Қазақстанда футбол арнасы ашыла ма?
Саны бар, сапасы жоқ
Әлқиссасын әлем және еуропа чемпионаттарынан бастасақ. Соңғы жылдары бұл көрсетілімдерді «Қазақстан» және «KazSport» арналары жасап жүр. Үлкен қаржы жұмсап, жарты ақшаны жарнамадан шығарып, әйтеуір әрекет қылады. Оған да шүкір дейсің. Мақұл, бұл жарыстар өзі төрт жылда бір болады, ал көрсетілімдері екі жыл сайын болып тұрады. Алма-кезек. Ал, клубтық деңгейдегі ең басты турнир Чемпиондар лигасын теледидардан тамашалау республика тұрғындарына әлі де болса қол жетімсіз. Себебі, еліміздің көптеген ауылдарында «ОҢ ТВ» арнасы көрсетпейді. Елордада «Астана-Аренада» өткен «Астана» - «Янг Бойз» ойынын Қазақстанда тікелей эфирде көре алмағандар саны қаншама. «ОҢ ТВ-ның» көрсетілімінің өзінің сапасын былай қойғанда. Бір қызығы 2013 жылы тұсауын кескен «KazSport» арнасы осы турнирді көрсете алмауында. Сонда бұл арна не үшін ашылды? Мемлекеттік нөмірі бірінші спорт арнасы – нөмірі бірінші спорттың нөмірі бірінші жарысын көрсете алмаса, оны халыққа жеткізе алмаса, онда ол арна кім үшін?! Биыл байқасаңыздар бұл арнада ешқандай футбол көрсетілімі жоқ. Көптеген ауылда қазір «ОTAU ТV» қосылған. Сол ауылдағы азаматтардың «Астананың» ойынын көре алмауы қынжылтады. Себебі, ғаламтор желісіндегі жанкүйерлер форумына бас сұғып қалсаңыз, осы күні қылышынан қан тамып тұрған тақырып осы. Жазылған пікірлердегі агрессияны көрсеңіздер, көрермендер бір күні ереуілге шығатын секілді сезіледі. Расымен де қалың көрерменнің талабы бір. Ол салық төлеп отырған қарапайым азаматтар. Онда олардың талабы неге орындалмайды?! Қайта халықтың көзайымына айналып, рейтингін де «қуалайтын» арналар сол футбол біріншіліктерін неге көрсетпейді? Саны көп сапасы жоқ.
Бағасы қымбат, пайдасы аз
Мысалы әлеуметтік желідегі бір сауалнамада бес мың қолданушы ағылшын премьер-лигасын көргісі келсе, қалғаны Испания ла-лигасын таңдап отыр. Яғни, олар осы біріншіліктерді апта сайын қызықтағысы келеді. Бұл жерде Чемпиондар лигасы жайлы мүлде әңгіме қозғамай-ақ қояйық. Себебі, Қазақстан аумағында үш жыл бойы осы доданы көрсету құқығы бар арна - ол әлгі көп жерде көрсетпейтін «ОҢ ТВ». Халық таңдауы түсінікті. Әркімнің өз ойы бар. Дегенмен, ағылшын біріншілігін көретін жанкүйер, испан ла-лигасын да көре алады. Бұл менің сол жанкүйерлік ортаның арасындағы пікірлерден түйген тұжырымдамам. Аракідік өздері спорттық арна болмаса да, «Хабар», «КТК» секілді арналар халықпен санасып, осындай лигаларды көрсетіп тұрды. Оларға әрине қалың көрерменге мұндай мүмкіндік бергендеріне мың да бір алғыс. Себебі, ол арналардың бағыттары мүлде басқа. Мемлекеттік саясат пен идеологияны насихаттауы тиіс. Дегенмен, көрермен талабын орындап беріп, алғысқа ие болып жүрді. Ал, енді осы күні елімізде арналар саны көбеюде. Олар неге ағылшын, испан, чемпиондар лигаларын алып көрсетпейді? Біріншіден бұл көрсетілімдер аз ақша тұрмайды. Қомақты соманы қажет етеді. Алайда, оның барлығын жарнама арқылы жуып-шайып, кеткен қаржының басым бөлігін қайтарып алуға да болар еді. Бұл үшін біршама жұмыс қажет. Міне, біздің телеарналардың менеджменті осы шаруаны істеуге мүмкіндік бермейді. Телеарналардағы менеджерлер мен продюсерлер кешенді жұмысқа бас қатырғысы келмейді. Одан да сол телекөрсетілімге кеткен қаржыны өздерінде сақтап, оны басқа арзанқол бағдарламаларға жұмсап, соның «рахатын» көріп отыруға әбден дағдыланған. Яғни, жолы әбден қалыптасқан «аутсорсинг» деген сары сиырды сауып отыруға бой үйреткен.
Түйе сұрасаң, бие береді
Еліміздегі біршама журналистер жарғақ құлақтары жастыққа тимей, күні-түні елімізге спорт арнасы керек деп жаза берді. Түбі «KazSport» арнасы ашылды. Бастапқы жылы қалың көрермен ризашылық білдірді. Қазір одан да қадір кетіп барады. Еліміз аумағында көрсететін «Сетанта», «Еуроспорт» секілді арналарға тәуелді болып отырмыз. Олардың өзі де тек қалалық жерлерде ғана көрсетеді. Елімізде футболды дамытып, Қазақстан чемпионатын көптеп көрсетіп, әлгі айтқан Чемпиондар лигасы, испан, ағылшын лигаларын көрсететін жалпыхалыққа қолжетімді бір арна болса, әлеуметтің футболға, спортқа деген қызығушылығы артар еді. Футболмен айналысатындар саны күрт көбейіп, қалың көрермен өз дегеніне жетпес пе еді? Қарыштап, дамып келе жатқан, алдыңғы қатарлы мемлекет қатарына енгеніміз рас болса, елімізде неге бір футбол арнасы жоқ. Осы айтқанның барлығын топтастырып, бір ортаға жиып, телеарна ашу қазіргі дамыған техникалық заманда қиын шаруа емес қой. Әлде оған да елбасының жарлығы керек пе?
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |