Қолаға талас қыза түсті
"Ертіс" - "Оқжетпес" - 0:2 (0:1)
Голдар: Николас Каналес 21, Марат Хайруллин 88
«Ертістің» басынан қара бұлт сейілмей-ақ қойды. Өткен турда чемпионға қарсы ойында тас-талқан болып ұтылған керекуліктерден жанкүйерлер «Оқжетпеспен» болатын матч алдында жеңіс қана күтті. Өкшелеп қуып келе жатқан көкшеліктерден бір айла асырса, кем дегенде алдағы екі үш ойында өз орнына алаңдамас еді. Солтүстіктегі матч алаң иелерінің үздіксіз шабуылдарымен басталған еді. Алайда, бірінші таймның орта тұсында Николас Каналес «Ертіс» футболшыларының бар ұмтылысын жоққа шығарды. Игорь Юриннің сол қапталдан асырған тамаша пасын жазғы трансфер кезінде команда сапына қосылған чилилік легионер голға ұластыра білді. Үзіліске дейін де, үзілістен кейін де тынбас шабуылдаған Димитар Димитров шәкірттерінің тепкен доптары Саша Стаменкович қорғаған қақпаға дарымай-ақ қойды. Көкшеліктер қақпашысын ойынның қаһарманы десе де болады. Ал, алаң иелерінің ең тамаша мүмкіндігін Шота Григалашвили құртып алды. Қақпашымен жеке-дара шыққан грузин футболшысы он бір метр жерден допты қақпадан әлдеқайда жоғары тепті. Жазалау көп кешіктірген жоқ. Марат Хайруллин қарымта шабуыл кезінде соңғы қорғаушыны да, Давид Лорияны да қапы қалдырып, есепті еселеп, командасының әдемі жеңісіне нүкте қойып кетті. Осыған дейін маусымда өткізген екі ойында да «Ертістен» ұпай ала алмаған Владимир Муханов командасы ойламаған жерден Павлодардан жеңіс алып кетті. «Ертістің» сүреңсіз ойынына куә бола тұра, дәл қазір «Оқжетпестің» қолаға таласта басты фаворит екенін мойындау керек.
«Қайрат» - «Ақтөбе» - 3:1 (0:1)
Голдар: Бауыржан Исламхан 49 (пен), Гафуржан Сүйімбаев 62, Жерар Гоу 66 - Алексей Щёткин 31
Турдың екінші ойынында «Қайрат» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдаған еді. Осы маусымда таптап үйренген қарсыласына бұл ойынның бірінші таймында алматылықтардың тісі батпады. Станислав Луниннің қателігі салдарынан гол жіберіп алған алаң иелері, қонақтар қақпасын тайм аяғына дейін қанша торуылдаса да, гол соға алмай әуре болды. Дегенмен, екінші таймда, бар-жоғы он бес минуттың ішінде Кахабер Цхададзе жігіттері жеңісті жұлып алды. Бауыржан Исламхан пенальтиден есепті теңестірсе, жарқын ойын өрнегін көрсеткен Гафуржан Сүйімбаев алаң қожайындарының екінші голын соқты. Ал, бұрыштамадан кейін айып алаңының ішінде орын алған қарбалас кезінде қырағылық танытқан Жерар Гоу чемпионаттағы он алтыншы добын атына жазып, қорытынды есепті тіркеді. «Қайрат» қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізіп отыр. «Ақтөбе» үш матчтан бері жеңіс дәмін татқан жоқ.
«Жетісу» - «Тобыл» - 2:0 (0:0)
Голдар: Нарек Бегларян 66, Артём Касьянов 77
Екінші алтылықтан алғаш болып «Жетісу» мен «Тобыл» ойнаған болатын. Маусымның алғашқы бөлігін талдықорғандық ұжым сапында өткізген серб сұрмергені Душан Савич бұрынғы командасына қарсы бұл ойында үнсіздік танытты. Негізі, алғашқы алтылыққа іліге алмаған соң қостанайлық команда чемпионатқа қолды бір-ақ сілтеді ме дейсің. "Атырауға" қарсы ойында «сен соқпасаң, мен соқпайын» деп жүріп, ұпай бөліскен Омари Тетрадзе командасы, енді бұл маусымда жеңіліп көрмеген қарсыласының алдында тізе бүкті. Бірінші таймда қауіпті сәттер ұйымдастырғанымен, қақпа кілтін таппаған қонақтар екінші таймда ойнауды қойды. Соның нәтижесінде «Жетісу» он минуттың ішінде жеңісті қамтамасыз етіп алды.
«Шахтёр» - «Ақжайық» - 0:1 (0:0)
Гол: Коронель Ортиз 77 (пен)
Осыған дейін, тіпті, екі ойын қатарынан ұпай алып көрмеген «Ақжайық» бір апта ішінде екінші жеңісіне қол жеткізді. Оралдықтар Қарағандыда ұш ұпай алды. Парагвайлық жартылай қорғаушы Ортиз пенальтиден гол тоғытып, командасына жеңіс алып берді. «Ақжайықты» бәрі ерте есептен шығарған секілді. Бұл команда әлі де болса Премьер-лигада қалуға таласуы әбден мүмкін. Үш матч бойы жеңілмей келе жатқан «кеншілер» оралдықтарға қарсы сүрінгеннен кейін, турнир кестесінде бір саты төмен сырғыды.
«Тараз» - «Атырау» - 1:0 (0:0)
Гол: Малик Мане 70
«Ақжайықтың» алдында орналасқан «Тараз» да бұл турда жеңіс тойын тойлады. Жамбылдықтар алаңындағы ойын тартысты өтті. Бірінші таймда қос командада да есеп ашатын бірнеше мүмкіндіктер болған. Он жетінші минутта «мұнайшылардың» шабуылшысы Александр Макась қақпашыдан айласын асыра алмады. Екі минуттан кейін Малик Мане соққы бағыттап көргенімен қақпадан қиыс кетті. Дәуренбек Тәжімбетов пен Валерий Коробкинде есеп ашатын тамаша мүмкіндіктер болғанымен, оларға сәттілік жолдас болмады. Ал, жеңісті голды екінші таймда Мане соғып тынды. Сенегалдық азаматтың бұл маусымдағы сегізінші голы.
«Астана» - «Ордабасы» - 2:0 (1:0)
Голдар: Азат Нұрғалиев 2 (пен), Патрик Твумаси 50
Басынан дау кетпей, ойынының мәні келмей жүрген шымкенттік «Ордабасы» чемпионға қонаққа барған еді. Өткен турда «Ақтөбеде» жергілікті командамен қосылып голдарды қарша боратқан «Ордабасы» «Астанаға» қарсы қару таба алмады. Бір жарым айдан бері жеңістің не екенін ұмытқан Бақтияр Байсеитов командасының сәтсіз сериясы әрі қарай жалғасты. Бейсенбі күнгі БАТЭ-ге қарсы қарымта кездесудің алдында Станимир Стойлов кейбір негізгі футболшыларына аз да болса демалыс беруді жөн көрген екен. Рохер Каньяс, Джуниор Кабананга, Серікжан Мужиков секілді футболшылар алаңға екінші таймда ғана шықты. Ал, негізгі қорғаушы Юрий Логвиненко ескертулеріне байланысты ойынға қатысқан жоқ. Орталық қорғаушылар жұбын Марин Аничич пен Игорь Шитов құрады. Мансабының көп бөлігін шымкенттік клуб сапында өткізген Азат Нұрғалиев «Ордабасыға» қарсы алғаш рет «Астана» жейдесінде алаңға шықты. Матч Азаттың пенальтиден гол соғуымен басталды. Елордалықтар сапына ауысқалы Азаттың статистикасы тамаша болып тұр. Ішкі біріншілікте жеті ойынға қатысып бес доп соғыпты. Екінші минутта дарытқан Нұрғалиевтың голы үзіліске дейін жалғыз болып тұрған. Екінші таймның басында Патрик Твумаси есепті еселеп, матчтағы соңғы голды соққан еді. Ойынның қалған бөлігінде ел чемпиондары жеңісті есепті ұстап тұрды. Бір күн бұрын төрт ұпайға жақындаған «Қайраттан» Стойлов баптайтайын команда тағы да жеті ұпайға озып кетті.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |