
Тарихында тек бірінші немесе екінші орынды алып отырғандықтан, «Селтик» үнемі еурокубоктерде өнер көрсетіп отырды. Ең үлкен жетістігін жоғарыда атап өттік. Былтыр да Чемпиондар лигасының екінші кезеңінен жарыс жолын бастаған «кельттер» исланд клубы «Стьярнаннан» сенімді өтіп, әзірбайжанның «Карабахын» әупірімдеп жүріп жеңіп, төртінші кезеңде швециялық «Мальмеге» келіп сүрінген еді. Ал, Еуропа лигасының топтық кезеңінде алға «Мольде» мен «Фенербахчені» жіберіп, 1/16 финалға шыға алмай қалды. 2012/2013 маусымда басты еурододаның топтық кезеңінде «Барселонамен» бір топқа түсіп, ресейлік «Спартак» пен «Бенфикадан» озып, каталондықтармен плей-оффқа шыққанымен, Нил Леннон баптаған ұжым екі ойын қорытындысы бойынша «Ювентустан» 0:5 есебімен тас-талқан жеңілді.
Келер маусымдағы «Селтиктің» кем дегенде екі ойыны қазақстандық жанкүйерлердің жадында сайрап тұр. Үздік клубтық турнирдің төртінші кезеңінде «кельттердің» жолы біздің «Шахтёрмен» түйіседі. Қарсыласқа баламай келген «Селтик» футболшыларының екі аяғын бір етікке тыққан еді біздің жігіттер. Андрей Финонченко мен Сергей Хижнеченко гол соғып, Шотландиядағы қарымта ойынға команда айтарлықтай басымдылықпен аттанса да, алпыс мың жанкүйер қызу қолдап отырған «Селтик Парк» стадионында Виктор Кумыков шәкірттері 0:3 есебімен ұтылып қалады. «Селтик» топтық кезеңге жолдама алса да, жарытып нәтиже көрсете алмады.
Сол «Шахтёрдың» арманына тосқауыл болған «Селтик», биыл «Астана-Аренаға» екінші мәрте келгелі отыр. Әрине, үш жылдан бері команда түбегейлі өзгерді. «Рейнджерс» келді дегенді естігелі, клуб басшылығы құрамды күшейтуге кірісті. Ең әуелі, бапкерден бастады. Стивен Джерард, Луис Суарес сынды әлем футболының майталмандарына тәлім беріп, үш жыл бұрын «Ливерпульмен» АПЛ-дың алтынын алуға сәл қалған Брендан Роджерске тізгінді ұстатты. Брендан келіп жаңа футболшыларды қатарға қосты. Бұрынғы шәкірті Коло Турені қол астына шақырып алды. "Арсенал", "Манчестер Сити", "Ливерпуль" сияқты ағылшын футболының көшбасшы клубтарының қатарында доп теуіп, талай мықтының жолына тосқауыл болған Коло Туренің жасы келсе де, тәжірибиесі жоғала қойған жоқ. Оны былтыр «Ливерпульде» жүргенінде көрдік. АПЛ-дың бүкіл алыптары көз тіккен 19 жастағы Мусса Дембелені «Фулхэмнен» алды. Чемпионшипте француз футболшысы 17 гол соққан екен.
Команданың капитаны - Скотт Браун. Бұл жігіт сонау 2007-ші жылдан бері «Селтиктің» намысын қорғап жүр. Жылдам, физикалық мығым, қайсар, алаңды жақсы көре білетін Браун ең қауіпті футболшылардың бірі. Бір ғана пасымен біздің қорғаушыларды қапыда қалдыруы мүмкін. Ал, шабуылда нағыз сұрмерген Ли Гриффитс ойнайды. 25 жастағы Гриффитс былтыр қарсыластар қақпасына 31 гол тоғытқан футболшы. Команда Роджерс қол астында 4-4-2 жүйесімен өнер көрсетеді. Гриффитс пен Дембелені шабуылда қатар ойнатып жүр. Әдетте, екі шабуылшымен шыққан кезде, олардың біреуі әуедегі допқа жақсы таласа алатын, қарсылас жарты алаңында қысым жасаудан босатылатын болса, екінші шабуылшы керісінше жылдам болуы тиіс. Ал, Гриффитс пен Дембелены олай айта алмайсың. Екеуі де дриблингке, алыстан соққы бағыттауға, жылдамдықты қосып қорғаушыларды артта қалдыруға құмар. Сондықтан, қапталдағы футболшылар допты көп айып алаңға әуелетіп асыра бермейді. Әнәугүні, "Лестерге" қарсы матчта Гриффитс пен Дембеле қарымта шабуылда ағылшындық команда қорғаушыларының жиі мазасын алып тұрды. Мусса Дембелеге екі-үш футболшыны алдап өту түкке де тұрмайды. "Жальгирис" гол соққан кезде айдалада жүрген Рохер Каньяс, орталық қорғанысқа жауап беретін Юрий Логвиненко мен Марин Аничич қырағы болуға міндетті. Сондай ақ, «кельттердің» оң қанаты өте мықты. Қорғаушы Люстиг пен жартылай қорғаушы Патрик Робертс бірін-бірі жақсы түсінеді екен. Шабуылға көп алаңдайтын Дмитрий Шомкомыз алаңда көп еңбек етуі керек.
Селтик сенбі күні Халықаралық чемпиондар кубогынің аясында АПЛ-дың өткен маусымдағы чемпионы «Лестермен» матч өткізгенін айттық. «Астана» ел чемпионатының бірінші кезеңінің соңғы турындағы «Шахтёрге» қарсы ойынды тамыздың жетісіне шегергенін ескерсек, Станимир Стойлов шәкірттері қарсыластарға қарағанда үш тәулік артық демалған болып тұр. Десек те, жолдастық турнирде ойыншы ауыстыру шексіз болғандықтан, Роджерс барлық шәкірттеріне мүмкіндік берді. Ағылшындар қақпасына 19 жастағы орталық қорғаушы О`Коннел гол соққаны осының айғағы. Барлық футболшылар тың. Гибралтар елінің командасы «Линкольнге» қарсы қарымта кездесуде де Роджерс жігіттері шаршай қойған жоқ. Шаршатса, ұзақ жол шаршатар. Өздерінің үйреншікті футбол көрсетуіне біздің жасанды жасыл алаң кедергі болар. Бірақ, «Астананың» аутсайдер екенін мойындауға тиіспіз. «Жальгиристен» сәттіліктің арқасында өткен Стойлов жігіттерінің қарсылас алдында «біз басымбыз» дейтіндей бірде-бір айқын дәлелі жоқ. Былтырғы тәжірибие ме? Иә, топтық кезеңде алты ойынның төртеуінде жеңілмегені мақтаныш. Бірақ, «Селтик» те үнемі еурододаларда ойнап жүр. Оған қоса, елордалықтар былтырғымен салыстырғанда осал екені көзге ұрып тұр. Өткен маусымда «Селтик» секілді қарсылас іріктеу кезеңінде "Астанаға" кезіккен жоқ оның үстіне. Шындығына келгенде, шотландықтардың «Шахтерден» жеңілгенінің бірден-бір себебі - қарсыласты өз деңгейінде бағаламауы. Үш жыл бұрын маңдайы тасқа тиген соң, «Астананың» былтыр «қарт құрлықты» шулатқанын біле тұра «Селтик» Қазақстанға тас-түйін дайындықпен келеді. Оған қоса, бірінші матчтың өз алаңымызда болатыны тиімсіз болып тұр. Тіпті, қонақтар екі доп айырмашылығымен ұтылса да, өз алаңында алпыс мың жанкүйердің қолдауымен текетірес тағдырын шеше салуы қиын емес. «Селтик Паркта» қысымның қандай боларын кеншілерден сұраңыз. Бүгін Стойлов командасы өз алаңында барын салып ойнамаса, керекті нәтижені қарымта матч алдында қамтамасыз етіп алмаса, келесі кезеңге өту өте қиын. Сәттілік қашанғы жолдас бола берсін?!
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |