Алғашқы ұпай бар, жеңіс жоқ
Матч алдында қонақтардың орталық қорғанысы жайлы көп сөз болған еді. Стив фон Бергенмен жұп құрап ойнайтын Ален Роша жарақат алып, оны кіммен алмастырары Адольф Хюттер үшін үлкен мәселе болғаны анық. Команда капитанының жанына орталық қорғаныстағы бекемділікті қамтамасыз ету үшін 23 жастағы ганалық футболшы Касим Нуху шықты.
Станимир Стойлов өткен жексенбі күні "Ордабасыға" қарсы матчта төрт қорғаушыны алаңға шығарған еді. Алайда, еурокубоктегі ойынға әдеттегінше бес қорғаушымен ойнауды жөн санаған екен. Юрий Логвиненко қосалқы құрамда қалса, алғы шепке Азат Нұрғалиев те, соңғы кездері бабы келіспей жүрген Патрик Твумаси де шыққан жоқ. Джуниор Кабананганың жанына жұп қылып Джордже Деспотовичті қосып берді.
Қонақтар "Астана-Аренаның" алаңына шыға салысымен-ақ үйренісіп кетті. Олар үшін жасанды шөп жат емес екенін матч алдында айтқанбыз. Бірінші минуттардан қақпамызға қауіп төндіруге тырысып бақты. Бір-екі бұрыштама көтерді. Алайда, алғашқы мүмкіндік "Астана" футболшыларының еншісінде қалды. Әйткенмен, Неманья Максимовичтің айып алаңның сыртынан бағыттаған соққысы Иван Мвого үшін қиындық туғыза қойған жоқ. Ал, қонақтардың шабуылы әлдеқайда қауіпті болды. Йорик Раве жиырма метрдей жерден шірене тартқан. Абырой болғанда, Ненад Эрич төселе кетіп, допты бұрыштамаға жіберді. Араға біраз уақыт салып тағы сол Раве алыстан Эричтің иелігін дәл көздеуге тырысып баққанмен, футбол снаряды қақпадан сәл ғана биік кетті. 25-ші минутта Рохер Каньяста жақсы мүмкіндік болған. Колумбиялық футболшының соққысы жол-жөнекей қорғаушыға тиіп, бұрыштамаға кетіп қалды. Бірінші таймның соңғы он минутында "Астана" футболшылары қарқынды күшейтті. Қорғаныстан шабуылға өтулері жылдам болды. Ал, 38-ші минутта Джордже Деспотович Еуропа лигасында соғылған үздік голдың авторы атана жазды. Дмитрий Шомконың ауттан лақтырған добы айып алаңның ортасынан табыла кетті. Сол жерде тұрған Джордже қақпаға өзінен асырып тұрып тепкен. Алайда, Мвогоға қақпаның бағанасы жолдас болды. Екі минут өткен соң, Шомконың Кабанангаға әуелете асырған пасы соққыға айналып кетті. Дегенмен, доп қақпаның төбесіне топ ете түсті. Соңғы минуттарды белсенді өткізген "Астана", төреші қосқан уақытта гол жіберіп ала жаздады. Дәлірек айтсақ, өз қақпамызға соғып ала жаздадық. Абырой болғанда, Абзал Бейсебековтың абайсызда қақпаға баспен бағыттаған добы бағананың жанынан өтіп кетті.
Екінші таймды алаң қожайындары белсенді бастады. Матч басталысымен өз үйінде жүргендей сезінген қонақтардың адымын аштырмады. Шомко өз қапталынан ортаға ойысып барып, алыстан теуіп көрген. Қақпашы өз орнында екен. Абзалдың қарсылас қақпасына бағыттаған жойқын соққысына да камерундық азамат тосқауыл бола білді. Ал, келесі бір сәтте Абзал мен Максимович тамаша пас алмасқан. Дегенмен, серб футболшысы шабуылға нәтижелі нүкте қоя алмады. Матчтың аяғында Стойлов шәкірттері жеңісті голды соғуға әбден тырысып бақты. Алаңға Нөсербаев, Нұрғалиев және Тағыберген шықты. Алайда, тұшымды шабуылдың шеті көріне қойған жоқ. Керісінше, ойынның 89-шы минутында қонақтарда тамаша мүмкіндік болды. Қарымта шабуылға жылдам аттанған "Янг Бойз" футболшылары әп-сәтте Эрич айып алаңының алдынан табыла кетті. Кубо ойынға тыңнан қосылған Дуаға тамаша пас берген. Бағымызға орай, қарсылас футболшысы қақпадан біраз биік тепті.
Еуропа лигасы. «B» тобы. 2-тур.
«Астана» (Астана, Қазақстан) - «Янг Бойз» (Берн, Швейцария) - 0:0
Ескертулер: Нуху 34, Саттер 75
«Астана»: Эрич, Бейсебеков, Шитов, Малый, Аничич, Шомко, Каньяс, Максимович, Мужиков(Нұрғалиев, 84), Деспотович(Нөсербаев, 75), Кабананга(Тағыберген, 84)
«Янг Бойз»: Мвого, Лецякс, Стив фон Берген , Нуху, Саттер, Закария, Бертоне, Сулеймани(Шик, 81), Раве, Фрай(Дуа, 81), Кубо(Эбишер, 90+1).
Төреші: Саймон Эванс (Уэльс)
29-қыркүйек. Астана. «Астана-Арена». 21 328 көрермен.
Ойынның статистикасы:
Соққылар: 10 — 8
Дәл бағытталған: 3 — 2
Бұрыштама: 3 — 6
Офсайдтар: 10 — 0
Допқа иелік ету: 56 % — 44 %
Сары қағаз: 0 — 2
Тәртіп бұзу: 9 — 16.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |