Алтын, қола, үздік сұрмерген... Шешілмеген мәселе көп
«Ордабасы» - «Ертіс» - 3:3
Голдар: Александр Гейнрих 45+1, 88 пенальти, Абдулай Диакате 45+2 - Роман Муртазаев 22, Карлос Фонсека 27, Елдос Ахметов 58
Димитар Димитровтың жігіттері Шымкентте «Ордабасыны» жер қылып, қолаға қол жеткіземіз деген мақсатпен келсе керек. Себебі, матч басынан жылдам шабуылдармен алаң қожайындарының қорғанысына үздіксіз қысым түсіріп жатты. Кездесу басталғанынан жарты сағат өтпей-ақ Роман Муртазаев пен Карлос Фонсека екі доп соғып тастады. Бұдан кейін де керекуліктерде матч тағдырын толықтай шешіп тастайтын мүмкіндіктер болды. Дегенмен, шымкенттіктердің шабуылы тайм соңына қарай жанданды. Бақтияр Байсеитов командасы стандартты жағдайлардан жарады. Әрбір бұрыштамасы Цириннің қақпасына бағытталған соққымен аяқталып жатты. Алаң иелері бірінші тайм соңына дейін есепті теңестіріп кетті. Алдымен, Александр Гейнрих пенальти орындап, «Ордабасының» бірінші голын соқса, сенегалдық Абдулай Диакате Самат Смаков орындаған бұрыштамадан кейін қарсылас қорғаушылардың қараусыз қалдырғанын ұтымды пайдаланып, таблодағы көрсеткішті теңестірді де кетті. Алғашқы таймның соңғы он минутында «Ертістің» қорғаныстағы жүйесіздігін, неге соншалықты сасқандығын түсіндіру қиын. Қонақтардың әрбір футболшылсы екінші қабаттағы допқа таласта жеңілді, ал, Елдос Ахметовты айналып өту шымкенттік футболшыларға қиындық туғызбады. Марден Төлебек бір-екі рет айып алаңға емін-еркін еніп кетті. Гогуа Елдостың аймағынан әуелете бірнеше пастар асырды. Оның бірі, Диакатеның голымен аяқталған бұрыштамаға әкеліп соқтырды.
Дегенмен, сол Елдос екінші таймда командасын есепте алға шығарды. Осыдан кейін де тура ойынның алғашқы бөлігіндегі жағдай қайталанды. "Ертіс" алда, онымен қоймай шабуылы жүріп тұр. Дегенмен, сол шабуылдарға ешкім нүкте қоя алмады. Казбек Гетериев жойқын соққысымен қақпа бағанасын көздесе, Виталий Ли Алмат Бекбаевпен жеке-дара шығып, айласын асыра алмады. Ал, «Ордабасы» тағы да қонақтарды жазалады. Тағы да грузиндік Гогита Гогуа Ахметовты бір қимылмен артта қалдырып кетіп, айып алаңға жақындай бере қақпа маңына қарай пас асырған. Алайда доп Пирали Алиевтың қолын тапты. Төреші ойланбастан он бір метрлікті нұсқады. Тағы да өзбек футболшысы Гейнрих қақпашы мен допты қарама-қарсы бағытқа жіберді. Осылайша, тартысты ойын нәтижелі тең есеппен аяқталды. Әрине, ойын басқаша өрбісе керекуліктер бір ұпайға риза болар ма еді? Бүгін бір емес екі рет матч тағдыры өз қолдарында болды. Дегенмен, темірді қызған кезде соғу керектігін білмесе керек павлодарлық команда. Соңғы екі тур «Ертіс» үшін қиынға соққалы тұр. Себебі соңғы екі ойында жоғары тұрған қос ұжымды қабылдайды. Ал, «Ордабасы» келесі турда Көкшетауға барса, соңғы турда «Ақтөбемен» өз жеріңде күш сынасады.
«Атырау» - «Шахтер» - 2:0
Голдар: Владимир Аржанов 17, Павел Шабалин 78
Екінші алтылықтағы матчтар нәтижелі бола қойған жоқ. Үш ойында үш доп соғылса, оның екеуі Атыраудағы «Мұнайшы» стадионында. Осы кездесуде "Тобылдан" кейін Премьер-лигадағы орнын сақтап қалатын команда анықталуға тиіс болатын. «Кеншілердің» сағын сындыру «Атырау» үшін қиын бола қойған жоқ. Әр таймда бір-бір голдан соғып, сенімді түрде жеңіске жетті. Енді қандай жағдай орын алмасын «мұнайшылар» соңғы екі орынға түспейді. Ал, «Шахтердың» өзің еркін сезінуіне әлі ерте. Себебі, артында келе жатқан үш команда да осы турда ұпай олжалады. Қалған екі турда сүрінсе, кестенің түбінен табылуы да ғажап емес.
«Тобыл» - «Ақжайық» - 0:1
Гол: Коронель Ортиз 52
Екінші алтылықта босаңсыған ұжым болса, ол дәу де болса «Тобыл». Үш айдан бері өз жерінде ешкімге есе жібермеген қостанайлықтар бүгін «Ақжайықтан» ұтылып қалды. Әрине, қалған екі ойында да қарсыластарға жеңілген күннің өзіңде «Тобылды» ешкім екінші алтылықтың көшбасынан түсіріп тастай алмас. Бұл ойынның тағдырын бір дәл соққы ғана шешті. Оны елу екінші минутта парагвайлық азамат Коронель Ортиз бағыттады. Айып соққысын сәтті орындап, командасына үш ұпай сыйлады.
"Жетісу" - "Тараз" - 0:0
Ел чемпионатында құрғақ есеп тіркелмегелі екі айдан асып кетіпті. Көз тимесін дейік. Соңғы рет «Тобыл» мен «Атырау» тоқсан минут бойы қақпа кілтін таба алмаған болатын. Ал, осы турда «Жетісу» мен «Тараз» сол есепті араға екі ай салып қайталады. «Тараз» соңғы орыннан көтерілу мүмкіндігін пайдалана алмаса, «Жетісу» көш соңындағы екі ұжымнан, дәлірек айтсақ, «Ақжайық» пен дәл осы «Тараздан» ұзап кете алмады. Дегенмен, талдықорғандықтар өз алаңында жеңіске бір табан жақын болған болатын .
«Ақтөбе» - «Оқжетпес» - 2:2
Голдар: Сұлтан Әбілғазы 37 автогол, Дидар Жалмұқан 79 - Серж Бандо Нганбе 33, 84
«Оқжетпес» соңғы бес, «Ақтөбе» соңғы төрт ойындағы алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Көкшеліктердің камерундық ойыншысы Серж Бандо Нганбе дубльдің авторы атанды. Осы футболшы Владимир Муханов командасының қоржынына ұпай салды десек дұрыс болар. Ал, «Ақтөбе» ойындағы басымдылығын жеңіске ұластыра алмады. Негізі, «Оқжетпестің» төртінші орынға жармасар мүмкіндігі жоқ емес. Ол үшін келесі аптада өз алаңында «Ордабасыны» жеңіп, соңғы турда Алматыда, бәлкім, оған дейін чемпиондықтан күдер үзетін «Қайратты» сан соқтыруы тиіс. Ал, сонымен қатар «Ақтөбенің» шымкенттіктерге қарсы ойынында батыстық ұжымның тілеуін тілеу керек. Сонда ғана Владимир Муханов жігіттері үшін Еуропа лигасының есігі айқара ашылмақ. Онда да «Атырау» Қазақстан Кубогында айды аспанға бір-ақ шығармаса.
«Қайрат» - «Астана» - 2:0
Голдар: Сесар Арсо 29, Исламбек Қуат 35
Соңғы екі турда күтпеген жағдай орын алып, «Астана» тақыр жерде тайып, әдетте, аттап өтіп кетіп жүрген қарсыластарынан айтарлықтай қарсылық көріп, есе жіберіп жатса ғана «Қайраттың» жеңіс тұғырына көтеріліп, алтыннан алқа тағар мүмкіндігі бар. Ал, шындыққа келсек, «Астананың» чемпиондығы келесі турдың мәселесі. Өз алаңында «Ақтөбені» жеңері айдан анық. «Ордабасы» елордалықтарға төрт рет тізе бүккенде Юрий Уткульбаев командасына не жөн? Дегенмен, «Қайрат» осы маусымдағы жеке бес кездесудің төртеуінде чемпионнан толықтай басым болды. ХХХ турда маусымда екінші мәрте Алматыда "Астананы" жеңді. Негізі, ойынның қаһарманы деп Стас Покатиловты таныса болар. Пенальтиден Джордже Деспотовичтің соққысын қайтарып, қонақтардың есепті қысқартуына жол бермеді. Серб легионері сол кезде допты торда тулатқанда ойын басқаша өрбір ме еді?
Себебі, екі-үш минуттан кейін «Қайраттың» негізгі қорғаушысы Жарко Маркович жарақат алып, алаңнан кетті. Ал, пенальтиден гол соға алмаған қонақтардың матчты құтқаруға құлқы болмады. Қолды бір-ақ сілтеді. Алпысыншы минутта-ақ есеп 2:1 болып, онымен қоймай Жаркодан айырылған «Қайрат» әбден абдырар еді. Астаналықтар бір-екі рет қыспаққа алып, айып алаң маңын шыр көбелек айналса Сезар Арсо мен Тимур Рудосельскийдің қателікке бой алдырмасына кім кепіл? Дегенмен, іс жүзінде бәрі басқаша болды. Покатиловтың ерлігі «Қайраттың» сенімді жеңісіне жол ашты десек болар. Тіпті, ойын аяғында алматылықтардың «Астананы» тағы да ірі есеппен жеңетін мүмкіндігі болған. Қонақтардың қақпасына пенальти белгіленіп, он бір метрден соққы бағыттау мәртебесін команда капитаны Бауыржан Исламхан «Ертіс» футболшысы Роман Муртазаевпен үздік сұрмерген атағына таласып жатқан Жерар Гоуға қалдырған. Алайда, желпінген Жерардың жолына Ненад Эрич тосқауыл болды. Өткен маусымның сұрмергені мен Қазақтан Ұлттық құрамасы шабуылшысының арасын бар болғаны бір гол ғана бөліп тұр.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |