Қазаққа қандай футбол керек?
Халықаралық қауымдастықтың кестесінде биік тұратын ба? Ол әзірше мүмкін емес. Мүмкін болмайтыны, секіріп шығатын саты көрінбейді. Сатыға қажет материал да жоқ. Сапалы ағаш табу, жону, жөнге салу, шеге іздеу, тіпті жасап шығаратын ұста іздеу, оны кездестіру, елге әкелу... ұзын сонар іс-жоспар бұл. Ұмтылсақ, түбінде бір жететін шығармыз. Материал деп қалдық қой. Футболға керегі ең алдымен кәдімгі адамдар. Ия, ойыншы болсын, төреші болсын, бапкер дейсіз бе, көрерменің тағы бар.
Ал, енді талдап көрейік. Біздің елде футболшы көп пе? Саусақты бүге жөнелдіңіз. Алысқа ұзамайсыз бірақ. Әлгі әуесқой арасында доп теуіп жүргендерді санай жөнелмесеңіз. Тез бітіп қалады. Неге? Себебі, елде футбол командалары тым аз. Біраз бар еді. Құртып келеміз. Шөпті отағандай.
Бір жылдары Алматы облысы бірінші топқа үш команда қосты. Өтеген батыр ауылына қарасты «Іле-Сәуелтті», Талғардағы «Ақбұлақты», Қаскелеңдегі «Сұңқарды». Қазір біреуі де жоқ. Себеп - қаржыға тіреледі. Дегенмен, сол жылдардағы «Іле-Сәулет» бюджеті 1 миллион АҚШ доллары шамасында еді. Ол тек шеберлер командасына ғана қарастырылған қаржы емес. Әлгі команданың ізбасарлары, дайындық топтары болып кете беретін құрамдас бөліктеріне де жететін. Стадион лық толатын. Өтеген батыр ауылының тұрғындары ғана ма екен, Алматы және қала маңындағы ауылдар солай қарай ағылатын. Футбол көрмекке. Әлгі бұқаралық спортыңыздың өркендеуіне де өлшеусіз үлес қосқан жоба еді. Аға буын келіп отырады. Жастар соларды тыңдайды, тәрбие мектебің де сол ғой. Мектептен шыққан бала футбол көруге асығады. Кейде мұғалімдері де жүреді. Ауылдағы мереке. Стадион айналасында сауда қызады. Тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері де сол маңда. Команда қалай ойнады! Чемпион атанғаны да есте. Ауданда аяқдоп дүрілдеді. Бапкер де шат, ойыншы да риза. Жұрттың тілеуі солардың үстінде. Футбол үйірмесіне жазылушыларда есеп жоқ. Балалар командасы да жарыс біткеннен олжалы оралатын. Жергілікті ойыншылар өсіп, жетіліп, енді «Іле» сырттан футболшы тасымайтын комнадаға айналып бара жатты. Алматыдан тілшілер тобы барып жүрдік. Тур сайын мерекеге тап боласың. Тұтас елдің көз қуанышы секілденген. Стадионы да мықты. Майсасы жайқалып жатады. Бір күнде жапты да тастады. «Ақбұлақты» да. «Сұңқарды» да. Не ұттық? Қанша қаржы үнемдедік. Меніңше тиын ғана. Ал, қанша баланың қиялына қамшы сілтенді. Қанша арманның желкенін бұздық. Қайраты тасып тұрған, жаттығуда әбден шыңдалған мыңдаған балаң футболшылар тағдыры ше? Жүздеген бапкерді жалақыдан шектедік. Қырып алушы ма еді. Жоқ! Сол қырық-елу мың теңге шамасы. Шамына тигеніміз емес. Реті келгені. Әлгі елу мың Аршавиннің түстенуі не де жетпеуі мүмкін.
«Лашын» қайда? «Болат» ше? «Горняк» пен ЦСКА? Армияшыларға жұмсалатын қаржы да қомақты емес еді. Семейдің «Спартагы» мен Өскеменнің «Востогын» жаптық. Немесе қостық. Одан не ұттық? Ұтылдық. Ұтылып жатырмыз. «Спартак» қазақ футболына қаншама ойыншылар берді. Тізгің де келмейді. Тізім де тым ұзақ. «Восток» ше? Алевтин Осипов пен Виталий Спарышев ұлттық құраманың да тасқамал қорғаушыларына айналған кезді білеміз. Алексей Шакин мен Данияр Кенжехановқа дейінгі буын жетістіктері тарихта жазулы тұр. Демек, материалды молайту үшін әлгі командаларды қайта құру қажет. Ел футболының тізгінін ұстағысы келгендер осыны әбден қолдасын.
Жас мөлшеріне қатысты мәселе. Премьер-лигада ойнайтын командалар негізгі құрамда бір жас ойыншы шығаруы тиіс деп келетін әдемі ереже бар еді. Оны алып тастады. Негізі өзге елдерге ой салатын қазақ футболының ерекшелігі де осы болатын. Біз өзі біртүрліміз ғой. Шеттен ойыншы тасуды өте жақсы көретін. Сол махаббатқа аздап болса да су себетін қадам лимит болды. Сезімге берілгіштерді тежейтін механизмді қайта қосу керек. Дау көп. Онда шаруамыз аз. Жас балалар ойнасын, керегі осы. Команда басшыларының басы қатып жүреді. Таланатты жасты қайдан табамын деп. Рахат қой, аналардың жұмыс істеуіне қозғалтқыш күш. Екеуі жүрсе тіпті керемет болар еді.
Бас бапкерге қатысты ой. Халық аударма футболдан шаршады. Журналистер де. Не жаттықтырушының тілін түсінбейсің, ойдан-қырдан жинап келген ойыншыларың тағы бар. Олардың түсінік-болмысы мүлде бөлек. Қазақ жасап біз қиналамыз. Байсуфинов бар. Жүре берсін. Польшамен тең түсті. Румынияны да әбден састырдық. Шіркін, әлгі екі ұпайды Красножан әпергенде айызымыз қанатын еді. Міне, деңгей десіп, шаттанар едік. Сөз жеткенше мақтап, қыза-қыза «Халық қаһарманына» ұсынып та жіберер ма ек. Өйткені, шынында да керемет нәтиже ғой. Сырттан ойыншы әкелмей-ақ қолтума ойыншылармен осындай көрсеткішке жеттік. Маруан ақсақалдың баласына жылы сөзді қиямыз ба, қайта әлгі қырғыздан ұтылған, Подгорицадағы соғылған доптарды айтып, аяқты қайшылаймыз келіп. Бізге керегі Байсуфиновтың футболы. Шама келгенше күресу бағытындағы. Әй, енді кімді ойнатамыз? Үйдегі жігіттердің шамасы әзірше осы. Рас, сырттан ойыншы тасуды аңсайтындар бар. Одан не пайда? Жиырма жыл тептірдік қой. Мүйіз шықты ма? Нәтиже келді ме? Төмен қарайсыз, ә? Келмейді де. Кім жақсысын береді? Өзіңнен тумай, табыс болмайды. Футзалдағы табыстың қырдағы қазаққа тиынға керегі жоқ. Сіз де жыға танымайсыз Леоларды. Рас, Талғаттың кемшілігі де жетіп, артылады. Ол енді тек Талғаттың емес, қазақ футболының кемшілігі.
Мысалы, қайрау әлі де кем. Анау Бауыржандарды. Алла тағала бере салған ойыншы, Исламхан. Бірақ кеуде бар. Жауапкершілікті сезінуі ақсап тұр. Кімнің ақылын тыңдайды. Әрине, Боранбаевтың. Советайдың Қайраты қайрасыншы, қалай жарқылдар екен. Бір ғана ұлттық құрама ғой. Соны алақанға салайықшы, құрметке бөлейікші, ақылмен, қиқумен, түптеп келгенде қолдаумен. Шығады, нәтиже! Ертең, бүрсігүні, одан арғы күні, түбі бір шығады. Ол – анық! Қандай рахат, қазақша білетін бапкерің бар, баспасөз маслихатына қазақша сөйлейтін ойыншыңды әкеледі. Іш сезеді, жұмыр жерді кезіп, ойыншы мен бапкер іздеп кетпесек, шіркін. Не керек олар? Іріктеуден бәрібір өте алмайды. Өзіміздікі талпынсын. Бүгін болмаса, келесіде көсіледі. Ой да көп, ұсыныс та бар. Бірақ Жамал апама қатысты әлгі бір оралым тұсайды. Тағы реті келер...
Амангелді СЕЙІТХАН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |