Кубокта кімнің бәсі жоғары?
«Қайрат» биылғы маусымда ең көп гол соққан команда. Ел біріншілігінде 75 доп соққан алматылықтар қарағандылық «Шахтерге» қарағанда тура 50 гол артық соққан. Кахабер Цхададзе ұжымында Жерар Гоу 22 гол, Бауыржан Исламхан 17, Аршавин 8 гол соқты. Кот-д'Ивуарлық шабуылшы биыл да 22 гол соғып, өткен жылғы жетістігін қайталады. Бұл ойыншы финалдағы ең қауіпті, әрі гол соғуы мүмкін ойыншылардың қатарында. Енді мына төмендегі фотоға зер салып өтсек.
Гоу 22 голдың басым көпшілігін оң аяқпен салыпты. Ал, дәл «Астанаға» ол біріншілік барысында 2 гол соққан. Бұл командалардың арасындағы соңғы ойында ол пенальтиден мүлт кетті.
Екінші бір қауіпті ойыншы ол - Бауыржан Исламхан. Оның пастары мен айып алаңына дриблинг жасап еніп кіретіні бәрінен қорқынышты. Ал, келесі маусымға келісім-шартын ұзартқан Аршавиннің «аузы жесе де қан, жемесе де қан». Қазақстан Кубогының 7 дүркін иегері «Қайрат» финалдың анық фавориті деуге болады. Командада жарақат алған негізгі құрам ойыншылары аз. Белгілі себептерге байланысты финалға Станислав Лунин (жарақат), Ермек Қуантаев (жарақат), Владимир Плотников (жарақат), Бруно Соарес (тізімнен уақытша шығарылған), Бауыржан Тұрысбек (ескертуге байланысты), Гаэль Тавамба (командадан кетті) қатыспайды. Ұлттық құрамаға тек Стас Покатилов, Бауыржан Исламхан, Гафуржан Суюмбаев қана шақырту алды.
Ал, «Астанада» ондайлардың қарасы көп. Асхат Тағыберген, Азат Нұрғалиев, Агим Ибраими, Абзал Бейсебековтер ақтық матчқа жарақаттарына байланысты қатыспайтын секілді. Сонымен қатар, Марин Аничичтің де иығында жарақаты бар екен. Емделіп, ойынға қайта араласып жүрген Таңат Нүсербаевтың жайы белгілі. Джуниор Кабананга, Неманья Максимович, Игорь Шитовтар ұлттық құрамаларына барып қайтты. Ешқандай құрамаға ойнамай, тың қалыпта жүрген тек Ненад Эрич, Александр Мокин, Рохер Каньяс, Патрик Твумаси, Джордже Деспотович. Ал, Дмитрий Шомко, Серікжан Мужиков, Юрий Логвиненко, Сергей Малый секілді ойыншылар Данияға Қазақстан Ұлттық құрамасымен сапар шекті.
Екі команда финалға дейін қалай жеткенін де бір еске түсіріп көрсек. «Қайрат» 1/8 финалда «Шахтерді» 4:0 есебімен жеңсе, елордалық ұжым «Астана-Аренада» «Каспийді» 1:0 әрең ұтты. Келесі айналымда алматылық команда сыртта «Жетісуды» 2:0 жеңді. Ширек финалда «Астана» Петропавлда «Қызылжардан» 3:2 есебімен басым түсті.
Жартылай финалдық ойындардан бастап командалар қос матч қорытындысы бойынша жеңімпазды анықтайтын болды. Павлодарда 2:1 есебімен жеңіске жеткен Станимир Стойлов шәкірттері өз алаңдарында 5:3 есебімен жеңіс тіркеді. Ал, «Қайрат» өз алаңында «Атырауды» 1:0 ұтып, сыртта тіпті 3:0 қылды.
Енді қызықты қараңыз. «Қайрат» жалпы финалға дейін 4 ойын өткізді. Сол ойындарда 10 гол соққан. Және қақпасына бірде бір гол жібермеген!
Ал, «Астана» болса 4 ойында 11 гол соғып, қақпасына 6 доп жіберіпті. Командадағы үздік мерген, 3 доптың авторы атанған – Джордже Деспотович.
Ермұхамед МӘУЛЕН
(фото авторы Серік Қантаев)
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |