Қазақ футболында жанкүйер жоқ, көрермен ғана бар
Бұларды айтып футбол әліппесін басынан сөз еткелі отырған жоқпыз. Тек көптің көңілінде сайрап тұрған теңбіл доп сыйқырын тағы бір мәрте еске түсіру ғана. Себебі, біз бүгін қазақ жұртының әлемді тамсандырған осы ойын түріне деген махаббатын саралап көрмекпіз. Қазақстандық жанкүйерлер қандай деңгейде дегенге өзімізше жауап іздейміз.
Қазақ даласына футбол келгелі бір ғасырдан асты деп ауыз толтырып айтқанымызбен, теңбіл доптағы тереземіздің өзгелермен теңесе бастағаны кеше ғана. Осы спортта жеңіске жетіп желпінгенімізден, сәтсіздікке ұшырап, салымыздың суға кеткен сәттері көп екенін көзғарақты жанкүйер жақсы біледі. Тек соңғы жылдары ғана сәл де болса көшіміз түзеліп келеді. Бұл сөзімізге “Астана” мен “Шахтер” клубтарының Еурододоның топтық турнилерінде өнер көрсеткенін дәлел етсек болады. Ал, Ұлттық құрамамыздың ФИФА рейтингінде 83-ші сатыға көтерілгені, ең үлкен мақтанышымыз екені сөзсіз.
Қазақ футболында орын алып жатқан осындай оң өзгерістерге көрермен қауым бей-жай қарай қойған жоқ. Жеңіске бірге қуанып, жеңілісте аһ ұрды. Қазір кез-келген қазақстандық азамат біздің елде де футбол спортының бар екенін білетін деңгейге жетті. “Футбол спортының бар екенін білетін деңгейге жеттік” - деп бекер айтып отырған жоқпыз. Шынын айтқанда біздің елдегі футболға деген қызығушылықты осы сөзбен ғана бейнелеуге болады. Шетелдегідей шын жанкүйер, қаны қызу қолдаушы бізде әлі қалыптаса қойған жоқ.
Футболдың басты ұраны - “Жанкүйерлер үшін өнер көрсету”! Көрермен көрмесе футбол ойнаудың қажеті қанша? Онда ол шынымен де біреулер айтатындай “тек ақша табудың жолы” болып қалмайма. Бірақ біздің елдің футболшылары футболды көрерменсіз ойнап келе жатқаны қай заман! Біздің Премьер-лигадағы командаларымыздың барлығы облыс орталығында немесе басты қалаларға орналасқан. Ал, сол 200-500 мың тұрғыны бар қалалардан екі аптада бір болатын кездесуді тамашалуға 2000-5000 мың көрермен жиналмайды. Осы арада сөзімнің тұздығы ретінде әр қаланың тұрғындар саны мен футболға келген көрермендер санын көрсете кетейін. Дерек 2014-2015 жылдардағы орта есеп.
Команда атауы |
Көрермен саны 2014 ж |
Көрермен саны 2015 ж |
Қала |
Тұрғындар саны |
"Қайрат" |
7706 |
8675 |
Алматы |
1 703 500 |
"Ақтөбе" |
6833 |
5300 |
Ақтөбе |
387 807 |
"Атырау" |
2850 |
4117 |
Атырау |
217312 |
"Астана" |
3488 |
3894 |
Астана |
880 191 |
"Ертіс" |
2700 |
3550 |
Павлодар |
335 185 |
"Тараз" |
3172 |
3344 |
Тараз |
351 353 |
"Ордабасы" |
3406 |
3144 |
Шымкент |
885 799 |
"Тобыл" |
3156 |
2656 |
Қостанай |
212 617 |
"Қайсар" |
4125 |
2562 |
Қызылорда |
200 900 |
"Шахтер" |
3575 |
2131 |
Қарағанды |
497 824 |
"Жетісу" |
2719 |
1844 |
Талдықорған |
138 218 |
"Оқжетпес" |
1550 |
1681 |
Көкшетау |
153 057 |
Міне, қай қаланы алып қарасаңызда тұрғындарының тек бір пайызға да толмайтын бөлігі стадионға барып футбол тамашалайды екен. Тіпті, кейбір ойындарға бірнеше жүз адам ғана көрермен болады. Алматыдан басқа қалаларда билет құны да аса қымбат емес. Ал, бірінші лига ойындарындарының кейбіріне тіпті 50-100 адам ғана келіп жатады.
Бұл біздің футболдағы көрермендердің саны. Шынын айтқанда біздің елде футбол жанкүйерлерінің “сапасы” да сын көтермейді. Әр кездесудің көркемдігіне көз суарып, тактикасына тамсанып отыратын көрермен санаулы ғана. Ал, командамен жеңісте де, жеңілісте де бірге болатын шын жанкүйер жоқтың қасы. Команда жеңіске жеткен күні бәрі “жанкүйер”, ал жеңілген күні футболшыларға балағат жаудырып, түкіріктеріне тұншықтырады. Бұндайда бірер ойыншы қателік жасамасын деңіз, егер ол қателікке бой алдырып, командасының жеңілуіне себепкер болатын болса, бәрі жабылып жамандайды. Оған тіпті енді футболмен айналыспай-ақ қоюға кеңес беретіндер де табылып жатады.
Әлеуметтік желілердің бірінде Қазақстан мен Польша кездесуінен кейін көрермендер арасында күлкілі пікір талас өрбіді. Польяк қорғаушысы Камиль Гликтің Бауыржан Исламханды аяғымен тұрғызбақ болған әрекетіне қазақстандық көрермендер өз наразылықтарын білдірді. Өкініштісі, олардың наразылығы басбұзар Гликке емес, өзіміздің Бауыржанға қарсы туындағаны болды. Олардың ойынша, Бауыржан сол жерде атып тұрып қарсыласын ұрмағаны үшін “намысы жоқ, актер” екен. Ол негізі “футболды қойып, театрға жұмысқа барса жөн” екен. “Алаңнан қуылатынын ескермей, атып тұрып Гликті жұдырығымен жазалауы керек” екен. Міне, біздің елдегі футбол жанкүйерлерінің түсінігі. Осындай айдан-анық мәселеде өз футболшымызға қолдау көрсете алмаған жанкүйерлерден не күтуге болады?!
Одан да сорақысы көрермендердің көбі футбол көруді ел-елге, жер-жерге бөлінудің құралына айналдырып алған. Оларға командасының ұпай жинағанынан, чемпион болғанынан көрші обылыстың командасын сүріндіргені маңызды. Қарсылас командаға қарсы балағат сөзді қардай борату, оларды кемсіту біздің жанкүйерлерге еш таңсық емес. Қайта соны жеңіске жетудің, басқадан бәсі озудың белгісі ретінде қабылдайтын кездері де бар.
Осыдан сәл бұрын, “Қайрат” пен “Ақтөбенің” айбыны қатар артып тұрған шағында екі команданың жанкүйерлері “жауласудың” сан түрін жасады. Жерге бөліну былай тұрсын, жүзге, руға бөлінуге дейін жетті. “Ақтөбе” жанкүйерлерінің “Қазақстанда жалғыз Қайрат” ұраны мен ақымақ репер Сайлаубектің аяғының астына тасталған “Қайрат” жалауы екі команда арасын тіптен суытып жіберген болатын.
Бұндай үрдіс жалпы әлем футболында бар екенін мойындаймыз. Тіпті, осының өзі футболдың қызығын асыра түсетіні де шындық. Бірақ, біздің елдегі жағдай өз командасына шынайы берілген жанкүйерліктің көрінісі емес, қайта жаға жыртысуға дейін апаратын елге-жерге бөлінуге ұласып кететіні қынжылтады. Басқаның беделін бір мысқал түсірсек деген бақай есеп біздің жанкүйерлерге өз командасына қолдау көрсетуді емес, қарсыласқа жамандық тілеуді үйретті. Бұндайда қазақ “Біреуге өлім тілгенше, өзіңе өмір тіле” - дейді. Демек, біздің көрермендерге өзгенің сүрінгенін тілегеннен гөрі, өз командасының ұтқанын тілегені әлдеқайда дұрысырақ болмақ.
Негізі Қазақстандық жанкүйерлер Германия футболынан үлгі алса жаман болмас еді. Неміс жанкүйерлерінің қаншалықты қызу қанды екені ежелден мәлім. Жанкүйер жинаудан неміс командалары ешкімге дес берген емес. Әсіресе “Боруссия Д” командасының жанкүйерлері әр ойында стадионды лық толтырып отырады. Былтыр орта есеппен әр кездесуге 80 мыңнан аса жанкүйер жиналып, стадионның толу көрсеткіші 99,83 пайызға жеткен. Олармен салыстырғанда әлемнің үздіктері “Реал” пен “Барселона” жанкүйерлерінің өзі әлдеқайда аз жиналатын болып шықты.
Неміс жанкүйері осынша көп болғанымен, бір-біріне ала көзбен қарап жатқан олар жоқ. Қайта Еурододаларда өз елдерінің кез-келген командасын қолдайды. Неміс жанкүйерлерінің ең үлкен арманы чемпиондар лигасының финалында екі бірдей германия командасының кездесуі болып табылады. Ал, бұндай кеңпейілділік көп елдің қолынан келе бермейді. Мәселен Испанияда “Барселона” жанкүйерлері “Реал” жеңілген күні “той жасайды”. Ал, каталониялықтар сүрінсе, мадридтіктердің мәз болып жатқаны. Бірақ, қазақ жанкүйерлеріне бұлардан үйренудің еш себебі жоқ. Өйткені, бұл екеуі екі түрлі ұлттың командасы. Каталонияның Испаниядан бөлініп дербес ел боламыз деп ұрандап жүргеніне аз уақыт болған жоқ. Қазақстандықтардың бөлінуге еш қақысы жоқ. Қазақтың сайын даласын бөліп алуға футболдың сыйқырыда әлсіздік жасауы керек.
Ақыры немістерді мақтап қалдық ғой, олардың керемет патриот, дәстүрге адал екендерін де айта кетейік. Биыл неміс бундеслигасына жаңа команда қосылған болатын. 2009 жылы құрылып, бар болғаны жеті жылда бундеслигадан бірақ шыққан “Лейпциг” командасы. Бұл команда негізі Австриялық атақты "Ret Bull" спорттық ішімдік шығаратын компанияның көп көлемде қаржы қосуымен құрылған. Бір қарағанда команда футболдан гөрі жарнамаға бейім көрінген. Осыны басты назарда ұстаған неміс жанкүйерлері жаңа команданың ақшаның күшімен дәстүрлі неміс футболына зиян тигізуіне алаңдаушылық білдірді. Әрі ол командаға жаппай қарсылық танытты. Осыдан-ақ, германиялықтардың ұлттық футболға қаншалық жанашыр екенін аңғаруға болады. “Шеттен келген шүрегей елге тұтқа болмайды”. Қайта, өз елінің футболшыларына, өз елінің футболына бірлікте қолдау көрсету керек екенін немістер бізге үлгі етіп көрсетті деп есептейміз.
Қуаныш ҚАППАС
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |