Болгар бапкерлерінің белдесуі. Екінші кезең басталады
23-тур. 12-тамыз.
«Астана» - «Ертіс»
Апта бұрын “Селтиктен” сүрініп, Чемпиондар лигасынан шығып қалған елордалықтар үшін маусымның нағыз шешуші сәті келді. Жексенбі күні чемпионат аутсайдерлерінің бірі «Шахтёрге» қонақта есе жіберген Станимир Стойлов шәкірттерінің көңіл-күйі жоқ секілді. Глазгодағы сәтсіз нәтиже жігіттерге қатты әсер етті. «Астананың» маусымды қалай аяқтары БАТЭ-ге қарсы текетірестің нәтижесіне толықтай байланысты болуы мүмкін. Еуропа лигасының топтық кезеңіне түсе алмаса, команда бас бапкерден де, белді футболшылардан да айырылуы ғажап емес. Бүгін «Астана» өз алаңында үшінші орынға жайғасқан «Ертісті» қабылдайды. Болгар бапкерлері бірінші кезеңдегі екі ойында да бірін-бірі ала алмаған. Павлодардағы кездесу нәтижелі 2:2 есебімен аяқталса, «Астана-Аренада» екі команда 1:1 есебімен тарқасты. Бүгінгі матчта да командалар тең нәтижені тіркесе, таң қалудың қажеті жоқ. Алаң иелері БАТЭ-ге қарсы матчты ойлайтын болады. «Ертіс» бір ұпайды қанағат тұтаны да түсінікті. Димитар Димитров командасының басты мақсаты - үшінші орынды ешкімге беріп қоймау.
13-тамыз.
«Оқжетпес» - «Қайрат»
Көкшетауда «Оқжетпес» пен «Қайрат» күш сынасады. Владимир Муханов шәкірттері алматылықтарға әбден тіс қайрап отыр. Екі команда арасындағы соңғы матч көкшеліктердің ойсырай жеңілісімен аяқталған еді. Алматыда «Қайрат» қонақтарды аяған жоқ. Саша Стаменкович қорғаған қақпаға Бауыржан Исламхан бастаған жігіттер жауапсыз алты доп тоғытты. Өз алаңында ұпай тарата бермейтін «Оқжетпес» бірінші кезеңнің соңғы турында «Ертіске» есе жіберіп алды. Ал, «Қайрат» болса қонақта үздіксіз ұпай алып келеді.
«Ақтөбе» - «Ордабасы»
Соңғы кездері «Ақтөбе» мен «Ордабасы» бір-біріне жақын болып кеткендей. Үш апта бұрын екі команда бір ұпайдан бөлісіп, ақтөбеліктердің айы оңынан туып, соңғы сәтте алтыншы орынды иемденген еді. Екінші кезеңнің бірінші турында да екеуі кездескелі отыр. Ал, жақында ғана «Ақтөбенің» капитаны Самат Смаков “Ордабасы” сапына ауысты. «Ақтөбе» үшін «Ордабасыға» қарсы матч тағдыр шешуші болып тұр. Толықтай үш ұпай алмаса «Ақтөбеге» ары қарай чемпионатта ойнамаса да болады. Жеңсе ғана төртінші орынға ілігеміз деген үміт пайда болуы мүмкін. Ал, екінші кезеңде ұжымның ойынын түзеп, жүлделі орынға жармастырамын деп уәде берген Бақтияр Байсеитовке әрбір ойын шешуші, маңызды. Тағдыры қыл үстінде тұрған маман шымкенттік жанкүйерлер алдындағы уәдесін орындау үшін «Ақтөбеде» жеңістен бастауға тиіс.
14-тамыз.
«Шахтёр» - «Тараз»
Тамыздың жетінші жұлдызында «кеншілер» өз алаңында «Астананы» жеңіп, сенсация жасағаны бар. Екі айға жуық уақыттан бері жеңісті көрмеген жанкүйерлер бір қуанып қалды. Жаңа бапкер келісімен команда ойыны өзгерді ме, әлде, бір сәттік серпіліс пе, оны алдағы уақыт көрсетеді. «Астанадан» үш ұпай алып, «Шахтёр» бүгінгі қарсыластарын турнир кестесінде басып озған еді. Бір қарағанда қарағандылықтардың мысы басым болғанымен, жамбылдықтар қонақта жақсы нәтиже көрсететін ұжым. Шымкентте “Ордабасыны” талқандағанын еске түсірудің өзі жеткілікті. Оған қоса, Қарағандыда болған бірінші кезеңдегі кездесуде «Тараз» алаң қожайындарын сан соқтырып кеткен.
«Ақжайық» - «Жетісу»
«Ақжайықтың» бүгінгі жайы қиын. Жертөлеге жайғасқан команданың қалған ойындарда бәрін ойсыратып жеңіп, Премьер-лигада қалатынына ешкім сенбейді. Екі айдан бері ұпай алып көрмеген жігіттер «Жетісуға» қарсы ойында бұл үрдісті бұзуға тырысып бағады. Ал, «Жетісу» соңғы орындардан барынша ұзап, Премьер-лигада қалу үшін болатын қосымша матчтар өткізуге міндетті 11-ші орыннан да барынша ұзап кеткісі келеді. Негізі, осы маусымдағы қос матчта да оңтүстіктік ұжымның мысы басым болған.
«Тобыл» - «Атырау»
Алтыншы орынға таласта жолы болмаған командалардың жолы түйісіп отыр. Жалпы, мұнайшыларды да, қостанайлықтарды да екінші алтылықтың басты фаворитттері десек те болады. «Тобыл» соңғы кездері чемпионаттағы ең нәтижелі команданың бірі болып алды. Соңғы төрт матчта қарсыластар қақпасына он гол соғыпты. Десек те, бірінші кезеңде «Атыраумен» болған екі кездесуде бір ұпайды ғана қанағат тұтқан екен.
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |