Гейнрих "Астана" қақпасынан саңылау таба алады ма?
28-тур. 24-қыркүйек.
«Тобыл» - «Жетісу»
Турдың шымылдығын екінші алтылықтың көшбасшысы мен соңғы үш ойында жеңіске жетпеген команда ашпақ. «Тобыл» мен «Жетісу» осыған дейін екінші айналым аясында жолыққан еді. Талдықорғанда алаң қожайындарының мысы басым болып, «Тобыл» ұпайсыз қайтқан болатын. Негізі, бұл матч екі ұжым арасында кімнің мықты екенін шешіп беруі тиіс. Себебі, осы маусымдағы үш кездесудің бірінде «Тобыл», бірінде «Жетісу» жеңсе, бір ойын тең есеппен аяқталған еді. Екеуі екінші алтылықтағы ең нәтижелі командалар екенін ескерсек, Қостанайдағы ойында бірнеше гол көруіміз әбден мүмкін.
«Ақжайық» - «Шахтер»
Бес ойын қатарынан қарсыластарын тізе бүктіріп, «Ақжайық» соңғы орыннан көтерілді-ау ақыры. Екінші кезеңнің бірінші айналымында оралдықтар бәрін жеңді. Енді, Вахид Масудов командасына қарсы қарсыластар тіс қайрап шығатыны түсінікті. Бір ай бұрын «кеншілер» де өз алаңында «Ақжайыққа» есе жіберіп, сан соғып қалған еді. «Тобыл» мен «Жетісу» екінші алтылықтағы ең көп гол соққан командалар болса, оралдықтар мен қарағандылықтар керісінше, голға келгенде сараң. Екі команданың соққан голдары отыз бес қана. Жалғыз «Тобылдың» өзінде - отыз үш. Сондықтан, нәтижелі матч күтудің қажеті шамалы. Бұндай ойындарда кездесудің тағдырын бір дәл соққы ғана шешіп жатады.
25-қыркүйек
«Ордабасы» - «Астана»
Еурокубоктегі "Янг Бойзға" қарсы ойын алдында елордалықтарды өте қиын матч күтіп тұр. Екі тур алдында мұнда «Қайрат» келіп сүрінді. Алайда, «Астана» дегенде шымкенттіктер қонақжайлылық танытып кететіні бар. Алғашқы алтылықтағы командалардың ішінде Шымкенттен үш ұпай алған жалғыз команда болса, ол - «Астана. Биыл ғана емес, өткен үш маусымнан бері солай. Жалпы, осы маусымдағы үш кездесуде де Станимир Стойлов жігіттері мықты болған екен. Азат Нұрғалиев тұңғыш рет Шымкентке «Астана» жейдесінде келеді. Бір ай бұрын «Астана-Аренада» «Ордабасыға» қарсы ойнады-ақ. Тіпті, пенальтиден гол соғып, бұрынғы әріптестері, бапкерлері, жанкүйерлері алдында алаңда кешірім сұрады. Алайда, соңғы кездері Азатқа Стойлов бапкердің көңілі толмай жүрген секілді. Сондықтан болар, өз бабына келсін деп «Ертіске» қарсы қосалқы құрам футболшыларымен ойнатты. «Қайратқа» қарсы бір сағаттан кейін-ақ қосалқы құрамға отырғызып қойды. Ал, соңғы кездері көзге түсіп, "Ордабасыға" жеңіс сыйлап жүрген Александр Гейнрих чемпиондарға қарсы қалай өнер көрсетпек? Өзбек футболшысы алғашқы алтылықтағы «Астанаға» ғана гол соқпапты.
«Атырау» - «Тараз»
Жамбылдықтар өткен турда Қостанайда жеңілгеннен кейін, соңғы орынға түсіп қалған жайлары бар. Ал, «Ақжайық» дәл осы "Атырауды" қонақта жеңіп, жертөледен жоғары көтерілді. Сонда қатарынан екінші тур «Мұнайшы» стадионына чемпионаттың аутсайдері қонаққа келгелі отыр. Бұл командаларда осыған дейін үш рет жолыққан екен. Үш ойында бар болғаны екі гол. Ал, соңғы кездесу жамбылдықтардың пайдасына аяқталды. Жеңіс қана «Таразды» қанағаттандыра алады. Дегенмен, ұпай таратқыш «Атыраудың» да оянар сәті келген секілді. Тағы бір-екі жеңіліске ұшыраса, «Тараздың» орнынан табылмасына кім кепіл?
«Оқжетпес» - «Ертіс»
Екінші айналымдағы ең нашар командалардың арасындағы ойын қалай болмақ? Чемпионат екіге бөлінгелі көкшеліктер үш ұпай ғана алды. Сол ұпайды Павлодарда Димитар Димитров командасына қарсы ойында олжалаған еді. Ал, "Ертістің" қоржыны мүлде бос. Керекуліктер тур қорытындысы бойынша бесінші орынға түсіп қалуы да мүмкін. Бір қызығы, екі команда арасындағы соңғы екі кездесуде қонақтардың мысы басым болып отырған. Павлодарда Владимир Муханов жігіттері 2:0 есебімен жеңсе, Көкшетауда «Ертіс» дәл осы есеппен қарсыласты тізе бүктірген. Қос команданың да соңғы кездегі нәтижелері сәтсіз болғанымен, командаларда ойын жоқ деп айта алмайсың. Жартылай қорғаушылардың еңбегін голға ұластырар шабуылшы жоқ болып тұр. Керекуліктердің сенгені Роман Муртазаев екінші кезеңде бір мәрте ғана мергендік танытты. Сенегалдық легионер Бай Джиби Фаль кубок үшін «Астанамен» болған ойында он бір метрліктен мүлт кетті. «Оқжетпес» шабуылшылары мүлде үнсіз. Тіпті, команданың гол соқпағанына бір ай болды.
«Ақтөбе» - «Қайрат»
«Астананың» әр сүрінісін аңдып жүрген алматылықтар осы турда өздері ұпай жоғалтпаса игі. Себебі, «Ақтөбенің» көші түзеліп келеді. Бірінші айналымда «Қайратқа» қарсы матчтарда тас-талқаны шығып жүрген командаға мүлде ұқсамайды батыстықтар. Оның шет-жағасын тамыздың аяғында Алматыда өткен ойында аңғартқан болатын. Маусымда бірінші рет «Қайратқа» ірі есеппен жеңілмеді. Алексей Щеткин голының арқасында... Жасындай жарқырап, голдарды топырлатып жүрген еңгезердей шабуылшы "Ақтөбеден" кетіп тынды. Дөкейлердің айқасында жазықсыз құрбан болды, бір сөзбен айтқанда. Ал, Алексейсіз «Ақтөбенің» шабуылы азусыз екені көзге ұрып тұр. Апта бұрын «Астанамен» болған ойын - бұл сөзіме дәлел. Апта ортасында «Қайрат» кубоктың жартылай финалының алғашқы жүздесуінде өз алаңында «Атырауды» жеңді. Қатарынан екінші мәрте батыстық командамен кездескелі отырған алматылықтардың алтынға таластағы итриганы ерте аяқтамайтын ниеттері болса, Ақтөбеде толық үш ұпайды алуға міндетті.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |