Мешін жылы. Кімнің "аты озды", кімнің "тоны тозды"? ІІ бөлім
Роман Муртазаев
Биылғы жылдың ең үлкен жаңалығы осы Роман Мұртазаев екені сөзсіз. Қазақстан Ұлттық құрамасының жас шабуылшысы "Ертіс" жейдесін кигелі бері өзін гол соғудың хас шебері ретінде көрсете білді. Тіпті осы бір жылда соққан голдары Қарағанды қаласында төрт жыл жүріп соққан голынан көп. Роман 2012-2015 жылдар аралығында "Шахтер" сапында 84 ойынға қатысып, 14 гол соғып көзге түскен болатын. Ал, Павлодарға келгелі барлық турнирлерде 35 кездесуде алаңға шығып, өз еншісіне 19 гол жазып үлгерді. Бұның біреуін Қазақстан Кубогы аясында соқса, 18-ін Қазақстан чемпионатында соқты. Бұл көрсеткіш бойынша ол Премьер-лиганың үздік сұрмергені атанған Жерар Гоуға төрт гол ғана жетпей қалды. Бұл бар болғаны 23 жастағы жігіт үшін жаман көрсеткіш емес. Осы бағытынан танбаса, чемпионаттың үздік сұрмергені атануы да уақыттың ғана еншісіндегі іс деп білеміз. Осы керемет жетістігінен кейін ол Ұлттық құрамаға да тұрақты түрде шақыртыла бастады. Бірақ, әлі негізгі құрамда шығып, толыққанды өнер көрсете алған жоқ. Қазақстан жастар құрамасында тәп-тәуір өнер көрсеткен Роман алдағы уақытта бас командамызда да өзін оң қырынан көрсете алады деп сенеміз. Маусым соңында "Астана" сапына ауысты.
Азат Нұрғалиев
Азат негізі қазақ футболының ардагер ойыншыларының бірі. Жасы отыздан асып барады. Жасыл алаңда жүргеніне де он жылдан астам уақыт болды. Осы он жыл көлемінде мейлі қай команда да болмасын жап-жақсы өнер көрсетіп жүрді. "Ордабасы", "Тобыл" командаларының Азатқа айтар алғысы шексіз. Дейтұрғанмен, оның ең бір көсіліп шапқан жылы биыл болды. Орда бұзар жасында екінші демі ашылды дерсіз, клубтық деңгейде де, ұлттық құрамада да керемет өнер көрсете білді. Маусым соңына қарай сәл жарақат алып, шаршап қалды демесеңіз Азат Мәлікұлы үшін бұл жыл өте сәтті өтті. Өз мансабында тұңғыш рет бір маусымда оннан асырып гол соқты. Маусымды Шымкентте бастағанымен Астанада аяқтады. Екі команда үшін жиыны 13 гол соқты. 12-сі Қазақстан чемпионатында, ал бір голды Еуропа лигасына іріктеу турнирінде белоруссиялық БАТЭ-нің қақпасына дарытты. Ұлттық құрама қатарында да жасындай жарқылдады десек болады. Екі жолдастық кездесуде гол соқты. Әлем чемпионатының ірктеу кезеңінде де бас командамызға көп көмектесті. Футболшының осы жеткен жетістіктеріне қуана отырып, осы деңгейінен бір сәтте төмендемеуінен үміт күтеміз.
Елдос Ахметов
Талантты футболшыларды тәрбиелеп шығаратын Тараз футбол мектебінің тағы бір түлегі Елдос Ахметов үшін де биылғы жыл сәтті өтті. "Астана" сапында көбінде қосалқы құрамда қалып, өзін көрсететін мүмкіндік таппай жүргенде "Ертіс" командасына қайта оралғаны өте дұрыс қадам болды. Павлодарлық командамен бірге Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанумен бірге, өзінің қазақ футболындағы ең мықты қорғаушылардың бірі екенін дәлелдеп үлгерді. Шынымен де осы маусымнан кейін жанкүйер қауым да, футбол мамандары да Елдостың еліміздегі жақсы қорғаушы екеніне сене бастады. Демек, Елдос өзіне берілген мүмкіндікті жақсы пайдалана білді. Енді осы бағыттан таймаса жасы 26-ға енді толған қорғаушы үшін кем дегенде тағы он жыл жоғары деңгейлі командаларда өнер көрсетуіне әбден болады. Негізі бұл жыл Елдос үшін тым жеңіл болған жоқ. Маусым ортасында "Жетісуға" қарсы кездесуде ауыр жарақат алып қалды. Бірақ, қайсар қорғаушы жарақатынан айыға сала, сол бұрынғы бабын қайта таба білді. Жоғары деңгейде бастаған маусымын жоғары деңгейде соңына жеткізе білді. Польшаға қарсы өткен кездесуде Роберт Левандовскиге қарсы қандай өнер көрсеткені бәріміздің есімізде. Әлемінің үздік шабуылшысымен тең дәрежеде иық тіресе ойнаған болатын. Ойын алдында "Баварияның" хас мергені қиыр шығыстағы Қазақстаннан дәл осындай қорғаушы шығып, аяғымды тұсайды деп сірәда ойламаған болар. Маусым соңында "Қайрат" командасымен үш жылдық келісім-шартқа отырды.
Серікжан Мужиков
Серікжан да өте талантты футболшылардың бірі. Сонау "Жетісу" командасының намысын қорғап жүрген кезінде-ақ өзін жақсы қырынан таныта білген. Бірақ, оның жалпы қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныла бастаған сәті былтыр "Астана" командасына қайта қосылған кезінен басталды. Деседе, былтыр "Астана" сапында Бауыржан Джолчиев, Фокси Кетевоама сынды футболшылардың негізгі рөл ойнауы себепті ол кейде қосалқы құрамда қалып жүрді. Ал, биыл сол Фоксидің кетуімен команда шабуылын ұйымдастыру тізгінін Серікжан өз қолына алды. Әрі жанкүйер қауымның үмітін жерде қалдырған жоқ. Өзінің керемет талантымен, көшбасшылық қабілетімен команда сапындағы ең маңызды ойыншылардың біріне айнала білді. Осы маусымда "Астана" сапында ең көп голдық пас шығарған футболшылардың бірі осы - Серікжан. Клубта ғана емес, Ұлттық құрма қатарында да өте жоғары деңгейлі ойын көрсетіп жүр. Әсіресе, Бауыржан Исламхан екеуінің жұбы бас командамыздың шабуылдарына қан жүгіртетін қолқа тамыр екенін бәріміз байқадық. 27-жастағы жартылай қорғаушы келесі маусымдарда да қазақ футболын өрге сүйрейді деп сенеміз.
Самат Отарбаев
Осы маусым Самат Отарбаев мансабындағы ең толық қанды өткізген маусымы саналады. Себебі, осыған дейін ол көбіне екінші, үшінші қақпашының міндетін атқарып келген. Биыл "Ақтөбе" сапында өткізген сәтті маусымы оны бірден еліміздегі мықты қақпашылардың қатарына қосты. Бұл жыл Самат үшін үлкен тәжирбие жинау орайы болды. Биыл Премьер-лигада 28 мәрте алаңға шықты. Бұл көрсеткіш оның осының алдындағы жылдарда Премьер-лигада өткізген кездесулерінің жалпы қосындысынан да көп. Бұдан бөлек, Еуропа лигасына іріктеу кезеңінде де екі ойын өткізді. Өз қақпасына 42 гол өткізіп алғанымен, бұл оның нашар ойнағанынан дерек бермейді. Қанша дегенмен биылғы "Ақтөбе" командасы сәл әлсіз, сондықтан әр ойында орта есеппен 1,39 гол жіберу аса нашар көрсеткіш емес. Саматты маусымды жақсы өткізген ойыншылар тізіміне қосқанымызға "Ақтөбе" командасының әр кездесуін өткізбей тамашалап жүрген жанкүйерлер келіседі деп ойлаймыз.
Ғафуржан Сүйімбаев
Құрамы мықты, бюджеті де жақсы, чемпионаттың жүлдесінен үмітті "Ордабасы" командасы маусым ортасында оңбай қателесті. Ең мықты екі ойыншысы - Азат Нұрғалиев пен Ғафуржан Сүйімбаевты жіберіп алды. Сөйтіп, "Астана" мен "Қайрат" құрамаларының жыртығын жамады да, өздері "жалаңаш" қалды. Сол Ғафуржан Алматыға келген соң да білгенінен жаңылған жоқ. Керемет маусым өткізді. Жасыл алаңның сол қапталында тек қорғанысқа ғана емес, шабуылға да жиі араласып, команданың сол жақ қанатын алынбас қамалға айналдырды. Шеберлігі шыңдалған, жылдамдығы көз ілеспес, соққысы сұрапыл Сүйімбаев "Қайрат" командасының ғана емес, ұлттық құраманың да намысын қорғауға лайық футболшы екенін өнерімен делелдеп жүр.
Көрерменнің қошеметіне бөленіп, аянбай еңбек еткен әр футболшы құрметке лайық. Біздің жазғымыз келгені биылғы жылы бұрындармен салыстырғанда сәтті өнер көрсетіп, жанкүйер қауымды жалт қаратқан футболшылар болатын. Әр жылдарда жасындай жарқылдап көпшіліктің көз қуанышына айналған Бауыржан Исламхан секілді ойыншыларды жазуды мақсат еткен жоқпыз. Жоғарда аталған футболшылардан бөлек бір-екі жыл өзін жоғалтып алып, осы жылы қайта бабын тапқан Сергей Хижниченко (Тобыл), Марат Хайруллин (командасыз) қатарлы ойыншыларды атауға болады. Жылдан-жылға жақсы өсіп келе жатқан, Әлішер Сүлей (Тараз), Григорий Сартаков (Ертіс) сынды жас жігіттерді де қосуымызға мүмкіндік бар. Бұрындары есімі көп естілмеген, тек осы маусымда ғана жоғары лигада, жоғары деңгейде өнер көрсеткен Алтынбек Сапаров (Атырау), Эльдар Абдрахманов (Ақжайық) секілді тың есімдерді де айтуға болады.
Қуаныш ҚАППАС
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |