Алыптар айқасында "Қайраттың" айы оңынан туды
«Астана» мен «Қайраттың» арасындағы соңғы кездесу Алматыда өтіп, Кахабер Цхададзе шәкірттері жеңіс тойын тойлаған-тұғын. Аталмыш матчта Станимир Стойлов бапкер бес қорғаушымен ойнап опық жеген еді. Себебі, қапталдағы қос латериалды «Қайрат» қорғаушылары ойнатпай тастады. Қос қапталға бар күшті салғандықтан, қарсылас айып алаңының орталық маңында ойқасқастайтын ешкім болмаған болатын.
Сол жағдайды ескерді ме, әлде негізгі қорғаушы Юрий Логвиненконың жарақаты себеп болды ма «Астана-Аренадағы» ойынға алаң қожайындары төрт қорғаушымен шықты. Бір қызығы, ортада Марин Аничич - Игорь Шитов жұбы өнер көрсетіп, Ұлттық құрама сапында поляктарға қарсы жақсы ойнаған Сергей Малый қосалқы құрамда қалды. Ал, ондықтың рөлін атқарып, Джуниор Кабананганы пастармен қамтамасыз ету Азат Нұрғалиевке тапсырылды.
«Қайрат» футболшыларының бәрі дерлік сау, сондықтан, Цхададзеде бар мықтыларын ойынға қосуға мүмкіндік бар еді. Тек, жарақатының емі ұзаққа созылып, алаңға оралуы мұң болған Ермек Қуантаевтың орнына қорғаныстың оң қапталында Исламбек Қуат ойнаса, қосалқы құрамда қалған Андрей Аршавиннің орнына бірінші минуттан алаңға Герсон Асеведо шықты. Ұлттық құраманың матчтарына қатысып, аз да болса бабына еніп келген Стас Покатилов қақпаны қорғады.
Матч өте белсенді басталып, бүгін ашық ойын өтетінін, футболшылар қорғанысқа қамалып алмайтын сездірді. «Астана» мен «Қайрат» арасындағы кездесуде бесінші минутта есеп ашылу деген көптен бері орын алмаған жағдай. Жаздың басында алматылықтар сапына қосылып, содан бері үздіксіз сынға ұшырап жүрген Герсон Асеведо есеп ашты.
Өз алаңында, өз жанкүйерлері алдында өнер көрсетіп жатқандықтан «Астана» футболшылары жылдам есепті теңестіруге тырысты-ақ. Алайда, Стойлов жігіттерінің шабуылдары мәнсіз болып жатты. Екі қапталдан үздіксіз асырылған пастары ұзын бойлы Сезар Арзо мен Жарко Марковичке қиындық туғыза қойған жоқ. Ортадағы Азаттың көзге түсуіне Анатолий Тимощук пен Михаил Бакаев мүмкіндік бермеді. Рохер Каньяс мен Серікжан Мужыковтың бағыттаған соққылары қақпаны дәл таппай жатты.
Жылдам гол салып, сауатты қорғанған қонақтар екінші таймды шабуылмен бастап, өз талпыныстарын голға ұластырды. Мужыковтың айып алаңға асырған пасын еш қиындықсыз тосып алған Покатилов допты жылдам орталық алаңға Асеведоға лақтырған болатын. Чилилік легионер қарсылас айып алаңына жақындай бере Бауыржан Исламханға пас беріп, капитан мүлт кеткен жоқ. Бір қорғаушыны алдап, қақпадан шыққан Ненад Эричті де қапыда қалдырып, есепті еселеді. Айта кету керек, Герсонның голында нәтижелі пастың авторы Исламхан атанып еді. Бұл жолы керісінше болды.
Алаң иелері ес жиып үлгермей жатып Цхададзе шәкірттері үшінші голды да соғып тастады. Тағы да «Астананың» бұрыштама добы, тағы да қарымта шабуыл. Тағы да «Астана» футболшылары артқа қайтып үлгере алмай қалды. Өз айып алаңы алдынан Эричтің иелегіне дейін қарсылықсыз жүгіріп барған Исламхан Жерар Гоудың көзге түсуіне толықтай мүмкіндік жасады. Ал, чемпионаттың үздік сұрмергені өз мүмкіндігін тамаша пайдалана білді.
Араға үш минут салып «Астана» бір гол соқты-ақ. Голды тыңнан шыққан футболшылар жасады. Танат Нүсербаев пас беріп, Джордже Деспотович шірене тартып, «Астана» жанкүйерлері үшін үміт отын жаққан болатын. Алайда, Цхададзе де көрегендіктен кенде емес екенін байқатты. Исаэльдың орнына шыққан Аршавин мергендігімен көзге түсіп, матчтың нүктесін қойды. Айта кету керек, бұл голға да пас берген Бауыржан Исламхан. Апта бұрын поляктарға қарсы ойында да үздіктердің бірі болған жас футболшы бұл ойында үш нәтижелі пас беріп, бір гол соқты.
Соңғы жылдары алтынға таласта алдын орап кетіп жүрген қарсыласын ойсырата ұтып, алматылықтар турнир кестесіндегі ұпай айырмасын төртеуге қысқартты. Дегенмен, «Астанада» «Оқжетпеске» қарсы қонақта ойнайтын бір матч бар. Бүгін Стойлов жігіттері кестедегі басымдықты ойлап, босаңсыды ма, әлде Кипрдегі АПОЭЛ-ге қарсы матчқа күш сақтады ма, әйтеуір ел-классикосына дайын болмай шықты. Ал, «Қайраттың» берілмегенін байқадық. Әлі де болса, алматылықтарда бірінші орынға таласар мүмкіндік бар. Чемпионаттағы қалған алты матчтың төртеуін өз алаңында, екеуін қонақта өткізеді. Онда да бірі, алғашқы алтылық аутсайдері «Ақтөбе». «Астана» үшін чемпионатта жеті ойын қалса, соның төртеуінде қарсыластарына қонаққа барады.
«Астана» — «Қайрат» 1:4 (0:1)
Голдар: Асеведо 5 (0:1), Исламхан 62 (0:2), Гоу 68 (0:3), Деспотович 71 (1:3), Аршавин 76 (1:4)
«Астана»: Ненад Эрич, Абзал Бейсебеков, Марин Аничич, Игорь Шитов, Дмитрий Шомко, Рохер Каньяс, Неманья Максимович, Патрик Твумаси (Джордже Деспотович, 69), Азат Нұрғалиев (Таңат Нөсербаев, 64), Серікжан Мужыков (Асхат Тағыберген, 85), Джуниор Кабананга;
«Кайрат»: Стас Покатилов, Исламбек Қуат, Сезар Арзо, Жарко Маркович, Гафуржан Сүйімбаев, Анатолий Тимощук, Михаил Бакаев, Герсон Асеведо (Тимур Рудосельский, 86), Бауыржан Исламхан (Бауыржан Тұрысбек, 80), Исаэль Барбоза (Андрей Аршавин, 67) Жерар Гоу;
Ескерту алғандар: Нұрғалиев 54, Аничич 59, Нөсербаев 74, Деспотович 87 — Сүйімбаев 90+2
Төреші: Дұзмамбетов(Өскемен)
Допқа иелік ету: 55-45
Соққылар: 10-14
Дәл бағытталған соққылар: 3-6
Бұрыштама: 9-1
Оффсайд: 0-2
Тәртіп бұзу: 10-12
Сары қағаз: 4-1
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |