Болгар бапкерлерінің бірінде алтын, бірінде қола
«Ордабасы» - «Ақтөбе» - 2:1
Голдар: Мардан Төлебек 40, Александр Гейнрих 88 пенальти - Асланбек Кәкімов 6
Ойын алдында «Ордабасының» тағдыры тек өзінің қолында ғана емес еді. «Ақтөбеден» айла асырып қана қоймай, «Астананың» «сыйлығынан» да дәмету керек болатын. Алайда, «Ақтөбе» бірнеше негізгі футболшыларынан айырылғанымен, Шымкентте жергілікті ұжымға жеңісті оңайшылықпен беруге ниетті емес еді. Оны қонақтар ойын басында-ақ аңғартты. Дидар Жалмұқаннан әдемі пас алған Асланбек Кәкімов қорғаушыларының көмегінсіз қалған Сергей Бойченконы қапыда қалдырып, бесінші минутта есеп ашты. «Ордабасы» футболшылары жарты сағат өткен соң таразы басын теңестіруге тамаша мүмкіндік алды. Бағдат Қаиров өз айып алаңында Еркебұлан Тұңғышбаевқа қарсы тәртіп бұзып, жаза басты. Төреші он бір метрлікті нұсқады. Ал, нүктеге келген Александр Гейнрих допты қақпадан әлдеқайда биік бағыттап, мүлт кетеді. Дегенмен, үзіліске дейін Бахтияр Байсеитов жігіттері жауапты голды соғып үлгереді. Мардан Төлебектің айып добынан сол аяқпен тоғыздыққа сылқ еткізген соққысы, негізі құрамда қатарынан екінші матчын өткізіп жатқан Игорь Трофимец қорғаған қақпаның торында тулайды. Тең есеп кездесудің соңғы минуттарына дейін сақталып, ақыр-аяғы шымкенттік команда жеңісті жұлып алады. Бас қазы негізгі уақыттың аяқталарына екі минут қалғанда матчта екінші мәрте қонақтардың қақпасына пенальти белгілейді. Бұл жолы ардагер футболшы Кирилл Шестаков ойынға тыңнан қосылған Филип Касалицаға қарсы тәртіп бұзады. Алғашқы таймда жолы болмаса да, тағы да бір бақ сынауды құп көрген өзбек футболшысы Гейнрих өз мүмкіндігін тамаша пайдаланды. Үш ұпайды қоржынға салған «Ордабасы» төртінші орынды қанағат тұтты. «Ақтөбе» сонау 2005-ші жылдан бері бірінші рет жүлделі орын ала алмады.
«Қайрат» - «Оқжетпес» - 5:0
Голдар: Жерар Гоу 2, Исаэль Барбоза 46, Бауыржан Исламхан 49, Исламбек Қуат 68, Гафуржан Сүйімбаев 86
Төртінші орыннан Владимир Муханов тәлім беретін «Оқжетпестің» де үміті бар еді. Әйткенмен, қарсылас оңай емес еді. Алматылық «Қайрат» кезекті рет көкшеліктерді таптап өтті. Ірі жеңістің тұсауын екінші минутта Жерар Гоу кесті. Виталий Волковтың өрескел қателігінен кейін доп Гоуда табыла кеткен. Голға қашан да құмартып жүретін Гоу жақын жерден Саша Стаменкович қақпасын оңай көздеді. Бірақ, жылдам гол соғылса да, алғашқы таймда есеп өзгере қойған жоқ. Тек, ойынның екінші бөлігі бастала салысымен алматылықтар екінші голды соқты. Андрей Аршавин орталық алаңнан оң қапталдан шабуылға әдемі қосылған Исламбекке Қуатқа пас асырады. Ал, Ұлттық құрама футболшысы оң қаптадан айып алаңға ене бере Исаэль Барбозаға нәтижелі пас берді. Бразилиялық футболшы есепті еселейді. Осыдан кейін, көкшеліктер төртінші орыннан мүлдем үміт үзген еді. Алматыда «Қайратқа» қарсы екі доп айырмашылығын қысқарту мүмкін емес жағдай. Шабыттанған Кахабер Цхададзе жігіттері шабуылдауды тоқтатқан жоқ. Капитан Бауыржан Исламхан әйгілі Антонин Паненконың стилінде пенальти орындаған. Алайда, қақпашы Бауыржанның бұл қулығына қарсы айла тапқанымен, кейін серпілген допты қақпаға қайта бағыттап, команданың үшінші голын соғуына кедергі бола алмады. «Қайраттың» төртінші голы да жанкүйерлерді көп күттірмеді. Қуаттың голы Исламханның шеберлігінің арқасында орын алған еді. Сол қапталда қарсыласын қапыда қалдырып, әуелете қақпаның алыс бұрышына пас асырып, сол жерден Қуат дер кезінде табыла кетті. Алаң қожайындарының келесі голы да әдемілігі жағынан ешбірінен кем түспеді. Айып алаңы алдында Исаэльмен пас алмасқан Гафуржан Сүйімбаев қақпашыға мүмкіндік қалдырмады. «Қайрат» осы маусымда өз алаңында «Оқжетпеспен» екі рет жолығып, 11 доп соқты. Қақпасын құрғақ сақтады. 32 ойында 75 голмен чемпионатты өте нәтижелі аяқтады алматылықтар. Ал, көкшеліктер төрттіктен тыс қалса да, бұл маусымда сәтті деп есептейтін шығар. Себебі, ұжым Мухановтың қол астында Премьер-лигадағы ең жоғарғы көрсеткішіне қол жеткізді.
«Жетісу» - «Ақжайық» - 0:2
Голдар: Эдуард Сергиенко 33, Коронель Ортиз 58
«Жетісу» жігіттері Бірінші лигаға сапар шекті. Маусымдағы ең маңызды матчта Алмас Құлшынбаев шәкірттерін жігерлендіре алмады. Жеңіс қана талдықорғандықтарды аман алып қалатын еді. Алайда, «Ақжайықтың» мысы басым болды бұл кездесуде. Алдына қойған айқын мақсаты бар және сол мақсатқа қалай жету керектігін алдын ала бүге-шүгесіне дейін жоспарлап қойған команда секілді әсер қалдырды. Оралдықтар жинақы көрінді. Сондықтан, жеңісі де, Премьер-лигада қалуы да заңды. Екі таймда бір-бір доптан тоғытты. Отыз үшінші минутта алаң иелері қорғанысындағы абыр-сабырды сәтті пайдаланып Эдуард Сергиенко командасын алға шығарса, екінші таймда парагвайлық футболшы Коронель Ортиз қорытынды есепті тіркеді. Бірінші айналым аяқталысымен бәрі оралдықтарды есептен шығарса, екінші айналымда жанданған «Ақжайықты» жетістігімен құттықтауға болады. «Жетісу» болса өз орнын «Қайсарға» босатты.
«Атырау» - «Тобыл» - 3:0
Голдар: Вячеслав Шарпар 3 пенальти, Фернандер Кассай 46 автогол, Ги Стефан Эссаме 67
Кестеге ешқандай қатысы жоқ кездесу Атырауда өтті. Осы маусымда «Тобыл» «Атырауды» жеңе алмай-ақ қойды. Онымен қоймай, «Мұнайшы» стадионындағы ойында қостанайлықтар тас-талқан болып ұтылды. Вячеслав Шарпар үшінші минутта пенальтиді сәтті орындап, қатарынан екінші матчта мергендігімен көзге түсті. Екінші таймда маусымда тұңғыш рет «Тобылдың» сапында негізгі құрамнан орын алған жас қақпашы Сұлтан Бусурмановтың қақпасына тағы екі гол кірді. Бірінде, Фернандер Кассай өз қақпасына байқаусызда доп тоғытып алса, камерундық Ги Стефан Эссаме алпыс жетінші минутта қорытынды есепті тіркеді. Қос команда қорытынды кестеде көрші орналасты. «Тобыл» жетінші, «Атырау» сегізінші.
«Тараз» - «Шахтер» - 2:1
Голдар: Давронжон Эргашев 55, Александр Киров 78 - Корнелиус Уббинк 74
«Тараз» қолдан келгенді істеді. «Шахтерды» жеңді. Үш ұпай алды. Алайда, қатар өткен ойында «Ақжайық» Талдықорғанда қоржынды толық толтырған еді. Алғашқы таймда жамбылдықтар гол соғудан гөрі өз қақпасының амандығын көбірек ойлаған секілді. Себебі, Малик Мане бастаған жігіттер шабуылда тәуекелге бармады. Доп алдырып қойса, жылдам қорғанысқа қайтты. Дегенмен, үзілістен кейін алаң иелері адам танымастай өзгеріп шыға келді. Он минут өтісімен есеп ашты. Малик Мане бұрыштамадан Дәуренбек Тәжімбетовке қитұрқы пас беріп, тәжірибиелі футболшы допты алыс бұрышқа ысырып, қақпаның маңына жүйіткіп келіп, керек жерден табылған Давронжан Эргашев «Таразды» алға шығарды. Осыдан кейін Юрий Максимов баптайын жігіттердің бірнеше мүмкіндіктері болды. Бірақ, голды «Тараз» емес, қонақтар соқты. Дәлірек айтқанда, Кирилл Короткевичтің қақпадағы сенімсіз қимылы Деслей Уббинктің есепті теңестіруіне келіп соқтырды. Айта кету керек, нидерландық легионер бір жарым жыл «Тараздың» сапында өнер көрсеткен еді. Қақпаны дәл көздеген соң, бұрынғы командасына құрмет ретінде голды тойлаған жоқ. Дегенмен, түбі «Тараз» үш ұпайды тартып алды. Бұл жолы «кеншілердің» қақпа күзетшісі Игорь Шацкий оңбай қателесіп, алаң иелерінің матчта екінші мәрте есепте алға шығуына «көмегін» тигізді. 2:1 есебі ойын аяғына дейін сақталды. Он бірінші орыннан жоғары көтеріле алмаған «Тараз» електік матчқа қатысады. «Шахтер» маусымды тоғызыншы орынмен аяқтады.
«Ертіс» - «Астана» - 0:0
Өз алаңында «Астананы» қабылдаған «Ертіске» мұрыннан қан кетсе де жеңіске жету міндетті емес еді. Бір ұпай да керекуліктерге қоланы сыйлайтын. Стойлов бұл ойында жастарды ойнатты. Дегенмен, сол Біржан Күлбеков, Мәди Жақыпбаев секілді жас жеткіншіктерге бас-көз болып жүруі үшін орталық алаңға Рохер Каньясты шығарыпты. Жанына Неманья Максимовичті де қосыпты. Бар ойы келер аптадағы «Олимпиакосқа» қарсы ойында болған «Астана» алға ұмтылмады. "Ертіс" те жер тырмалап тер төкпеді. Тең нәтижені қанағат тұтып, Димитар Димитров жігіттері қоланы иемденді. Енді павлодарлықтар келер маусымда ел намысын Еуропа лигасында қорғайтын болады.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |