6 ойында - 4 ұпай
1. Алғашқы ойынды отандастарымыз өз алаңымызда, «Астана-Арена» стадионында Исландия құрамасына қарсы өткізді. Қарсыластарымыз бұл кезде “Еуро-2016”-ға шығу үшін әрбір ұпайға жармасып жатты. Ал, Қазақстанмен өткізетін ойында міндетті түрде жеңіске тырысты. Алаң иелерінің қорғаныстағы қателіктерін жақсы пайдаланған қонақтар үш гол соғып, сенімді жеңіске жетті. Жылды сәтсіз ойынмен бастаған Юрий Красножан шәкірттері 12-ші маусым күнгі келесі ойынға тыңғылықты дайындалды.
2. Бұл матч оның үстіне Алматыда, 25 мың жанкүйердің қолдауымен өтті. Ең болмаса бір ұпай еншілеуге болады деп күтті барша Қазақстан. Матч барысында Дмитрий Шомконың гол соғу мүмкіндігі болған. Бірақ, Түркия қорғанысы сыр бермеді. Керісінше, өзіміз бір шабуылды жіберіп алдық. Арда Тұран Алматыдағы жанкүйерлерді аһ ұрғызды. Есеп 0:1, тағы да жеңіліс.
3. Араға үш ай салып басты командамыз сырт алаңда 2 ойын өткізді. Алдымен Чехияның Пльзень қаласында Павел Врба шәкірттеріне қарсы тұрды. Осы ойынды жігіттер жақсы бастаған. 21-ші минутта бұрыштама кезінде Юрий Логвиненко есеп ашты. Бұл гол Логвиненконың атақты Петр Чех қақпасына салған үшінші голы болатын. Екінші кезеңде командамыз ескі әдетке салып, бірінің артынан бірін екі гол жіберді. Екі доптың да авторы Милан Шкода.
4. Келесі матчта Ұлттық құрама Исландия командасына қонаққа барды. Егер осы ойында кем дегенде бір ұпай алса, 360 мың ғана адам тұратын кішігірім аралдың құрамасы “Еуро-2016”-ның финалдық кезеңіне жолдама алушы еді. Соның арқасы болар, исландиялықтар ойынды аса қатты шабуылсыз өткізді. Алғашқы таймда бір-екі гол соғатын мүмкіндіктері болған. Ал екінші таймда олар допты көбінесе ортада ұстады. «Лаугардалсвёллур» стадионына жиылған жанкүйер қауым матч бітісімен бөріктерін аспанға атты. Өйткені, Қазақстан құрамасымен ойында алған бір ұпай Исландияны тарихында тұңғыш рет құрлықтық доданың финалдық кезеңіне шығарды. Ал, біздің құрама үшін бір ұпай топта соңғы орын алмау үшін қызмет етті. Себебі, соңғы ойында Қазақстан Латвиямен кездесуі тиіс болатын.
5. «Астана-Арена» стадионына келген азулы Голландия құрамасы Красножан шәкірттерінен үш ұпай алмаса Еуроға бара алмау қаупі бар еді. Алайда, Джорджиньо Вейналдум мен Уэсли Сейдер соққан екі гол Голландияға маңызды үш ұпай әкелді. Қазақстан құрамасынан Исламбек Қуат бір гол соғып, жанкүйерлер көзіне түсті.
6. Турнирлік кестедегі негізгі бәсекелеспен отандастарымыз Ригада кездесті. Ойынның 65-ші минутында Исламбек Қуат жақсы шабуылды нәтижелі голға айналдырды. Бұл гол Қазақстанды бесінші орынға шығарып қана қоймай, біздің топтағы Түркия құрамасына да көмегін тигізді. Үшінші орын алған командалар ішінде Түркия тікелей жолдамаға ие болды. Себебі, соңғы орындағы Латвиядан Түркия небары екі-ақ ұпай еншілеген. Топтағы аутсайдерден алған ұпайын шегергенде Түркия Бернд Шторк баптайтын Венгриядан басып озды. Осыдан кейін күллі Түркия жанкүйерлері Исламбек Қуатты ұлт қаһарманындай басқа көтеріп, баспасөзі ол жайлы жарыса жазып жатты.
2015 жылы құрамамыз жаман ойнаған жоқ. Командаға жаңа қосылған Қуат, Сүйімбаев, Покатилов секілді футболшыларымыздың 2018-ші жылғы Әлем чемпионатының іріктеу турнирінде жақсы ойын көрсетер мүмкіндігі бар. Бас бапкер Юрий Красножан жыл соңында қызметінен босатылды. Енді жаңа бапкермен 2016 жылға сеніммен қараймыз.
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |