Финонченконың еңбегі ел есінде
Андрей 1982 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Бала кезінен жергілікті жердің футбол мектебінде тәлім алып, қалалық жастар арасындағы футбол құрамасының қатарында өнер көрсете бастаған. Жас ойыншыға футбол әліппесін үйреткен, сол кездердегі мықты бапкерлердің бірі Анатолий Чудинов еді. Алғашында алаңда Андрей сол жақ қапталдың қорғаушысы болса, кейіннен Чудинов бапкер өмірден өткеннен кейін, оның орнын «Шахтер» футбол клубының экс-ойыншысы, КСРО-ның спорт шебері Геннадий Костюченко басты. Дәл осы бапкер Финонченконың жаңа қырларын ашты. Бұдан кейін Андрей шабуылға жиі араласатын болды. Нәтижесінде футболшы өзінің алаңдағы нақ орнын тауып, өз командасының жеңіске жетуіне көп еңбегін сіңірді.
Бапкерлердің айтқанын бұлжытпай орындаудың арқасында Андрей 2001 жылы жергілікті «Шахтер» клубына негізгі ойыншы ретінде қабылданды. Ол кезде жас талант иесі небәрі 18 жаста еді. Алғашқы ойынын сәуірдің 28-ші жұлдызында көкшетаулық «Есіл» командасына қарсы өткізді. Өкінішке орай дебюттық матчында Андрей гол соғып, көзге түсе алмады. Кеншілер сапындағы алғашқы голын 2003 жылы ел чемпионатының аясында өскемендік «Восток-Алтын» клубына соқты. Аталған ойында қарағандылық команда 1-0 есебімен жеңіске жетіп, Финонченко жеңісті голдың авторы атанды. Сол жылы чемпионат қорытындысы бойынша бомбардирлер тізімінде 18 рет қанжығасын майлап, көш бастаған кеншілердің шабуылшысына, еліміздің бірқатар клубтарынан біршама ұсыныстар түсе бастады.
Бірақ, жүрегі тек «Шахтер» деп соққан шабуылшыға, бұл ұсыныстардың ешбірі маңызды болмады. Сол кезден бастап Андрей қазірге күнге дейін тек кеншілер жейдесінде өнер көрсетіп келеді. Осыншама уақыттың ішінде футболшы, капитан болып, өз командасын өрге сүйреп, біршама жетістіктерге қол жеткізді. Айта кетсек, 2011, 2012 жылдары қатарынан екі рет Қазақстан чемпионы атанды. 2007, 2009 жылдары Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін қанағат тұтты. 2009, 2010 жылдары екі рет Қазақстан Кубогының финалына шығып, сәттілік жолдас болмай, команда күмісті еншіледі. Кеткен есені 2013 жылы финалда «Таразға» қарсы өткен матчта 1-0 есебімен жеңіске жетіп, «Астана-Аренаға» арнайы келген қарағандылық жанкүйерлердің мерейін үстем етті. Дәл осы жылы кеншілер Қазақстан Суперкубогы үшін болған ойында «Астана» футбол клубын қапы қалдырып, Андрей Финонченконың командасы тағы бір кубоктың иесі атанды. Қарағандылық клубтың намысын қорғап жүріп капитан 413 матчқа қатысып, барлығы 131 гол соққан.
Қазақ футболы тарихында бұрын-соңды болмаған дәрежеге Финонченко өзінің командасымен жеткен болатын. Ол Еуропа лигасының топтық кезеңіне ең алғаш қазақстандық клубтың, яғни «Шахтердың» өнер көрсетуі болды. Командасындағы жігеттерді жігерлендіру, ойын кезінде командасының жүйелі ойнауын қадағалау дәл осы азаматтың қолынан келе білді. Топтық кезеңнен шыға алмаса да әлем көз тіккен жарыста ел намысын абыроймен қорғай білді. Әлем қазақ футболының даму барысында екеніне көздері жете бастады.
Капитан тек командасымен ғана биік шыңдарды бағындырып қана қоймай, өзі де жекелей көптеген жетістіктерге қол жеткізген. 2013 жылы Қазақстанның "Үздік футболшысы", 2003 жылы ел чемпионатының "Үздік сұрмергені" атанды. Андрей үшін 2013 жыл табысты жыл болған.
Осындай ерекше талантының, бірбеткей мінезінің арқасында Финонченко Қазақстан Ұлттық құрамасы үшін де елеулі еңбек атқарды. Ең алғаш 2003 жылы маусымның алтысында Андрей ұлттық құрама үшін дебюттық матчын өткізді. Бұл Познань қаласында өткен Польша құрамасына қарсы жолдастық кездесу болатын. Ойын қортындысы бойынша таблоға 3-0 есебі тіркеліп, поляктардың мерейі үстем болды. Ұлттық құрама үшін алғашқы голын Андрей 2004 жылдың 19-шы ақпанында Кипрде өткен халықаралық турнирде Арменияға қарсы ойында соқты. Жалпы алғанда, 21 ойынға қатысып, 4 рет мергендігімен көзге түсті. Өзі қатысқан ойындарда құрамамен бірге 6 ойында жеңіп, 7 ойын тең есеппен аяқталса, 8 ойында жеңіліс тапқан. Дегенмен де Финонның ұлттық құрама үшін соққан төрт голы маңызды нәтижелер алып келді.
Көптеген футбол жанкүйерлері Финонченконы ағылшындық «Манчестер Юнайтед» командасының ардагер ойыншысы Райан Гиггзбен салыстырса, енді бірі италиялық «Романың» ойыншысы Франческо Тоттимен қатар қойып жатады. Жалпы, мұндай барлық футболдағы карьерасын тек бір клубта өткізген ойыншылар футбол спортында көп болмаса да, біздің елде ондай футболшының табылатындығы бізді қуантады. «Мен өз командаммен кез-келген спорт түріне қатысуға дайынмын» деп айтқан бір сұқбатында Андрейдің алдағы уақытта да клубы үшін қызметін жалғастыратыны байқалады. Ел біріншілігінде командасымен әлі де талай жетістіктерге жететініне сенеміз. Қарағандылық клубты Андрейсіз елестету мүмкін емес, жергілікті жанкүйерлердің еңбектеген баладан, еңкейген шалға дейін бұл ойыншыны білетіні, танитыны айтпаса да белгілі. Андрей Финонченконың есімі тек Қарағанды емес, барша қазақ жанкүйерлерінің есінде қалары анық.
Ерсін ЖАПАБАЙ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |