"Астана" жеңе алмады, "Астана-Арена" жеңілмеді
Станимир Стойловта қарамағындағы барлық мықтыны алаңға шығаруға мүмкіндік болмады. Жарақатқа байланысты Агим Ибраими, Азат Нұрғалиев, Таңат Нөсербаев, Асхат Тағыберген, Марин Аничич алаңға шыға алмаса, Рохер Каньяс грекия елінде алған қызыл қағаздың кесірінен ойынды алаң сыртынан тамашалады. Қақпада үйреншікті Ненад Эрич. Болгариялық бапкер бұл жолы төрт қорғаушымен ойнауды жөн көріпті. Солдан оңға қарай: Дмитрий Шомко, Юрий Логвиненко, Сергей Малый, Игорь Шитов. Қорғаныста жарақатынан жақында айыққан Игорь Шитов шықса, орталық алаңда Неманья Максимовичтің жанына Абзал Бейсебеков шықты. Серікжан Мужиков пен Патрик Твумаси қос қапталда, Джуниор Кабананга мен Джордже Деспотович шабуыл өтінде өнер көрсетті. Ал, «Олимпиакос» бас бапкері бірінші ойынмен салыстырғанда біраз өзгеріс енгізді. Аз күшпен жеңісті алып кетуді ойлады.
Бұл ойында «Астанаға» да жеңіс қажет еді. Елордалықтар матчты белсенді бастап, жылдам голды соғып үлгерді. Қарсылас айып алаңына оң қапталмен еніп кеткен Патрик Твумаси қақпаның дәл алдында тұрған Джордже Деспотовичке пас асырып, серб футболшысы допты торда тулатты. Осыдан кейін «Астана» футболшыларында шабуылды ойлар шама болмады. Уақыт ұзатпай есепті жылдам теңестіруге ниетті еді гректер. Пирейдегі матчта қос доп тоғытқан Себада тамаша мүмкіндік болғанымен, Абзал Бейсебеков қақпаны голдан құтқарды. Алайда, екі апта бұрын жат жерде сыр берген сол қанат бүгін де «өз сөзін» айтты. Сол қапталда қарсыласына өзін оңай алдап өтуге мүмкіндік беріп қойған Дмитрий Шомко айып алаңға әуелете асырылған пастың да жолына тосқауыл бола алмады. Ал, шебер асырылған пас Себаның басын тапты. Бразилия футболшысының тақыр басы мүлт кеткен жоқ. Допты Эрич қорғаған қақпаның оң жақ бұрышына бағыттап, есепті теңестірді. Қонақтардың келесі бір шабуылында Игорь Шитов автогол авторы атана жаздады. Тағы да сол қапталдан асырылған пасты тоқтатам деп, допты қақпаға бағыттап алды. Абырой болғанда футбол снаряды қақпа бағанасының жанынан өте шықты.
Екінші таймда Твумаси іске шындап кірісті. «Астана» сапында жеңісті ойлаған футболшы болса, ол осы ганалық аяқдопшы болар. Патриктің белсенді қимылдары қарсылас қақпасының алдында қауіпті сәттерді туғызып жатты. Бірінде ол асырған пасқа Кабананга жетпесе, тағы бір сәтте баспен ұрған добы қақпадан сәл қиыс кетті. Гректер де қарап қалған жоқ. Тыңнан қосылған Тарик Эльюнуссидің жүйіткіп өтіп алыстан бағыттаған соққысын Эрич қайтарып тастады. Келесі бір сәтте доп қақпа маңдайшысын тапты. Ойынның аяқ жағына қарай қонақтар ойында басым болды. Оны Стойловтың қарамағында ойынды күшейте алатын футболшылардың жоқтығымен де түсіндіруге болады. Төрешінің соңғы ысқырығы тең есепті тіркеді.
Еуропа лигасы. «B» тобы. 4-тур.
«Астана»(Астана, Казақстан) - «Олимпиакос» (Пирей, Грекия) - 1:1
Голдар: Джордже Деспотович 8 - Себа 30
Ескертулер: Юрий Логвиненко 52, Патрик Твумаси 57-Андреас Бухалакис 62
«Астана»: Ненад Эрич, Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко, Сергей Малый, Игорь Шитов, Дмитрий Шомко, Неманья Максимович, Серікжан Мужиков Патрик Твумаси(Геворг Наджарян 90+3), Жуниор Кабананга , Джордже Деспотович(Біржан Күлбеков 82)
«Олимпиакос»: Никола Леали ,Альберто Ботия (К), Андреас Бухалакис, Омар Элабделлауи, Андре Мартинш(Анастасиос Андруцос 90+1), Бруно Виана, Себа, Оскар Кардосо, Такис Рецос, Эстебан Камбьяссо(Жак Алаиксис Ромао 81), Гиоргос Мантатис(Тарик Эльюнусси 64)
Төреші: Орель Гринфилд(Израиль)
3-қараша. Астана. «Астана-Арена».
Ойынның статистикасы:
Соққылар: 8 — 14
Дәл бағытталған: 3 — 4
Бұрыштама: 3— 7
Офсайдтар: 5 — 0
Допқа иелік ету: 40 % — 60 %
Сары қағаз: 2— 1
Пастар: 187-324
Дәл пастар: 148-285
Пастың дәлдігі: 79 %-88 %
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |