Жат жерде жасқанбай
«Астана-Аренадағы» алғашқы ойында Сойлов тосын сый дайындап, бәрін таңғалдырған болатын. Әдетте таза қорғаушының міндетін атқарып жүрген Абзал Бейсебеков оң қапталда әмбебап жартылай қорғаушы болып ойнады. Бір қарағанда 3-5-2 болып көрінген бұл сызба одан сәл ерекше, 5-2-2-1 десек те болады. Негізгі құрамда төмендегі футболшылар шықты: Ненад Эрич - Дмитрий Шомко, Марин Аничич, Юрий Логвиненко, Игорь Шитов, Абзал Бейсебеков - Рохер Каньяс, Неманья Максимович - Патрик Твумаси, Азат Нұрғалиев - Джуниор Кабананга. Себебі, бір сәтте алаңға Игорь Шитов пен Абзал Бейсебековты шығарды. Яғни, Шитов толықтай қорғаныста. Орталық қорғаныста әдеттегідей Марин Аничич пен Юрий Логвиненко болса, сол қапталдағы Дмирий Шомконың шабуылға араласқаны шамалы болды. Яғни, «екі міндетті қоса атқар» деп Шомкоға бас бапкер бұйрық бермеген екен. «Селтиктің» ең қауіпті футболшыларының бірі Робертс дәл осы қанатта ойнайтындықтан, Стойлов сескенген болса керек. Сондықтан, бүкіл матч бойы «Астананың» сол қапталы осал көрінді. Шабуылда да қарусыз болды. Түбінде гол да дәл осы тұстан келді. Ал, Брендан Роджерс шәкірттері соңғы кездері ойнап жүрген 3-5-2 жүйесінде емес, 4-4-2 жүйесінде ойнады. Қорғаныста Лустиг-Эмброуз-О`Коннелл-Тирни. Алаңның ортасында команда капитаны Браун, жанында Макгрегор. Оң жақтан “Астана” қорғанысының мазасын Робертс алса (Шомконы қателесуге мәжбүр етіп, гол соғар сәтте Гриффитске пас берген футболшы), сол қаптал тәжірибиелі Армстронгтың иелігінде болды. Шабуыл шебінде Гриффитс пен Дембелені ойнатты. Дембеледен матч алдында қанша сескенсек те, «Астана» қорғаушылары француздың адымын аштырмады.
Стойлов командасының ойынына риза екеніміз жасырын емес. Дегенмен, бас бапкер бүкіл матчқа тактиканы дұрыс таңдай білді ме? Бүкіл бірінші тайм бойы алаңда бар күшін сарп етіп ойнаған шәкірттерінің екінші таймда шаршарын білмеді ме? Астаналықтар алғашқы минуттардан матчты өте белсенді бастады. Ізбе-із шабуылдады. Бір сөзбен айтқанда, жеңіліп жатқан команда секілді алаңға шықты. Ал, екінші таймда гол өткізген сәттен кейін жеңісті допты соғуға командада мүлде күш қалған жоқ. Оған дейін «Жальгириске» қарсы қарымта кездесуде де дәл осындай күй кешкен еді. Яғни, команда екінші таймда болдырды. Физикалық тұрғыдан шаршады. Литвалық ұжымға қарсы ойында сәттілік жолдас болып, соңғы минутта жеңісті голды соғып кеткенімен, әккі шотландықтарға қарсы бұл айла іске аспады. Екіншіден, неге команданың сол қапталын соншалықты осал қылып қойды? Негізгі құрамда Серікжан Мужиковты шығаруға болмас па еді? Шабуылдағы әлсіздікке жарайды делік. Бірақ, қонақтардың голы қайдан келді? Матч басынан бастап бүкіл бір қапталдың сарбазы болған Шомко, ақыр-аяғы болмашы жерден қателікке бой алдырды. Осының өзі шаршағанның белгісі емес пе?
Елордадағы бірінші матч көп сұрақ қалдырды. «Астана» кезекті рет өз алаңында есе жібермеді. Әрине, бұл жақсы. Алайда, өз үйіндегі 1:1 есебі өте тиімсіз. Иә, мықты бапкер баптайтын тәжірибиелі командадан бүкіл матч бойы басым болды. Статистика оған толық дәлел. Мысалы, Стойлов жігіттері қарсылас қақпасына жеті мәрте дәл соққы бағыттаса, «Селтик» бір рет қана Ненад Эрич қорғайтын қақпаны дәл көздепті. Бірақ, сол бір соққының өзі голға ұласып отыр.
Қазақстан Премьер-лигасында бірінші кезең аяқталып, үш апталық үзіліс жарияланғаны белгілі. Яғни, «Астана» бір апта бойы демалды. Жауапты матч алдында тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік алды. Ал, «Селтик» сенбі күні Халықаралық чемпиондар кубогының аясында атақты «Барселонамен» кездесіп, 1:3 есебімен есе жіберді. Шотландықтардың жалғыз голының авторы бір апта бұрын «Астананың» қақпасына доп дарытқан Гриффитс. Жолдастық турнир, жолдастық кездесу болған соң ол матчты бүге-шүгесіне дейін зерттеп отырудың қажеті шамалы. Бір қызығы, Роджерс 4-5-1 жүйесін қолданды. Бірінші таймда 11 футболшыны, екінші таймда басқа 11 футболшыны ойнатты.
Шотландиядағы матчқа Неманья Максимовичтің қатыспайтыны күні кеше белгілі болды. Серб жартылай қорғаушысы Глазгоға аттанар күні ыстығы көтеріліп, Астанада қалған екен. Ойында көп көрінбесе де, керек кезде жарқ етіп шыға келетін, әріптестерінің қателіктерін үнемі жуып-шайып жүретін Неманьяның «Селтикке» қарсы ойнамауы, Стойлов үшін бас ауыртарлық мәселе болып тұр. Сербты толыққанды алмастыра алатындай қосалқы құрамда ешкім жоқтың қасы. Рохер Каньястың жанына міндетті түрде қорғанысқа бейім футболшыны шығару керек. Әдетте, Стойлов ішкі біріншіліктегі матчтарда Асхат Тағыбергенді ойнатып жүрген. Яғни, Максимовичке демалыс берген кезде. Сондықтан, Асхатты бүгін негізгі құрамда көріп қалуымыз әбден мүмкін.
“Астана” клубының футболшылары Глазго атты алып шаһарға жетіп, алаң иелерінің стадионында жаттығу жұмыстарын өткізіп үлгерді. Әр матч сайын алпыс мың жанкүйерді жинайтын «Селтик Парк» стадионы қаланың дәл ортасында орналасқан. Әдемі ән салып, қызу қолдау көрсетіп отыратын бұл стадионның атмосферасы біздің айтулы мерекеде бір толатын «Астана-Аренадан» әлдейқайда ерекшеленеді. Соның арқасында үйдегі матчтарда “Селтик” футболшылары қарсыласты таптап өтуге дайын. Десек те, алғашқы ойында Стойлов серкелері «кельттерді» әбден састырғанын ескерсек, бұл ойын алдында қос команданың келесі кезеңге жолдама алар мүмкіндігі бірдей десек артық емес. Иә, бірінші матчта Роджерс шәкірттері нәтиже үшін ойнаған да болар. Бірақ, сол ойын «Селтиктің» дәл қазір шарықтау шегі емесіне кім кепіл? Сондықтан, қарсылас бір апта ішінде адам танымастай өзгеріп кетер дегенге сену қиын. Елордалық жігіттерге сәттілік тілейміз. Жеңіс күтеміз!
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |