Кеншілер кесапаты
Команда басшылығы жиі ауысып, ұжымның ішкі берекесі кетті. Оған облыстық спорт басқармадағы берекесіз жұмыстар әсерін берді. Облыс басшылығы да ауысты. Команданы жақсы деңгейге көтерген басшылардың соңына қаржы полициясы майшам алып түсті. Еуропа лигасында өнер көрсеткені үшін команда нақтыланбаған ақпарат көздерінің айтуынша 2 миллион еуродай қаржы алған. Сол ақшаның қайда және кімнің қалтасына кеткені әлі күнге дейін белгісіз.
2014 жылдың маусымы сәтсіз өткеннен кейін команда басшылығы өзгеріп, футболшыларды баптайтын жаңа бапкер шақыртылды. Ол Қазақстан футболын жақсы білетін мамандардың бірі Владимир Чебурин болды.
Осы аралықта команданы негізгі футболшылардың біразы тастап кетті. Александр Симчевич, Гедеминас Вичюс, Мақсат Байжанов, Рохер Каньяс секілді негізгі ойыншылар өзге командаларға кетті. Қаржылық жағдай әлсіреп, команда негізгі ойыншыларын жоғалтқанымен қоймай, олардан қалған футболшылардың өзі ауыр жарақатқа ұшырады. Әсіресе, қорғаныс шебіндегі жігіттер. Никола Василевичтің ортадағы ойынына зәру болған команда орталық қорғанысқа бірнеше ойыншыны амалдап, ауыстырып қойып жүрді. Ол аз болғандай маусым басында «Шахтердің» негізгі қақпашысына айналған Александр Мокин де жарақат алды.
Чемпионаттың алғашқы турын Таразда тең ойынмен бастаған кеншілер болашаққа сенді. Жаңа бапкер, жаңа легионерлер команданы қайта тірілтер деп сенді жанкүйерлер де. Бірақ, осы жалқы ұпайдан кейін қарағандылықтар тек 6-шы турда ғана жеңіске жетті. Одан кейінгі ұпайды «Шахтер» араға екі жарым ай салып, бір-ақ көрді. Өз алаңында бұл жолы олар қостанайлық «Тобылды» жеңді. Одан кейін команда сыртта талдықорғанның «Жетісуына» 3-0 есебімен ойсырай жеңілді.
Осы арада команданың бас бапкері Чебуриннің команданы алға сүйрей алмасы анықталды. «Шахтер» турнирлік кестенің түбіне түсті. Чебурин әкелген Никола Покривач командадан кетті. Хорватиялық футболшы жасыл алаңда көп қателесіп, команда ойынын құрта берді. Педро Петрацци, Геворг Наджарян секілді ойыншылар да командаға көп көмек көрсете алмады.
Геворг Наджарян туралы әңгіме бөлек. Қарағандылықтар «Астанаға» қарсы өткен ойында Михрет Топчагичтің арқасында гол соқты. Сол матчта керемет пасымен көзге түскен Геворг өзін бірден мықты ойыншы болатынына сендірді. Кезінде мәскеулік ЦСКА сапында оқу-жаттығу жиындарында болған Наджарян қазақстандық командалар сапында өсіп-өнуді көздеуде. Ұзынқұлақ айтуы бойынша жас таланттың футбол клубымен арадағы әңгімесі келіспегеннен кейін, «Шахтермен» келісім-шартты үзіскен. Енді міне, осы жақында ғана «Астана» командасының «Галатасарайға» қарсы өткізген ойынында Геворг елордалық команда сапында жаттығу жүргізген. Демек, келер маусымды бұл талантты ойыншы «Астана» сапында бастайды деген сөз.
8-ші турда қарағандылықтар өз алаңында Павлодардың «Ертісімен» тең түсті. Осы кезде қоржынға бір ұпай түсті. Ал келесі ұпайды кеншілер қашан алды дейсіздер ғой? Араға екі ай салып 17-ші турда. Ол кезде «Шахтер» «Оқжетпесті» 3:0 есебімен ойсырата жеңді. 21-ші турда кеншілер кері кеткен жағдайды қалпына келтіре бастады. Турнирлік кестенің түбіне түскен олар сырт алаңда «Ақтөбені» жеңіп, кішігірім сенсация жасады. Осы ойыннан кейін футболшылар өз күштеріне сене бастағандай, арт-артынан ұпай ала бастады. Бұл арада команда бапкері ауысып Чебуриннің орнына Игорь Захаряк келіп алған болатын.
«Тараз» сапында ойнайтын голландиялық жас ойыншы Десли Уббинк «Шахтерге» ауысты. Сонымен қатар, «Атырауда» көзге түскен Айбар Нұрыбеков те кеншілерге келіп қосылды. Екінші алтылықтағы жағдайды реттеу үшін команда негізгі бәсекелестермен күресе бастады. 25-ші турда талдықорғандық «Жетісуды» жеңгеннен соң, сырт алаңда «Қайсардан» ұпай алынды. Ал 29-шы турда сырт алаңда Андрей Карпович соққан доп қарағандылықтар үшін «Жетісудан» басым түсуге жеткілікті болды. Осындай жеңістердің арқасында команда соңғы орыннан құтылып кетті. Ал 30-шы турда өз алаңында «Таразды» 3:0 есебімен жеңіп, тіпті 11-ші орыннан да бір саты көтеріліп кетті. Әйтпегенде, кеншілер «Астана-Арена» стадионында келер маусымда премьер-лигада өнер көрсетуге рұқсат беретін матчқа қатысар еді. Ол ойында «Шахтер» өскеменнің «Востогын» жеңе алар ма еді, оның өзі үлкен сұрақ. Сондықтан да, команда соңғы турларда бір қиындықтан қарғып шықты десек те болады.
Маусым басынан-ақ командаға қаржы дер кезінде құйылмай, команда басшылығы жиі тексерістерге ұшырап, ұжым ішіндегі береке кете бастады. Осының барлығы да командаға кері әсерін бергені анық. Футболшылар үш ай шамасында жалақы ала алмай, қиын кезеңдерді бастан өткерді. Осы мәселелер маусым соңына қарай шешіліп, жағдай реттеліп кетті. Енді басталған жақсы істер келер маусымда да жалғасын таба жатар деген сенімдеміз. Келер маусымға дайындықты команда тамаша көңіл-күймен бастап, жаңа футболшылар алса, 2016-жылғы маусымда ұжым қайта түлеп шығар.
Ермұхамед МӘУЛЕН
фотолар vesti.kz, sports.kz, sports.ru және "Шахтер" ФК сайттарынан алынды
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |